Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

12 жастағы көкшетаулық «майтабан» диагнозы бар балаларға аяқ киім шығаруда

2021 жылдың 28 ақпан 2021 14:09

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - 12 жастағы көкшетаулық Заурбек Яндиев аяғы майтабан балаларға арнап ортопедиялық аяқ киім шығаруды қолға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көкшетау қаласындағы №5 «Таңдау» мектеп-гимназиясының 6-сыныбында оқитын оның өзіне де осы диагноз қойылған. Бірақ табандылықтың, спорттың арқасында бала өз ауруын жеңді.

«Туғаннан майтабан болдым. Аяқтарым жиі ауыратын. Аяғыма үнемі гипс тағып жүрдім. Оны кигізіп, шешу жаныма батып, қатты қиналатын едім. Үш рет ота жасалды. Қиыншылықтың барлығына шыдап, ең соңында бұл дерттен құлан таза айығып шықтым. Мен үшін бұл үлкен жеңіс болды», – дейді Заурбек Яндиев.

Туа біткен дерттен айыққан ол «майтабан» диагнозы қойылған балаларға көмек көрсетуге шешім қабылдады. Осы бағытта өз кәсібін ашып, терможапсырмалары бар жеңіл жейделер, саптыаяқтар, ыдыстар тәрізді өнімдерді шығаруды қолға алды. Түскен ақшаның бір бөлігін қайырымдылық көмек ретінде мұқтаж жандарға береді.

«Қазіргі кезде, өзім сияқты майтабан балаларға қолымнан келгенше көмек жасап жүрмін. Олар өздерін жалғыз сезінбегенін қалаймын. Бүгінгі карантин уақытында көп адамдардың қаражаттан қиналып жүргені белгілі. Әсіресе, үйлерінде науқас балалары бар отбасыларға өте қиын. Көп ата-аналардың қымбат ортопедиялық аяқ киім сатып алуға қалталары көтере бермейді. Ал бұл онсыз да ауру балалардың денсаулығына одан сайын кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Сол себепті, мен осындай балаларға қолымнан келгенше көмектесуді шештім», – дейді Заурбек Яндиев.





Жуырда ол ортопед дәрігерлер арқылы аяғында туа біткен дерті бар баланы іздеп тауып, оған өз қолынан шыққан ортопедиялық аяқ киімді сыйға тартты. Бурабай ауданының Кенесары ауылында тұратын 10 жасар Бақтияр Беспайдың анасы Рахима Әбдіғапарова Заурбектің ықыласына разы болып, оның мейірімділігі мен жомарттығы үшін шын жүректен аналық алғысын білдірді.

Айта кетейік, жас кәсіпкер Заурбекке кәсібін дөңгелетуге ата-анасы, әпкесі және інісі көмектесуде.


Жоғары қарай