Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жас маман: Алматы колледждерін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүруде

17 October 2021 23:41

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қала колледждерінде болып, «Жас маман» жобасының іске асырылу барысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жас маман» жобасы колледждерді заманауи жабдықтармен жарақтандырып, жаңғыртуға және жас мамандардың дағдыларын сұранысқа ие кәсіптер бойынша қалыптастыруға бағытталған.

Айта кетейік, аталған жоба аясында Алматыда мемлекеттік қолдау шараларымен 18 колледж қамтылды. Оған жоғары технологиялық инновациялық жабдықтар, техника мен компьютерлер сатып алынып, жеткізілді.
2021-2022 жылдары жоба шеңберінде кадрлар даярлауға мемлекеттік тапсырыс 11 405 орынға, оның ішінде «Еңбек» бағдарламасы бойынша 2500 орынға 48 колледжде орналастырылды.
Өткен жылы 11 219 орын бөлінді. Оқыту тегін негізде өтеді және таңдалған мамандыққа байланысты 2-3 жылға созылады.
Сапар барысында Ержан Бабақұмаров қалалық білім басқармасының басшысымен бірге Энергетика және электрондық технологиялар колледжі мен көпсалалы колледжіне барып, оқу орындарының материалдық-техникалық жарақтандырылуын көрді.
Энергетика және электрондық технологиялар колледжінде қала әкімінің орынбасары жаңартылатын энергия көздері, электр жабдықтары саласындағы зертханаларда, күн панельдерін құрастыру цехында болды.
Сондай-ақ, білім алушылардың салауатты өмір салтын дамыту үшін қажетті жағдайлар қаралды. Мысалы, колледжде жан-жақты жабдықталған спорт кешені — волейбол, баскетбол алаңдары, футбол алаңы, теннис залы, бокс залы, workout аймағы бар.
Қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров оқу уақытының 40%-ын кәсіпорындарда өткізетін оқушыларды дуальды оқытудың жаңа зертханалары мен өндірістік сыныптарының базасын дамыту туралы міндеттерді қойды.
Осы мақсатта бизнес- қоғамдастықпен ынтымақтастық жұмыстарын күшейту, оның ішінде түлектерді одан әрі жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету тапсырылды.
Сонымен бірге, колледждерді жаңғырту, білікті мамандарды даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу, жекелеген мамандықтар бойынша құзыреттілік орталықтарын ұйымдастыру, WorldSkills чемпионаттарына қатысушыларды дайындау бойынша бірқатар тапсырмалар берілді.


Up