Weather
Нур-Султан +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Шымкенттік зиялы қауым: Халықтың бар үміті – жаңа үкіметте

17 January 2022 14:50

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Жаңа үкіметтен халықтың күтер үміті көп. Шымкент қаласының зиялы қауым өкілдері мен қоғамдық ұйым мүшелері осылай дейді.

Жергілікті «Оңтүстік» телеарнасында өткен «Көзқарас» ток-шоуында ҚР Парламенті Мәжілісінде Президенттің ел үкіметіне жүктеген тапсырмаларының барысы талқыланды.

«Жаңа үкіметтен халықтың күтіп отырған үміті көп. Бәріміз соған сеніп отырмыз. Шын мәнінде халық үніне құлақ асатын үкімет ретінде қалыптасуы қажет. Ол үшін ең алдымен сараптау және болжау бағыты күшейеді деп ойлаймын. Содан кейін халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсатуға бағытталған нақты қадамдар жасалады», - дейді Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов.

Сондай-ақ, ол Мемлекет басшысы халықтың көкейінде жүрген мәселелерді дөп басып айтқандығын жеткізді.

«Бұл да болса Президенттің ел ішіндегі мәселелерден толық хабардар екендігін көрсетеді. Шекарадағы жағдай, утиль алымы, LRT ісі халықтың ызысын келтіріп жүрген болатын. Президент қыркүйек айында үлкен саяси реформалар мен әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа формасын талқыға шығаратынын айтты. Сондықтан ел ішіндегі ынтымағымыз бен бірлігімізді сақтайық. Алдағы уақытта барлық мәселе шешіледі» - дейді ол.

Сондай-ақ, Бахадыр Нарымбетов үкімет мүшелері жайында желіде тарап жатқан сөздерге де жауап берді.

«Үкімет деген - үлкен кеме. Ең бастысы кемеңгер кеменің бағытын өзгертті. Енді ол жерде су шашушы, тамақ істеуші, желкенді көтеруші, ескек есушілердің барлығы бұрыңғы болса да, олардың бағыты өзгерді. Барлығын өзгертіп «алтын басты» адамды қойса да, оның бағыты өзгермесе қиын. Сондықтан біз осы үкіметпен біраз биіктерге жетеміз» - деді ол.

Ток-шоуда Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев жаңадан тағайындалған министрлердің болашағынан үлкен үміт күтуге болатындығын жеткізді.

«Басым көпшілігі - шетелде білім алған, көргені мен көрегендігі жоғары азаматтар. Жаңа технологияны жақсы түсінеді. Барлығына көңілім толады. Сенім артуға да болады» - деді ол.

Ал, М.Әуезов атындағы ОҚУ проректоры, саясаттанушы Сәкен Мәжінбеков әлеуметтік әділетсіздік мәселесі қолға алынса, халықтың әл ауқаты мен тұрмыс жағдайы дұрысталатынын айтып өтті.

Қоғам қайраткері Әбілқасым Досболов шағын және орта бизнесті дамытуға басымдық беру керектігін жеткізді.

Ток-шоуда тұрғындар тарапынан «азық-түлік бағасының қымбаттығы, жәрдемақы мен зейнетақының аздығы жөнінде сұрақтар қойылды. Сондай-ақ, орамды ойлар да ортаға салынды.


Up