Ауа райы
Астана 2 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

1 қазан. Туған күн иелері

2020 жылдың 1 қазан 2020 08:08

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 1 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР




142 жыл бұрын (1878-1956) педагог, жазушы, аудармашы Спандияр КӨБЕЕВ дүниеге келді. Қостанай облысында туған.

Ы.Алтынсарин ашқан ауылдық орыс-қазақ мектебінде сауат ашып, 1901 жылы Қостанайдағы мұғалімдер даярлайтын курсты бітірген. Ұзақ жылдар бойы ұстаздықпен айналысып, жас ұрпақты оқыту, тәрбиелеу ісімен шұғылданған. Өзінің 50 жылдық ұстаздық іс-тәжірибесін «Орындалған арман» атты мемуарлық әдеби еңбегінде баяндады. Ол ұстаздық жұмысты жазушылық қызметпен тығыз байланыстыра жүргізді. Орыс жазушыларының тәлімдік шығармаларын қазақ тіліне аударып, «Үлгілі тәржіме» (көпшілігі И.Крыловтың мысал өлеңдері) деген атпен жеке кітап етіп бастырып шығарды. 1912 жылы «Үлгілі бала» атты екінші оқу құралын (хрестоматия) жариялады. Оған өзі аударған Крыловтың мысалдарымен бірге қазақ ауыз әдебиеті үлгілерінің озық нұсқаларын (аңыз, әңгіме, ертегі, мақал-мәтелдер) енгізді. Сонымен бірге, бұл хрестоматияға қазақ балаларына табиғаттың түрлі құбылыстары мен жануарлар әлемі туралы мәлімет беретін қызықты қысқа әңгімелер де енгізілді. 1913 жылы «Қалың мал» романын жазды. Романда сол кезеңдегі қазақ ауылындағы әлеуметтік жағдайлар шынайы баяндалған. Оның педагогикалық ой-пікірлері «Орындалған арман» атты мемуарлық романында, сондай-ақ, әр жылдардағы мерзімді басылымдарда жарияланған «Оқытушының беделді болуының маңызы», «Балаларды мәдениеттілікке тәрбиелеу», «Балаларды оқуға ынталандыру туралы» атты мақалаларында ғылыми тұрғыда баяндалды. 2 рет «Ленин» орденімен марапатталған.




108 жыл бұрын (1912-1970) мемлекет және қоғам қайраткері, әдебиет сыншысы, жазушы, публицист Ілияс Омарұлы ОМАРОВ дүниеге келді.

1933 жылы Ташкент қаласындағы Орта Азия жоспарлау экономикалық және сауда-тауар ісі институтын бітірген. 1933 – 1936 жылдары Республиканың сауда мекемелерінде жауапты қызметтер атқарған. 1941 – 1945 жылы Қазақ КСР Сауда халық комиссарының орынбасары, комиссары болды. «Қазақ халқының майдандағы қазақ жауынгерлеріне жазған хатын» ұйымдастыруда, 1944 жылы желтоқсанда Алматы қаласында өткен республикалық ақындар айтысын өткізуде, «Қазақ КСР-інің ерте заманнан осы күнге дейінгі тарихының» жарық көруіне ұйытқы болды. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты мен Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияны ұйымдастырды. 1945 – 1947 жылы Қазақ КСР-і ХКК төрағасының орынбасары, Шығыс Қазақстан облысы партия комитетінің 1-хатшысы қызметін атқарды. 1947 – 1952 жылы Қазақстан КП ОК-нің идеология жөніндегі хатшысы. Ол 1949 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен мәдениетінің онкүндігін ұйымдастырды. Омаров халық өнері мен музыкасын, ауыз әдебиетін насихаттауға зор үлес қосты, Шоқан, Ыбырай, Абай еңбектерін өнеге ретінде ұсынды. 1949 жылы жарық көрген «Қазақ КСР тарихының» толықтырылған 2-басылымының жауапты редакторы болды. Е.Бекмахановтың қазақ халқының шын мәніндегі тарихын ашық жазуына, Кенесары, Наурызбай батырлар жайында ақиқаттың айтылуына, І.Жұмалиевтің Исатай мен Махамбет жөніндегі материалдарды бастыруына ұйытқы болды. Осы жағдайлар оның 1951 – 1952 жылы «ұлтшылдарды қолдаушы» деген науқаншыл айыппен Қазақстан КП ОК-нің құрамынан шығарылып, қудалануына алып келді. 1952 – 1955 жылы КОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебінің тыңдаушысы болды. 1955 – 1959 жылы Солтүстік Қазақстан облысы партия комитетінің хатшысы қызметін атқарды. 1959 – 1961 жылы «Қазақфильм» киностудиясының директоры, Қазақ КСР-і Министрлігі Кеңесінің кеңесшісі қызметтерін атқарып, жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ кино өнерінің дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырды. 1961 – 1967 жылы Қазақ КСР Министрлігі Кеңесі жанындағы Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары, 1-орынбасары, 1967 – 1970 жылы Қазақ КСР Мәдениет министрі болды. Омаров осы кезеңде қазақтың эстрадалық өнерін, ұлттық циркті, театр жұмысын жетілдіруге, кәсіби өнердің басқа да салаларын тыңнан дамытуға барынша күш салды.

90 жыл бұрын (1930) қазақ антропология ғылымының негізін қалаушы, ғалым-антрополог Оразақ СМАҒҰЛ дүниеге келді.

