Weather
Нур-Султан +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Талдықорғандағы жаппай тәртіпсіздік кезінде Кербұлақ ауданының 6 тұрғыны қару ұрлаған

19 January 2022 12:25

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат- Алматы облысындағы Кербұлақ ауданының тұрғындары қаңтар айының басында Талдықорған қаласында орын алған жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген күдікпен ұсталып, уақытша қамаққа алынды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жедел іздестіру шаралары барысында қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 1989 жылы туған тұрғын ұсталды. Тәртіп сақшылары келтірген айғақтардан кейін ол тәртіпсіздік кезінде заңсыз алып кеткен қару жарақтарын қайтарып, сыбайластарының жеке тұлғаларын айқындап берді»,- деді Кербұлақ ауданы ПБ бастығының орынбасары полиция майоры Алмас Бекиев.

Ұсталған тұрғынның айтуынша, ол таныстарымен бірге Талдықорған қаласындағы бейбіт шеруге қатысуға барған. Сол түні болған жаппай тәртіпсіздік кезінде күдіктілер белгісіз адамдардан Калашников автоматын, Макаров тапаншасын және олардың оқ-дәрілерін алып, көліктеріне салып қойған. Сонымен қатар, олар мекемелердің бірінен автокөліктің 4 дана дөңгелегін олжалаған. Заңсыз тапқан дүниелерін сыбайластар өзара бөлісіп алған.




«Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. 6 тұрғын қылмысқа қатысы бар деген күдікпен уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Олардан тәртіп сақшылардан қолды болған автомат пен тапаншалар, олардың оқ-дәрілері, көлік дөңгелектері тәркіленіп, іс материалдарына айғақзат ретінде тіркелді»,- деп толықтырды полиция майоры Алмас Бекиев.

Тәртіп сақшылары тергеу барысында күдіктілердің әрекеттерін және олардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы барын анықтайтын болады. Сонымен қатар, олар қандай мақсатта атыс қарулары мен оқ-дәрілерін иемденіп, алып кеткенін тексереді.


Up