Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

14 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

2021 жылдың 14 қазан 2021 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат оқырмандарына 2021 жылғы 14 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.


АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік стандарттау күні

1946 жылғы 14 қазанда Лондонда стандарттау бойынша ұлттық ұйымдардың конференциясы өтті. Оған әлемнің 25 елінен өкілдер қатысып, Халықаралық стандарттау ұйымын құру туралы шешім шықты. Дүниежүзілік стандарттау күні 1970 жылы ISO президенті Фарук Сунтердің бастамасымен енді.

Дүниежүзілік көз жанары күні

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімімен қазан айының екінші бейсенбісінде тойланады. Бұл мереке күнтізбеде зағиптықтан, көз жанарынан айрылудан сақтану мен оны емдеу негізінде белгіленген болатын. Халықаралық көз жанарының күнінде осы проблемаларға қатысты түрлі іс-шаралар өтеді. Сонымен қатар бұл күн «Көріну 2020: көзге еркіндік» деген халықаралақ зағиптықтан сақтандыру агенттігінің де негізгі мерекесі болып есептеледі.

Дүниежүзілік тісжегісіз (кариессіз) болашақ күні

2010 жылы тісжегінің кеңінен таралып бара жатқанына алаңдаған бір топ тіс дәрігерлері бірігіп, Тісжегісіз болашақ альянсын құрған болатын. Халықаралық коммерциялық емес осы ұйымның бастамасымен жыл сайын атап өтіледі. 2016 жылы Альянстың бастамасымен Дүниежүзілік тісжегісіз (кариессіз) болашақ күні құрылды. Негізгі мақсат - тістің дұрыс күтімінің маңыздылығына халықтың назарын аудару.


ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1939 жылы Жамбыл облысы құрылды. Қазақстан Республикасының оңтүстігінде орналасқан. Облыстың қазіргі әкімшілік орталығы – Тараз қаласы. Құрамына 10 аудан, 1 облыстық деңгейдегі, 3 аудандық деңгейдегі қала кіреді. Облыс түсті металдарға, баритке, көмірге, қаптайтын, төсейтін және техникалық мақсаттағы тастарға, құрылыс материалдарына бай.

Облыста қазақ және орыс драма театрлары, филармония, 5 мұрағат, кітапханалар, клубтар мен мәдениет үйлері бар. Тараз қаласының аумағында б.э.д. X-XI ғасырлардан сақталған Айша Бибі және Бабаджа қатын кесенелері, X-XIII ғасырлардан қалған Қарахан мен Дәуітбек сағаналары орналасқан.

1994 жылы Ақмоланың Революция көшесінде (қазіргі Астана қаласындағы Сейфуллин көшесі) ақын Сәкен Сейфуллиннің 100 жылдық мерейтойына орай ескерткіш ашылды.

1994 жылы Қазақстан Республикасы БҰҰ-ның Шөлге айналумен күрес жөніндегі конвенциясына (БҰҰ ШКК) қол қойып, оны 1997 жылдың 7 шілдесінде бекітті.

2002 жылы Астана қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен, салтанатты жағдайда, жаңа халықаралық әуежайдың іргетасы қаланды.

2008 жылы Қазақстандағы алғашқы Астана – Щучинск автобанының алты жолақты қозғалысының ашылу салтанаты өтті. Астана – Щучинск автожолының ұзындығы – 224 километр, оның ішінде алты жолақты қозғалыспен – 215 км.

2011 жылы Қазақстанда 30 мемлекет өкілінің басын қосқан «Ядросыз әлем» халықаралық форумының аяғында Бейбітшілік стеласы ашылды. 28 метрлік ескерткіш ядро сынақтарының құрбандарына арналған «Өлімнен де күштірек» монументі тұрған алаңға орнатылды.

2014 жылы Грекияда қазақтың қоғам қайраткері, жазушы Сәкен Сейфуллинге қатысты 1930 жылдардағы кезеңдегі латын әліпбиінде жазылған құжаттар табылды.

2015 жылы ғарышкер Айдын Айымбетов ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ғарышта болған және жерімізді 150 реттен астам ұшып өткен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын тапсырды.

2016 жылы Каспий құбыр консорциумы (КҚК) іске қосу-баптау шеңберінде жүргізілген жұмыстар кезінде Қашаған кен орнынан шамамен 7 700 тонна экспортқа шығарылатын мұнайдың бірінші партиясын жөнелтті. Сонымен қатар «ҚазТрансОйл» АҚ құбырлық жүйесіне 18 800 тонна экспортқа шығарылатын мұнайдың партиясы жөнелтілді, ал «Интергаз Центральная Азия» АҚ магистральді жүйесіне 22,8 млн текше метр тауарлық газ берілді.

2016 жылы Египет астанасында қазақтың ұлы ақыны, жазушысы және ағартушысы Абай ескерткішінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бюст Каирдің ең әдемі орталық саябақтарының бірі – «Бостандық және Достық» саябағында орнатылған.

2017 жылы Атырауда атақты «ДосМұқасан» вокалдық-аспапты ансамбліне мүсін кешені орнатылды. Алты музыканттың өнер көрсетіп тұрған сәті бейнеленген композиция жаңа ретро-саябақта бой көтерді. Композицияның ашылу салтанатында «ДосМұқасан» тобы да өнер көрсетті.

2019 жылы Меруерт Камалиденова Үндістандағы жасөспірімдер арасындағы шахматтан Әлем чемпионатында алтын жеңіп алды. Қазақстан 14 жасқа дейінгі әйелдер санатында әлемнің 42 елінен келген 82 шахматшының арасында үздік атанды.

2020 жылы Португалияның ұлттық кітапханасында ұлы Абай Құнанбайұлының португал тіліндегі «Қара сөздерінің» тұсаукесері өтті. Қазақстандық дипломат Дәулет Батырашев Абайдың шығармашылығы туралы айтып, бұл кітапты португалдық оқырмандар кеңінен қабылдайды деп үміттенетінін білдірді.

2020 жылы PIK100FM радиосы Dimash Latvia Dears фан-клубымен бірлесіп 2020 жылдың қазан айын Латвиядағы Димаш айы деп жариялады.


Басты сөздер: Күнтізбе, Қоғам,
Жоғары қарай