Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-дағы ірі комбинат өз жұмысшысының отбасындағы дүниеге келген әр балаға қомақты қаражат төлейді

4 December 2021 15:13

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы еліміздің ең ірі Обухов кен-байыту комбинаты өз жұмысшыларына тұрақты әлеуметтік қолдау көрсетуді жолға қойған. Соның бірі кәсіпорын өз жүмысшыларының отбасында дүниеге келген әрбір балаға қомақты қаражат төлеп келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Обухов кен-байыту комбинатының жұмысшысы Бейбіт Исабаев осы кәсіпорында үш жылдан бері жұмыс істейді екен. Оның жақында ғана әке атанып, дүниеге үшінші сәбиі келген. Отбасының осынау қуанышына Обухов кен-байыту комбинаты үлкен қолдау көрсетіп, үш миллион теңге қаржылық көмек аударған екен. «Өткен айда қызым дүниеге келді. Компанияның біздің отбасымызға осындай қомақты қаражат аударып, көмек көрсетуі қуанышымызды еселеді. Мен бұл үшін алғысым шексіз», – дейді Б. Исабаев.

Айта кетерлігі, «Тиолайн» серіктестігіне қарайтын, жылына екі мың тоннадан астам концентрат өндіретін Обухов кен-байыту комбинаты өзін әлеуметтік жауапкершілігі жоғары мекеме ретінде танытуда. Компания аймақ халқының көпшілігін тұрақты жұмыспен де қамтыған. Сонымен қоса, жұмысшы отбасындағы дүниеге келген әрбір сәбиге қатысты көрсетілетін бұндай қаржылық қолдау комбинатта жарты жылдан аса жұмыс істеген қызметкердің бәріне де жасалады екен. Ең маңыздысы, бұнда әрбір балаға жеке, мәселен отбасындағы тұңғышы дүниеге келсе миллион теңге, екінші балаға – екі миллион, ал үшінші балаға – үш миллион теңге беріледі.

Комбинат басшылығы бұндай қаржылық қолдау Қазақстандағы бала туу санын көтеру мақсатында қарастырылып отырғанын алға тартады. Бұл ғана емес, кәсіпорын алдағы уақытта өз қызметкерлерінің балаларына арнап балабақша ашып, ең жақсы тәрбиешілерді соған тартпақшы. Ал кен орнында қазіргі күні 230 адам жұмыс істесе, оның барлығы жергілікті тұрғындар.

«Бізде бескүндік жұмыс бекітілген, сенбі, жексенбі демаламыз. Вахта бойынша істейтін жұмысшылар да бар. Айлығымызды уақытылы алып отырмыз, сыйақы да беріледі. Жалпы осы кәсіпорынның арқасында жағдайымыз жақсы», – дейді комбинаттағы зерттеуші–лаборант Гүлмира Абдуллаева.

Мекеменің дерегіне қарағанда қызметкерлердің орташа жалақысы 400 мың теңге. Әйтсе де айлық жалақы кен орнындағы концентрат өндірісінің көрсеткішіне байланысты болып табылады. Жоспар бойынша ұжым жылына 2200 тонна цирконды концентрат өндіруі керек. Бұл өнім электроника, авиатехника өндірісіне пайдаланылады. Серіктестік өздері өндірген өнімді толықтай экспорттайды, өйткені, елімізде концентратты өңдейтін зауыт жоқ. Сонымен қатар, кәсіпорынның өзекті мәселесінің бірі білікті кадр жетіспеушілігі. Осыған баса назар аударылып келеді.

«Біз қызметкерлердің оқуына өзіміз қаржы құямыз. Қазіз оншақты адам оқып жатыр, арасында жастар, ауыл тұрғындары бар. Мәселен, біздің қолдауымызбен былтыр бірқатар жастар университет бітірсе, бірқатары колледжге түсті. Біз сондай ақ, олардың магистратура мен докторантурада білімін жалғастыруына қолдау жасайтын боламыз», – дейді серіктестіктің атқарушы директоры Төрехан Алмасбаев.

Жалпы серіктестік өз қызметкерлеріне көмектесіп қана қоймай, қайырымдылық акцияларына да белсене қатысады. Мысалы, кәсіпорынның қолдауы арқасында соңғы бірнеше жылда бес отбасы баспаналы болды. Баспанамен қамтылған бір отбасы комбинатқа жұмысқа да тұрған.


Up