Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

15 қаңтар. ҚазАқпарат күнтізбесі

2021 жылдың 15 қаңтар 2021 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат оқырмандарына 2021 жылғы 15 қаңтарға арналған күнтізбесін ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1934 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті ресми түрде ашылды. Профессорлық-оқытушылық құрам туралы және алғашқы 54 студентті физика-математика және биология факультеттеріне қабылдау туралы бұйрықтарға қол қойылды. Қазіргі уақытта ҚазҰУ – елдегі жетекші ЖОО-лардың бірі. Университет 180 сала бойынша мамандар дайындайды.

1938 жылы Атырау (Гурьев), Қызылорда және Павлодар облыстары құрылды. КСРО Жоғарғы Кеңесінің І сессиясы Қазақстанның үш облысын бөлу туралы КСРО Заңын және Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) Орталық Комитетінің қаулы жобасын бекітті. Шығыс Қазақстан облысынан Павлодар облысы бөлініп шықты, оның құрамына он аудан кірді. Батыс Қазақстаннан Батыс Қазақстан және Атырау, Оңтүстік Қазақстаннан Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары бөлініп шықты.

1992 жылы Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының ғылымы және ғылыми-техникалық саясаты туралы» Заңы қабылданды. Құжат республикада ғылымның жалпыадамдық дамудың ерекше маңызды саласы ретінде өмір сүруін, тірек, қолданбалы ғылыми зерттеулердің емін-еркін дамуын, ғылыми қызметкерлерді және ғылыми ұйымдарды қорғауды қамтамасыз ететін негізгі құқықтық, экономикалық және әлеуметтік шарттарды белгілеп берді.

1992 жылы Гурьев облысы мен Гурьев қаласы Атырау облысы және Атырау қаласы болып қайта аталды. Облыстың ауданы 113,5 мың шаршы км облыс құрамына бір қала және жеті аудан кіреді.

2008 жылы Қазақстан Үкіметінің отырысында жарғылық капиталына мемлекеттің жүз пайыздық қатысуымен академик Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы «Ғарыштық зерттеулер және технологиялардың ұлттық орталығы» акционерлік қоғамын құру туралы шешім қабылданды.

2008 жылы Мемлекет басшысының «Бурабай» арнайы экономикалық аймағын құру туралы Жарлығы шықты. Оның мақсаты – Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту.

2013 жылы «Қазақфильм» АҚ шығарған Әмір Байғазиннің «Үйлесімділік сабақтары» туындысы Халықаралық кино қорының (Berlinale World Cinema Fund) сыйлығына ие болды.

2015 жылы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин Халықаралық Түркі академиясының Түркі музейіне 70 жебеден тұратын жеке коллекциясын табыс етті.

2015 жылы Алматыда, Алатау ауданындағы «Көк қайнар» шағынауданында қазба жұмыстары кезінде Алматы тарихы мұражайының экспедициясы алтын жәдігерлерді анықтады. Табылған заттардың бірі ойнап жатқан мысық баласының бейнесі сомдалған алтын мүсін екі пластиннен құралып, бір композицияға біріктірілген. Мүсін біздің жыл санауымызға дейінгі IV ғасырдағы бас киімнің композициясы болуы мүмкін. Қазба кезінде сондай-ақ алтын пластинка табылды. Онда басын солға бұрып тұрған қыран құстың бейнесі зерленген. Ол біздің жыл санауымызға дейінгі IV ғасырда геральдикалық символ ретінде пайдаланылуы мүмкін. №2 қорғаннан сабы бар қорғасыннан құйылған айна табылды. Ернеуі 2 см болатын қорғасын белдеумен қапталған. Диск пен белдеу балқытылып бекітілген. №1 қорғаннан табылған көне жәдігер біздің жыл санауымызға дейінгі ІІ ғасыр – біздің жыл санауымыздың ІІ ғасырында пайдаланымда болуы мүмкін.

2018 жылы ҚР Ұлттық музейінің «Рухани жаңғыру» залы ашылды. Онда археологиялық жәдігерлер, соның ішінде қазақ билері мен батырларының жеке заттары қойылған. Атап айтқанда, Кенесары ханның қылышы, Шоқан Уәлихановтың тапаншасы, Төле би тұрған үйдің маңдайшасы, Бөгенбай батырдың құтысы, Махамбеттің домбырасы, Құнанбайдың бас киімі және т.б.

2018 жылы Қазақ анимациясына 50 жыл толуына орай Қазпошта арнайы пошталық марка, ал Ұлттық Банк номиналы 500 теңгелік «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» ескерткіш күміс монетасын айналысқа шығарды.

2020 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне ерекше мәртебе беріліп, оған үлкен академиялық және басқару дербестігі, оның ішінде PhD философия докторы және бейіні бойынша доктор дәрежесін беру, білім беру бағдарламаларының мазмұнын анықтау және өзіндік үлгідегі диплом беру мүмкіндігі берілді.

2020 жылы QazaqGeography кеңсесінде «Қазақ асханасы: дәмі мен дәстүрлері» кітабының ресми таныстырылымы өтті, онда авторлардың іздестіру және зерттеу жұмыстары нәтижесінде бір кездері кеңінен қолданыста болған және қайта жаңғыртылған сирек кездесетін тағамдар, сондай-ақ дәстүрлі ет, сүт тағамдарының, ұн өнімдері мен сусындардың биологиялық құндылығының қысқаша сипаттамасы ұсынылған.

Қазақстан бойынша зерттеу экспедицияларын өткізу нәтижесінде ұмытылған тағамдарды дайындау технологиясы табылып, жазылды. 200 тағам туралы ақпарат алынды, олардың 50-і осы кітапта берілген. Тағамдардың әрқайсысына қысқаша ақпарат, рецепт және тағамдық құндылығы туралы ақпарат берілген.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай