Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Токио-2020: Медальдар кестесінде Қазақстан нешінші орында тұр

25 July 2021 20:10

ТОКИО. ҚазАқпарат - Жапония астанасы Токио қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында 25 шілдедегі медальдар есебі жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, қазір Қазақстан құрамасының қоржынында қос қола медаль бар.

Алғашқысын 24 шілдеде дзюдошы Елдос Сметов алса, екіншісіне бүгін, 25 шілдеде ауыр атлет Игорь Сон қол жеткізді.

Осылайша екі медаль алған ел құрамасының жалпы командалық есепте қай орынға жайғасқаны белгілі болды.

Қазірге дейін 40 мемлекеттен келген спортшылар бірталай медальға қол жеткізіп үлгерді.

Олардың арасында 2 қола медаль алған Германия, Түркия, Украина құрамалары 31-34 орындарды өзара бөлісіп тұр. Қазақстан 31-орынды еншілеген.

Медаль алу жөнінен Қытай көш бастап тұр. Оның еншісінде 6 алтын, 1 күміс, 4 қола медаль бар.

Токио Олимпиадасынан 25 шілдеде медаль алған ел құрамаларының алғашқы ондықтағы кестесі төмендегіше:

1. Қытай - 6-1-4

2. Жапония - 5-1-0

2. АҚШ - 4-2-4

4. Оңтүстік Корея - 2-0-3

5. Ресей- 1-4-2

6. Италия - 1-1-3

7. Австралия- 1-1-1

7. Франция- 1-1-1

9. Венгрия - 1-1-0

10. Тунис - 1-1-0

Биыл дүбірлі додада 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Айтулы аламанға жер бетіндегі 206 мемлекеттен 11 мыңнан астам спортшы қатысуда.

Қазақстандық 97 спортшы күншығыс елінде спорттың 28 түрінен бақ сынайды.

Еске салсақ, Токио Олимпиадасы 23 шілдеде басталды. Ол 8 тамызда мәресіне жетеді.

Бұған дейін Қазақстан құрамасы алты Жазғы Олимпиадада бақ сынады. Жалпы алғанда 21 алтын, 28 күміс, 64 қола медаль алды.


Up