Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

10 мыңға жуық этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

2020 жылдың 25 қыркүйек 2020 11:28

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2020 жылы 10 мыңға жуық этникалық қазақ қандас мәртебесін алды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі Еңбек министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 9,9 мың адам тарихи Отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 67,2 мың этникалық қазақ оралды.

Осы жылы Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі (59,1%) Қытайдан, 25,6% Өзбекстаннан, 8,8% Түрікменстаннан, 3,5% Моңғолиядан және 3% басқа елдерден.

Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (54,6%) және Маңғыстау (12,7%) облыстарына, сондай-ақ Нұр-Сұлтан (4,1%) және Шымкент қалаларына (3,1%) қоныстанды.

«Келушілердің ішінде 60%-дан астамы еңбекке жарамды жаста, ал шамамен 5%-ы ғана зейнеткерлер. Қандас мәртебесін алғандар, Қазақстан азаматтарымен қатар, Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде жүзеге асырылатын жобалар аясында, Жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыс таба алады», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің көші-қон мониторингі басқармасының басшысы Дастан Айтқұлов.

Айта кету керек, 2019 жылдың осы кезеңінде 9,6 мыңға жуық этникалық қазақ қандас мәртебесін алды, оның ішінде 53% Өзбекстаннан, 26% Қытайдан, 21% Моңғолиядан, Түркменстаннан және басқа елдерден келді.

Еске салсақ, маусым айында 6 мыңнан астам адам қандас мәртебесін алғандығы туралы жазған едік.



Жоғары қарай