Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

1 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі

2020 жылдың 1 маусым 2020 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарға 2020 жылғы 1 маусымға арналған күнтізбені ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық балаларды қорғау күні

Әйелдердің Халықаралық демократиялық федерациясының конгресінде 1949 жылы ресми түрде бекітілді. 1950 жылдан бастап тұрақты түрде атап өтіледі. Мұндай мерекені бекіту туралы ұсыныс алғаш рет 1925 жылы Женевада өткен Дүниежүзілік конференцияда жасалды.

Бүкіләлемдік сүт күні

БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ағылшынша Food and Agriculture Organization - FAO) 2001 жылы бекіткен.

Бүкіләлемдік ата-аналар күні

БҰҰ-ның халықаралық күндер жүйесінде 2012 жылы пайда болды. 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күнімен бірге аталып өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1920 жылы Қазақстанның басты шаруашылық органы - Бүкілресейлік халық шаруашылығы құрамында Қырғыз (Қазақ) өнеркәсіп бюросы құрылды.

1946 жылы СССР Ғылым академиясының Қазақ бөлімшесі негізінде қазіргі Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы ашылды. Алғашында бөлімшеде 16 ғылыми-зерттеу институты, 8 сектор, 7 тәжірибе стансасы, 3 ботаника бағы болды. Академияның алғашқы құрамына 14 академик: Мұхтар Әуезов, Әбікен Бектұров, Илларион Галузо, Михаил Горяев, Ахмет Жұбанов, Николай Кассин, Ісмет Кеңесбаев, Николай Павлов, Михаил Русаков, Қаныш Сәтбаев, Нығмет Сауранбаев, Гавриил Тихов кірді. Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының бірінші президенті болып көрнекті ғалым, қайраткер, академик Қаныш Сәтбаев сайланды.

1991 жылы «Қазақфильм» базасында құрылған «Катарис» шығармашылық бірлестігі Балқашта «Людоед» көркем фильмін түсіруге кірісті. Фильмде 1954 жылғы КарЛаг саяси тұтқындарының көтерілісі суреттеледі. Режиссері әрі сценарий авторы - Г.Ф. Земель. Түсірілім бұрынғы зонаның орнында, Коунрад кенішінің карьерінде және геологтар ауылында жүргізілді.

1994 жылы Қазақстан Республикасы Әділет министрінің бұйрығымен «Жеті жарғы» баспасы құрылып, алғашқы директоры болып Түрікпенбаева Ділбар Дадоханқызы тағайындалды.

1997 жылы Францияда ұлы қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовтің туғанына 100 жыл толуына арналған Қазақстан күндері өтті.

2003 жылы «АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР» атты «ҚазАқпарат» агенттігінің күнтізбесінің алғашқы саны жарыққа шықты. Күнтізбеде Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы елеулі оқиғалар, атаулы күндер, елімізді дамудың даңғыл жолына түсіріп, өркендеуіне үлес қосқан азаматтар, ғылым мен білім, спорт, мәдениет, саясат және басқа да салаларда жетістікке жеткен тұлғалар атап өтіледі.

2010 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен елордадағы ҚР Тұңғыш Президенті мұражайы алдындағы саябақта Жәнібек пен Керей хандардың монументалды мүсіндік-көркем композициясының салтанатты ашылу рәсімі болды. Қазақ хандығының іргесін қалап, тұңғыш қазығын қаққан хандарға елордада ескерткіш ашу - Елбасының идеясы. Бұл ретте Керей мен Жәнібек хандар ескерткішіне арналған эскиз жобасына республикалық конкурс жарияланды. Байқауға 10 жоба ұсынылып, оның ішінен астаналық жас мүсінші Әбенов Ринаттың жоба-эскизі үздік деп танылған болатын. Құрамына елімізге белгілі тарихшы ғалымдар, антропологтар, саясаттанушылар мен сәулет өнерінің мамандары енгізілген конкурс комиссиясының пікірі бойынша, автор ұлы хандардың сыртқы пішіндерін, олардың ұлттық сипаттағы келбеттерін барынша нақты бейнелеген. Композиция тұтас өз тұлғаларымен жаңа хандықтың ірге көтеруі еркіндіктің орнауын бейнелейтін екі мүсіннен тұрады. Ескерткіш мүсіндерінің іргетасынан бастап ұшар басына дейінгі жалпы биіктігі 12 метр, Жәнібек ханның тік тұрғандағы бойы 5,25 метр. Керей ханның мүсінінің биіктігі 4 метр, мүсіндік композицияның барлық элементтері таза қоладан құйылған. Салмағы 16,20 тонна. Керей мен Жәнібек хандардың тұрғызылған ескерткіштері - қазақ қоғамы үшін ірі рухани және мәдени маңызы бар айтулы шаралардың бірі. Мүсіндер Қазақстанда жасалған.

2010 жылы Алматыдағы орталық стадионда қазақстандық футболдың негізін қалаушы Аркадий Хохманға арналған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсімі болды. Аркадий Хохман ұзақ уақыт бойы ҚазССР футбол федерациясының төрағасы, СССР футбол федерациясы президиумының мүшесі болды. 1957 жылдан 1978 жылға дейін республикалық футбол мектебін басқарды.

2012 жылы Қазақстанда алғаш рет Онкологиялық аурулармен ауыратын балаларды қолдау орталығы құрылды.

2017 жылы Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің қола бюсті Ұлы Отан соғысының Орталық музейіне берілді. Сағадат Нұрмағамбетовтің ескерткішімен бірге музейге батырдың архивтегі фотосуреттері мен М.Б. Греков атындағы студияның суретшісі Павел Бойко салған портреті де қоса берілді.

2017 жылы «Нұрлы жол» жаңа вокзал кешені алғашқы пойыздарды қабылдай бастады. Алғашқы болып «Қарағанды - Астана» электр пойызы келді. Вокзал кешені алты деңгейлі, жалпы аумағы 126 мың шаршы метрлік ғимарат. Вокзалда алты жолдың торабы кіріп отыр. Ол тәулігіне 35 мың жолаушыны қабылдай алады. Вокзал жолаушылар ағынын, кезегін, қауіпсіздігін, электронды билет сату процесін интеллектуалдық басқару желісімен қамтылған. Бірінші және екінші қабатта 740 көлікке арналған автотұрақ бар. Сонымен қатар ол жерде қызметтік-теxникалық бөлмелер орналасқан. Үшінші қабатта - шатыр астында перрон орын тепкен. Төртінші қабат ең негізгі болып саналады. Мұнда басты кіреберіс пен 10 билет кассасы, анықтама бюросы, сауда орындары бар. Бесінші қабатта фуд-корт, алтыншы қабатта әкімшілік кеңселер орналасқан.

2017 жылы Астанадағы Mega Silk Way сауда, ойын-сауық орталығында теңіз жануарларының Орталық Азиядағы ең үлкен паркі ашылды. Оның жалпы ауданы 7190 шаршы метрді құрайды.

Паркте бір үлкен бассейн және екі қосалқы бассейн, 400 адам сиятын трибуна бар. Трибунада мүмкіндігі шектеулі жандарға да барша қолайлылық жасалған.


Басты сөздер: Оқиға, Қоғам,
Жоғары қарай