Weather
Нур-Султан +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Жамбыл облысында 93 мектептің оқушылары қашықтан білім алып жатыр

18 January 2022 08:53

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысындағы қалалар мен аудан орталықтарындағы білім алушылар саны 600-ден асатын бүкіл мектептер қашықтан оқыту форматына ауысты. Бұл туралы ӨКҚ баспасөз брифингінде аймақтағы білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозов баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысының бас мемлекеттік санитария дәрігерінің 2022 жылғы 17 қаңтардағы «Жамбыл облысы аумағында карантиндік шектеу шараларын қатаңдату туралы» №1 қаулысына сәйкес оқушылар санына қарамастан барлық ауылдық мектептер, сондай-ақ білім алушылар саны 600 оқушыға дейінгі қалалық мектептер штаттық форматта жұмысын жалғастыруда.

Оқытуды штаттық форматта ұйымдастыру кезінде «бір кабинет – бір сынып» қағидаты және санитариялық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталуда.

«Қашықтан оқыту форматына көшірілген барлық білім алушылар компьютерлік техникамен қамтылды. Жалпы өңірдегі 478 білім беру ұйымында 245 623 оқушы бар. 478 мектептің 330-ында 600-ге дейін, 148-інде 600-ден аса оқушы бар. Қазіргі таңда аудан орталықтары мен қалада орналасқан 93 мектеп қашықтан оқытуға жіберілді. Ондағы 1-2 сыныптар штаттық режимде оқиды. Яғни, 93 мектепте 122 905 оқушы болса, соның 84 252-сі қашықтан, 38 653-і штаттық білім алып жатыр», — деді басқарма басшысы.

Спикердің мәліметінше, 600 оқушыға дейінгі оқушылары бар қалған 385 мектеп штаттық форматта, санитарлық талаптарды сақтап жұмысын жалғастыра береді.


Up