Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

UEFA Конференция лигасы: «Шахтер» жарысты жалғастырады

29 July 2021 22:05

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, 29 шілдеде UEFA Конференция лигасы екінші іріктеу сатысында қазақстандық «Шахтер» командасы Румынияның ФКСБ ( бұрынғы атауы «Стяуа») клубымен қарымта ойын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған клуб 1947 жылы құрылған. Команда1961-2017 жылдар аралығында «Стяуа» атауымен жанкүйерлерге жақсы таныс. Өз елінде 26 мәрте чемпион атанып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Биыл олар күміс жүлде алып, еурокубокта бақ сынауға жолдама иеленді.

Бір апта бұрын Румынияда өткен ойында ФКСБ «Шахтерден» 1:0 есебімен басым түсті. Сондықтан қазақстандық клуб екі гол айырмасымен жеңіске жету қажет болатын.

Ойынның бірінші кезеңінде Михаил Габышев 11-минутта есеп ашқан болатын. Бұдан кейін екі команда тарапына есепті өзгертетін мүмкіндіктер кездесті.

Екінші кезеңде румыниялық клубтан Флоринел Коман 76-минутта таразы басын теңестіріп кетті. Ал 91-минутта қазақстандық Айдос Тәттібаев қайтадан өзінің командасын алға шығарды. Кездесуде «Шахтер» қарсыласын 2:1 есебімен басым түсті. Екі ойынның нәтижесі осылайша 2:2 есебімен теңесті. Биыл сырт алаңда соғылған гол екеуге есептелетін ереже алынып тасталған болатын. Осылайша ойын овертаймға ұласты.

Овертаймда да жеңімпаз анықталған жоқ. Ойын соңынан кейінгі пенальтиде «Шахтердің» жолы болып, жарыстың үшінші сатысына жолдама алды.

Сондай-ақ, бүгін UEFA Конференция лигасы екінші іріктеу сатысында Қостанайдың «Тобылы» өз алаңында Хорватияның «Хайдукты» қабылдаса, елордалық «Астана» сырт алаңда Грекияның «Арис» командасымен жасыл алаңға шығады.

Енді «Шахтер» жарыстың үшінші сатысында Украинаның «Колос» командасымен кездеседі. Ойындар 5 және 12 тамыз күндеріне белгіленген.


Up