Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ШҚО-да өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретуге ерекше көңіл бөлінеді

17 September 2021 02:00

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретуге ерекше көңіл бөлінеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО әкімдігінде өткен жиналыс барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы талқыға салынды.

«Мемлекет басшысы қазақ тілін насихаттап, елдің мәдени-тарихи мұрасын зерделеп және тиімді пайдалану қажеттігін айтты. Өңірімізде өзге ұлттарға қазақ тілін үйретуге ерекше көңіл бөлінеді. Осы мақсатта Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйлері, «Возрождение» тіл мектебі, лингвистикалық кабинеттер жан-жақты жұмыс жүргізуде», - деді аймақ басшысы Даниал Ахметов.

Оның айтуынша, өңірде «Ситуациялық қазақ тілі» жобасы іске асырылуда. Бұл ауызекі тілді үйренудің ең қарапайым және тиімді тәсілі болып отыр.

«Археологиялық зерттеулер бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастырамыз. Осының арқасында белгілі археологтар Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаев сенсациялық ашулар жасауда. Бірегей артефактілеріміз бен археологиялық олжаларымызды халықаралық деңгейге шығаруға дайынбыз. Осы жылдың 28 қыркүйегінен бастап 2022 жылдың 30 қаңтарына дейін «Ұлы дала алтыны» көрмесі Ұлыбританиядағы Кембридж университетіне қойылатын болады. Бұл Қазақстанның тарихи мұрасын ілгерілетудегі маңызды қадам», - деді Даниал Ахметов.

Сонымен қатар 3 томдық «Шығыс Қазақстанның ежелгі дәуірі» және «Қазақстан тарихы» монографияларын басып шығаруға дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Up