ҚазМУ-ды (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) бітірген. 1959 — 61 ж. КСРО ҒА Этнография институтының аспиранты, 1961 жылдан Қазақстан ҒА Тарих, археология және этнография институтының ғылыми қызметкері. Олардың ұйымдастыруымен 36 экспедициялық және далалық зерттеулер жүзеге асырылды. Оның ішінде үнді — кеңес (1974 — 75), қазақ-моңғол (1991 — 92) және қазақ-италия (1993 — 94, 2002 — 2004), т.б. антропологиялық экспедицияларында болды. Ол Қазақстан мен Қырғызстанның биік таулы аймақтарына бейімделу мәселелерін аймақтың этноүрдістерімен байланыстыра зерттейтін халықаралық ғылыми жобаға жетекшілік етті. 200-ден астам ғылыми еңбектің авторы, оның 20-ға жуығы АҚШ, Жапония, Қытай, Үндістан, Түркия, Италия, Германия, Франция, Дания, т.б. шет елдерде жарық көрді. Еңбектерінде қазақтардың генофондының біркелкілігі, 4 мыңжылдық тарихы жайлы ғылыми пікірлер тұжырымдалды. С. Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері (1990).




79 жыл бұрын(1941) Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш сыртқы істер министрі, дипломат, саясаттану ғылымының докторы Төлеутай Ысқақұлы СҮЛЕЙМЕНОВ дүниеге келді.

Семей қаласында туған. Қарағанды политехникалық институтын, КСРО СІМ Дипломатиялық академиясын бітірген. 1971-1977 жылдары - Қазақстан ЛКЖО Теміртау қалалық комитетінің бірінші хатшысы, қалалық бақылау комитетінің төрағасы, қалалық партия комитетінің екінші хатшысы. 1980-1981 жылдары - КСРО СІМ Орта Шығыс елдері бөлімінің бірінші хатшысы. 1981-1985 жылдары - КСРО-ның Ауғанстанның Мазари-Шариф қаласындағы Бас өкілдігінің (консульство) консулы. 1985-1988 жылдары - КСРО СІМ Орта Шығыс елдері бөлімінің кеңесшісі. 1988-1991 жылдары - КСРО-ның Ирандағы Елшілігінің кеңесшісі. 1991-1994 жылдары - ҚР Сыртқы істер министрі. 1994-1996 жылдары - ҚР-дың АҚШ-тағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 1996-2001 жылдары - ҚР-дың Венгриядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, ҚР-дың Польша, Болгария, Чехия, Словакия және Румыниядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы. 2001-2003 жылдары - ҚР-дың Бельгиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, ҚР-дың Люксембург Ұлы герцогтығындағы, Нидерланды Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі және ҚР-дың Еуропалық Одақ және Солтүстік-Атлантикалық шарт ұйымы жанындағы өкілдігі басшысы қызметін қоса атқарушы. 2003-2005 жылдары - ҚР-дың Польшадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болды. Дипломатия институтының директоры. «Құрмет белгісі», Құрмет, Венгрияның Орта Крест, Словакияның Қос крестің ақ орденімен және медальдармен марапатталған.




58 жыл бұрын(1962) мемлекет қайраткері Асқар Исабекұлы МЫРЗАХМЕТОВ дүниеге келді.

Алматы зооветеринарлық институтын (1984); Бүкілодақтық мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын (Мәскеу, 1988); Қазақ менеджмент және маркетинг институтын (Алматы, 1997) бітірген. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты (1988). «Нұр Отан» ХДП мүшесі. 1988 жылдан – БААШҒЗЗ Шығыс бөлімшесі жүйесінде кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер. 1991 жылдан – «Қазақстан» республикалық биржасы» АҚ вице-президенті. 1994 жылдан – «ТАСМО» инвестициялық коммерциялық орталығының бас директоры. 1995 жылдан – «Агро-Лизинг» АҚ бас директоры. 1999 жылдан – ҚР ауыл шаруашылық вице-министрі. 2002 жылдан – ҚР ауыл шаруашылық бірінші вице-министрі – ҚР Ауып шаруашылық министрлігі Орман және аңшылық шаруашылық комитетінің төрағасы. 2005 жылдан – ҚР ауыл шаруашылық министрі. 2006 жылдан – Өзбекстан Республикасындағы ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2007 жылдан – «Оңтүстік» ӘКК» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы. 2009 жылдан – Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі. 2015 жылдан – Нұр Отан партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары. 2016 жылдың мамыр айынан – Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі. 2016 жылдың маусым айынан 2018 жылдың қаңтар айына дейін аралығында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарған. Жамбыл облысының әкімі болды (2018-2020).




43 жыл бұрын (1977) Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту департаментінің директоры Ғалым Нұрмағамбетұлы ШОЙКИН дүниеге келді.

Көкшетау облысында дүниеге келді. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-ді, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік қызмет Академиясын бітірген. Саясаттанушы, мемлекеттік қызмет менеджері, саяси ғылымдар кандидаты. ҚР Мәдениет министрлігінде, ҚР Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің бас сарапшысы, сектор меңгерушісі, 2009 жылдың қыркүйегінен «Нұр Отан» ХДП Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. 2014-2016 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері комитетінің төрағасы қызметін атқарды. 2016-2017 жылдары ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істер комиртетінің төрағасы болып жұмыс жасаған. 2017-2019 жылдың желтоқсан айынан ҚР Президенті Әкімшілігі секторының меңгерушісі болды. 2019 жылдың сәуір-қазан айы аралығында Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасына басшысы қызметін атқарды. Қазіргі қызметіне 2019 жылдың қазанында тағайындалған.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай