Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

100 жаңа есім: Jah Khalib ұйымдастырған музыкалық байқау жеңімпазы – Арыстан Әбілдин

2021 жылдың 30 сәуір 2021 17:30

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының биылғы жеңімпаздарының арасында жас музыкант Арыстан Әбілдин де бар. 18 жастағы талант иесі ҚазАқпарат тілшісіне өзінің шығармашылықтағы жетістіктері туралы айтып берді.

Айта кетейік, қарағандылық Арыстан Әбілдин жазған кавер әлемдік Shazam-ға іліккен болатын. Сонымен қатар, ол танымал рэпер Jah Khalib ұйымдастырған музыкалық байқаудың жеңімпазы.

«Мен музыкамен бала кезімнен айналысамын. Бес жасынан бастап фортепиано мен барабанда ойнай бастадым. Әкем дереу музыка мектебіне берді. Ата-аналарым да музыкант. Сондықтан өмірімді шығармашылықпен байланыстыру заңдылық шығар деп ойлаймын. Алғашқы авторлық әнімді сүйікті қызыма арнаған болатынмын. Оны әлеуметтік желі қолданушылары жоғары бағалап, музыкамен түбегейлі айнлысуыма жігер берді. Бұл мені жаңа шедеврлер жасауға шабыттандырды», - деді жас музыкант.

Қазір Арыстан Әбілдин музыка саласындағы танымал отандық компаниямен келісімшарт аясында жұмыс істеп жүр.

«Жақында әріптестік келісімшарт жасастық. Мен осындай ерекше мүмкіндік алғаныма өте қуаныштымын. Біздің компания әріптестік орнатқан ресейлік бірлестік Иван Дорн, Зиверт, Филип Киркоров сияқты танымал орындаушылармен жұмыс істейді. Осы мүмкіндікті пайдаланып көптеген жаңа хиттер шығарамыз деп үміттенемін», - дейді музыкант.

Әңгіме барысында ол Jah Khalib ұйымдастырған музыкалық байқаудағы жеңісіне тоқталды.

«Шынымды айтсам, мен жеңемін деп ойлаған жоқ едім. Дауыс беру қорытындысы бойынша ең көп балл жинаппын. Осылайша авторлық конкурста жеңіске жеттім», - дейді Арыстан.

Оның арманы – әлемдік сахналарда ән салып, шығармашылық иесіне айналу.

«Мен «100 жаңа есім жобасында» жеңімпаздардың арасында болғаныма өте қуаныштымын. Бұл мен үшін жаңа қадам. Әрине, бұл менің жеке дамуыма әсер етеді және жаңа шығармашылық шыңдарды бағындыруға ықпал етеді», - деп ағынан жарылды Арыстан Әбілдин.


Автор Есімжан Нақтыбай
Басты сөздер: 100 жаңа есім, Білім,
Жоғары қарай