Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

1 сәуірден бастап БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемі қалай өзгерді

2021 жылдың 2 сәуір 2021 15:44

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жылы БЖЗҚ-дан ай сайынғы зейнетақы төлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% кем емес мөлшерде жүзеге асырылады. Бұрын БЖЗҚ-дан ай сайынғы зейнетақы төлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54% кем емес мөлшерде жүзеге асырылған болатын. Осылайша алушылардың көпшілігінде БЖЗҚ-дан алатын төлемдердің мөлшері ұлғайды. Бұл туралы ҚазАқпарат БЖЗҚ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ескерте кетсек, 2021 жылдың 1 сәуірінен бастап БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 қазандағы № 1042 қаулысының ережелеріне сәйкес жаңа Әдістеме бойынша есептеледі.

Осы Әдістемеге сәйкес зейнетақы төлемдерін жүзеге асырудың бірінші жылындағы зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасы зейнетақы жинақтары сомасының зейнетақы жинақтары төлемдерінің мөлшерлемесіне көбейтіндісі ретінде есептелетін болады – 6,5 %. Одан кейінгі жылдары ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері өткен жылғы ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшерін зейнетақы төлемдерін индекстеу мөлшерлемесіне жыл сайын арттыру жолымен қайта есептелетін болады – 5%.

Егер зейнетақы жинақтарының сомасы өтініш берген күнге ең төменгі зейнетақының он екі еселенген мөлшерінен аспайтын болса тиісті қаржы жылына белгіленген республикалық бюджет туралы заңға сәйкес аталған сома алушыға БЖЗҚ-дан бір-ақ рет төленеді ( 2021 жылы – 519 264 теңге = 12 * 43 272).

БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығын 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін іске асырған адамдарға зейнетақы төлемінің жыл сайынғы мөлшері ең төменгі зейнетақының отыз еселенген мөлшерінен кем болмайды (2021 жылы 30 х 43 272= 1 298 160 теңге). Төлемдер бұрын таңдалған кесте бойынша жүзеге асырылады.

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап 2021 жылдың 1 сәуіріне дейін зейнетақы төлемдерін ала бастаған зейнеттегі адамдарға төлемдерді есептеудің жаңа Әдістемесіндегі өзгерістердің қатысы болмайды. 2021 жылы олар БЖЗҚ-дан ескі әдістеме бойынша (жинақтар сомасы ағымдағы құн коэффициентіне көбейтіліп, 12 айға бөлінген кезде) есептелген төлемдерді алуды жалғастыра береді. Бірақ 2022 жылдан бастап олардың қазіргі алып жүрген төлемдерінің сомасы 5%-ға ұлғайтылатын болады.

Бұдан басқа, зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру Әдістемесінде белгілі бір санаттарға жататын, яғни мерзімсіз уақытқа белгіленген 1 немесе 2-топтағы мүгедектігі бар, сондай-ақ, жинақтары міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен кемінде алпыс ай жинақталатын зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істеген алушылар үшін түзетулерді арттыру коэффициенттері көзделген. Бұл ретте, егер адамның бірнеше санаттарға қатысы болса онда ең үлкен мәнге ие түзету коэффициенті қолданылады.

Естеріңізге сала кетейік, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтары таусылғанға дейін жүзеге асырылады.


Жоғары қарай