Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Түркістан облысында тауда жоғалған туристер өлімі бойынша болжамдар айтылды

23 June 2021 13:13

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысындағы «Сайрам-Өгем» шатқалында із-түзсіз жоғалып, мәйіттері табылған төрт туристің өліміне қатысты алғашқы болжамдар айтылды.

Оларды 28 күн бойы іздестірген өңірдің құтқарушылары мәйіттердің барлығы Өгем өзенінен шыққанын жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ТЖД бастығының орынбасары Ерік Сарыбаевтың айтуынша, жаяу жүріспен 2543 шақырым қаралса, әуеде тікұшақпен 16090 шақырым аумақта іздестіру шаралары жүргізілген. Сүңгуірлер Өгем өзенінің бойымен 22 шақырым жерді қарап шыққан. Нәтижесінде бірінші жігіттің мәйіті табылған жер мен екінші туристің мәйітінің арасы 6 шақырымды құраған. Ал, үшінші мен төртінші мәйіттің арасы 7 шақырым жерден асқан. Құтқарушылар алғашқы болжам ретінде төртеуі қол ұстасып, Өгем өзенінен бірге өтпек болған кезде суға ағып кетуі мүмкін дейді. Алайда судың екпіні тым қатты болғандықтан оларды ағысы алып кетуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Ал, екінші болжам ретінде олардың өзеннің тастар көп жататын жері Таскөпірден өтпек болған деп айтылуда. Алайда суда жатқан тастардың беті тайғақ болғандықтан бірі ағып кетіп, қалғандары құтқарамыз деп оқталған болуы мүмкін. Ал, үшінші болжам ретінде аюлардан қорыққан.

«Іздестіру барысында осы төңіректе аюларды өте көп кездестірдік. Бір жиырмадан аса аюды көрдік. Ал аюдың өзіне тән қасиеті - балалары үшін өте агрессивті болатын кез бұл. Мүмкін, бұл жігіттер өзенді бойлап жүрген кезде алдарынан аю шығып қалды ма. Содан қорыққанынан суға секіріп кетті ме деген жағдайларды қарастырдық», - дейді Ерік Сарыбаев.

Ал, іздестіру-құтқару жұмыстарына ТЖМ Алматы қаласындағы РЖҚЖ-ғы, Шымкент қаласы ТЖД, «Қазавиақұтқару» АҚ, Түркістан облысының ПД, «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің, еріктілер, Өзбекстан Республикасы ТЖМ, ҚР ҰҚК Төлеби шекара қызметі, ҚР ҰҰ 6506 әскери бөлімінің қызметкерлері жұмылдырылған.


Up