Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Теннис: Александр Бублик Мадрид мастерс турнирінің ширек финалына шықты

6 May 2021 16:33

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Александр Бублик Мадрид мастерс турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 27-ракеткасы, ресейлік Аслан Карацевпен күш сынасты.

Бірінші партияда есеп 4:3 болған мезетте А.Бублик үш бірей брейк-пойнтын пайдалана алмады. Дегенмен сетболда мұндай мүмкіндікті мүлт жіберген жоқ – 6:4.

Екінші сетте әуелі А.Карацевтің брейк жасайтын мүмкіндіктері болғанымен, оған Бублик жол берген жоқ. Есесіне есеп 2:1 болған мезетте қазақстандық спортшы брейк жасай алды. Сосын өз геймін алып, есепті 4:1-ге жеткізді. Ақыры матчты эйспен бітірді – 6:3.

А.Бублик 1 сағат 15 минутқа созылған матч барысында 14 эйс жасады.

А.Бублик биыл осымен екінші рет мастерс турнирінің ширек финалына шығып отыр. Бұдан бұрын Майамиде де осындай табысқа қол жеткізген еді.

Қазақстандық теннисші жүлде қоры 2,6 млн еуродан асатын айтулы жарыстың жартылай финалына шығу үшін әлемнің 5-ракеткасы, грекиялық Стефанос Циципас немесе рейтингте 22-сатыдағы норвегиялық Каспер Руудтың біреуімен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Мадрид мастерс турнирінің үшінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ А.Бублик жұптық сында да қадамын сәтті бастады.


Author Елжан Ералы
Keywords: Спорт,
Up