Ауа райы
Астана 19 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

15 күн үйіне бармаған дәрігер: Түнде балаларымды бетінен сүйдім де шығып кеттім

2020 жылдың 25 сәуір 2020 12:01

АҚТАУ. ҚазАқпарат – 10 сәуірге қараған түні жұмысқа шақырды. Ұйықтап жатқан 4-сынып оқитын ұлымды, 1-сынып оқитын қызымды беттерінен сүйіп, екеуіне қарап үйден шығып кеттім. Міне, сол уақыттан бері үйге бармадым, дейді Маңғыстау ауданы Шетпе ауылының дәрігері Орынгүл Мұқанова.

Орынгүл Мұқанова Маңғыстау аудандық орталық ауруханасында директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет істейді. 16 жыл жұмыс тәжірибесі бар дәрігер алғаш терапия бөлімінде ординатор, содан соң бірнеше жыл учаскелік терапевт, психиатр, кейін емхананың бөлім меңгерушісі болған. Осы жылдар ішінде үйіне бірнеше күн бармай қалу болмапты.

«Осындай індетпен кездесіп, адамдардың денсаулығы үшін күресеміз деп ойламаппын. Қаншама күн ұйқысыз жүрсек те, үйімізге, бала-шағамыздың жанына барып демалатынбыз. 2020 жыл басталғалы аты шулы індетті телевизордан естідім және желілерден көре бастадым, басында мен де Қазақстанға бұл індет келмейді, Қытай қайда, біз қайда деп мән бермеген едім. Себебі талай шошқа тұмауы т.б. ауруларды естіп жүрміз, бірақ тап сол аурулар Қазақстанға келіп, осыншама адам ауырды дегенді естімедім. Бұл індет енді Қазақстанға жетті дегенде де Маңғыстауға келмейді деп ойладым», - дейді Орынгүл Мұқанова.

Маңғыстауда ең алғаш ковид жұқтырған науқас тіркелгенін естігенде дәрігер қатты қобалжыпты.

«Бізге келмейді деп ойлауым мүлде қате екен. Алғаш естігенде мазам кетті. Өзі азғантай ғана халқы бар өлкеміз ғой. Бұл індет мына тұрған Шетпеге келеді деп те ойламаған едім. Бірақ дайындалдық. 9 сәуірден 10 сәуірге ауған түні бас дәрігер телефон соғып, шақырды, осы індетті жұқтырған екі адам шыққанын айтқанда жүрегім соғып, аяқ қолым дірілдеп, уайымға салындым», - дейді дәрігер.

Осылайша, ол сол түні кеткеннен әлі үйіне бармаған.

«Ұйықтап жатқан 4-сынып оқитын ұлымды, 1-сынып оқитын қызымды беттерінен сүйіп, түнгі сағат 01:15-те үйден шығып кеттім. Міне, сол уақыттан бері үйге бармадым.

Балаларым сұрайды: мама үйге неге келмейсің, бізді әжеміздің үйінен неге алып кетпейсің деп. Әрине өзім үшін емес, балалар үшін ғана қиналам, олардың сабақтарын қадағалау бар», - дейді Шетпелік маман.

Дәрігер өзінің әріптестерінің еңбегін де атап өтті. Қызметте қатар жүрген ақ халаттылардың бар күшін салып, ковидпен күресуде екенін айтты.

«Өзімнің әріптестерім Жанайдар, Ерболат, Ербол, Жәнібек, Берікқали, Сағитжан және бірнеше мейірбикелер мен кіші қызметкерлер де осы індетпен күресте алдыңғы шепте, отбасыларынан алшақта жүр. Әрине, адам баласы болғасын уайымдаймыз, сағынамыз. Бірақ біз таңдаған мамандық ешқандай сылтауды қабылдамайды. Біз осы мамандықты мойынсұнып, елге қызмет етеміз деп ант бергеннен соң, сол міндетімізді орындау парызымыз. Әріптестеріме рахмет айтамын, шыдамдылықтарына, сабырлылық танытып жатқандарына. Біз біргеміз!

Біз сіздер үшін жұмыстамыз. Ал сіздер мамандардың айтқанына құлақ асып, кез келген алып-қашпа әңгімеге мән бермей, үйде бала-шағаңызбен бірге болыңыздар! Әрбір сәттің қадірін білейік, ағайын!

Қазіргі таңда біз үйде болуды аңсап отырмыз! Барлығымыз бірге осы жаман індетті жұмылып қана жеңеміз! Науқастар тезірек жазылып кетсінші деп тілейік, саны көбеймесін деп тілейік. Ол үшін карантинді дұрыс түсініп, саналы түрде өз-өзімізді алдамайық ағайын. Бәрі жақсы болады. Әлі талай жақсы күндерде жолығайық!»,-дейді Орынгүл Мұқанова.


Жоғары қарай