Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

1 шілдеден бастап мемлекеттік органдардың жұмысында не өзгереді

2021 жылдың 20 мамыр 2021 13:07

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - 1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің басты нормалары жайында Шымкент қаласына сапармен келген Мемлекет басшысының көмекшісі – ҚР Президенті Әкімшілігі өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Тамара Дүйсенова қала активімен болған кездесуде айтты. ҚазАқпарат бұл туралы шаһар әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«1 шілдеден бастап біріншіден, «е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы өтініштер қабылдайтын бірыңғай арна іске қосылады. Тіпті, «Қазпоштамен» қағаз жүзінде жолданған өтініштердің өзі цифрлық форматқа ауыстырылып, электронды түрде тіркеледі. Осылайша, «е-Өтініш» жүйесі өтініштерді қараудың бүкіл тарихы сақталатын біртұтас базаға айналады. Бұл барлық мемлекеттік және сот органдарына, сонымен қатар өтініш берушілерге қолжетімді жүйе болады», - дейді Т.Дүйсенова.

Екіншіден, мемлекеттік органдар өтініштерді бұрынғы қабылданған шешімдер мен берілген жауаптарды ескере отырып қарайды.

Үшіншіден, әрбір қаралған арыз-өтінішке мемлекеттік органда әкімшілік іс ашылады. Оның талаптары мен шарттары Кодексте нақты көрсетілген. Егер арыз иесінің талабы қанағаттандырылмайтын болса, онда мемлекеттік орган міндетті түрде арыз иесін қабылдап, оған түсініктеме береді немесе заңдарда көрсетілген шешу жолдарын түсіндіреді.

Арыз иесі ол жауапқа да қанағаттанбаса, мемлекеттік органның немесе мемлекеттік қызметкердің үстінен сотқа шағымдануға құқылы.

Төртіншіден, жаңа тәсілдің қазіргі жүйеден ерекшелігі – енді мемлекеттік органның жауабына шағымдану жаңа тәсілмен жүреді, берілген жауаптың немесе шешімнің дұрыстығын жауапты мемлекеттік орган дәлелдейтін болады. Яғни арыз иесі тек талап-арызын ғана сотқа жеткізеді.

Жаңа Кодексте мемлекеттік органның азаматтар алдындағы жауапкершілігі күшейтіліп отыр.


Жоғары қарай