Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да Қарттар күніне орай зейнеткерлерге отын, азық-түлік, дәрі-дәрмек таратылады

28 September 2021 13:22

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 104 мыңнан астам зейнеткер бар, оның 23-і Ұлы Отан соғысының ардагері, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да Қарттар күніне орай бірқатар іс-шара қолға алынбақ. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізовтің айтуынша, ең алдымен мұқтаж зейнеткерлерге отын-көмір түсіріліп, азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Қарттарды қолдау айлығы аясында әр демалыс күндері ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жәрмеңкесі ұйымдастырылмақ.

«Қарттарымызға жыл бойы құрмет көрсетілсе де болар еді. Айлық аясында оларға барынша қолдау көрсетуге тырысамыз. Медицина мекемелері ашық есік күндерін ұйымдастырады, жүре алмайтындарына үйлеріне барып қызмет көрсетеді. Қазір өңір бойынша Смирнов пен Тайыншада екі қарттар үйі бар. Сонда барып, қолдау көрсетуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ биыл тек бірінші қазан – Қарттар күні ғана емес, зейнеткерлерімізге ай бойы қоғамдық көлікте тегін жүруді ұйымдастыруға қалалық әкімдікке ұсыныс бердік», - дейді СҚО Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов.

Биыл санитарлық талаптарды сақтай отыра ұжымдарда мерекелік іс-шаралар да ұйымдастырылмақ, мүгедек, зейнеткер адамдарды әлеуметтік қорғауда белсенділік танытып, қайырымдылық көрсетіп жүрген адамдар да марапатталмақшы.

«Өкінішке қарай ардагерлеріміздің қатары күннен-күнге сиреп барады. Биыл Жеңіс мерекесін Екінші дүниежүзілік соңыстың 52 ардагері қарсы алса, бүгінде олардың саны екі есе азайған. 23 ардагердің 19-ы Петропавлда, 4-уі аудандарда тұрып жатыр. Бізде 5 мыңнан артық тыл еңбеккері бар. Оның 137-сі орден-медальдармен марапатталған. 670-тен астам Ауған соғысының ардагері бар. Жалпы облыста 104 мыңнан астам зейнеткер бар», - дейді Ескендір Елеусізов.


Up