Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Тәуелсіздік құрдасы: Ақмолалық тұрғын киім тігіп, бизнесін дамытуда

6 December 2021 20:40

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда Ақмола облысында ел Тәуелсіздігінің құрдастары түрлі мамандықтарды игеріп, еліміздің гүлденуі мен дамуына еңбек етуде. Олардың қатарында Астрахан ауданының тұрғыны, жас кәсіпкер Айсұлу Өмірзақ тапсырыс бойынша киім тігіп, бизнесін дөңгелетіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ішкі саясат басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, Айсұлу жастайынан өзге қыздар сияқты үйінде киім тігіп, тоқумен айналысты. Ер жеткенде киім тігу бойынша өзінің жеке кәсібін ашуды армандады. Арманы оны адастырмады. Бала кезден тәжірибе жинаған ол, есейе келе достары мен таныстарына тапсырыс бойынша жаңа киім тігіп немесе ескісін жаңартып беріп жүрді.




«Мен әрқашан киім тігу бойынша бизнес ашып, идеямды одан әрі дамытқым келді. Міне, осы жоспарды 30 жасқа толғанымда жүзеге асыра алдым», - деді Тәуелсіздік құрдасы.

Айсұлу бизнесіне мықтап кіріспен бұрын алдымен Кәсіпкерлер палатасының Астрахан аудандық филиалына жүгініп, кеңес алған. Онда «Бастау Бизнес» жобасы бойынша арнайы курстан өтіп, сертификат алып шығады. Кейін жеке киім тігу, киімді қалпына келтіру бойынша өзінің бизнес-жоспарын қорғап, 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қажетті грант алып, жабдық сатып алады.

Осылайша, қазір ол аудан орталығында үй-жайды жалға алып, өзінің сүйікті ісімен айналысуда. Айсұлудың айтуынша, матаға өрнектер мен жазуларды түсіру клиенттер арасында ерекше сұранысқа ие.

«Менің арманым еліміз Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы жылы жүзеге асырылғанына өте қуаныштымын. Барша қазақстандықты осы мерекемен құттықтаймын. Біздің Қазақстанымыз дамып, нығайып, гүлдене берсін», - деп түйіндеді Айсұлу Өмірзақ.


Up