Weather
Нур-Султан +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Шығыс Қазақстанда мемлекетаралық іздеуде жүрген екі қылмыскер ұсталды

16 May 2022 21:48

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданында мемлекетаралық іздеуде жүрген екі ер адам құрықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, аудандық ПБ криминалдық полиция бөлімшесінің қызметкерлері Айбек Түсіпханов пен Диляра Камитова мемлекетаралық іздеуде жүрген екі қылмыскерді анықтады.

29 және 30 жастағы облыс тұрғындары бұған дейін сотты болған.

«Сот үкімі бойынша екеуіне бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған. Алайда сотталғандар пробация қызметіне міндетті тіркеуге келмеген. Олардың қайда екенін анықтау бойынша жүргізілген алғашқы іздестіру шаралары нәтиже бермеді. Сондықтан оларға мемлекетаралық іздеу жариялау туралы шешім қабылданған», - делінген хабарламада.

Көп ұзамай іздестіру жұмыстары оң нәтиже берді. Сотталғандардың бірі Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданы Верх-Уба ауылында ұсталды.

Сақшылардан жасырынған екінші адам Алтай қаласынан табылды.

«Полицейлерге іздеуде жүрген азамат туысының үйінде жасырынып жүргені туралы жедел ақпарат келіп түскен. Ұсталған кезде ер адам әжесінің шкафында жасырынып отырған. Қазіргі уақытта екеуі де изоляторға қамауға алынды», - делінген ақпаратта.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ШҚО-да шомылу маусымы басталмай тұрып 3 адам суға кеткенін хабарлаған едік.


Up