Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

16 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

2021 жылдың 16 қазан 2021 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2021 жылғы 16 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Қазақстанда нан күні

2019 жылы қыркүйекте Үкіметтің қаулысымен Қазақстан Республикасының мерекелік күндер тізбесіне толықтыру енгізілді. Соған байланысты 16 қазан күні Нан күні деп бекітілді.

Мерекелік күн астық және нан өнімдерінің жоғары мәртебесін бекіту, сонымен қатар қазақстандық диқаншы, ұн тартушы және наубайшылардың еңбегін құрметтеу мақсатында бекітілді.

Бүкіләлемдік азық-түлік күні

БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының құрылған күніне орай (1945 жылғы 16 қазан) жыл сайын тойланады. Бүкіләлемдік нан күні Мейрам Халықаралық наубайшылар және наубайшы-кондитерлер одағының бастамасымен 2006 жылы бекітілді. 1945 жылғы 16 қазанда БҰҰ-ның ауыл шаруашылығы мен оның өнімдерін дамыту мәселелерімен айналысатын Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы құрылған болатын. Нан күні мейрамын тойлауға 16 қазанның таңдалуының мәнісі осында жатыр.

Дүниежүзілік нан күні

Мереке 2006 жылы Халықаралық наубайшылар және наубайшы-кондитерлер одағының бастамасымен бекітілді. 1945 жылы 16 қазанда ауыл шаруашылығының дамуындағы мәселелерді шешумен айналысатын БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы құрылғандықтан, осы күн таңдалды.

Дүниежүзілік анестезиологтар күні

Анестезия – жүйке сезімталдығының жоғалуы. Жасанды анестезияны хирургиялық операцияны ауыртпау үшін қолданады. Анестезия жалпы, жергілікті және жұлын-ми сұйықтығы анестезиясы болып бөлінеді. 1846 жылғы қазанның 16-сында тіс дәрігері Томас Мортон алғаш рет эфир наркозымен операция өткізді. Содан бері бұл күнді дүниежүзі Анестезиологтар күні деп есептейді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1939 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1939 жылғы 16 қазандағы Жарлығымен Лебяжі ауданы құрылды. 1963 жылғы 2 қаңтарда Лебяжі ауданы жойылып, оның аумағы Павлодар ауылдық ауданының құрамына енгізілді. 1964 жылғы желтоқсанда Лебяжі ауданы қайта құрылды.

1940 жылы Семей қаласында қазақтың ұлы ақыны, жазба әдебиетінің негізін қалаушы, философ, ағартушы, композитор Абайдың мұражайы ашылды. Республикада алғашқылардың бірі болып ашылған бұл мұражай орталық Шығыс пен Батысты байланыстырып отыр. Абай мұражайына 20 мың жәдігер қойылған. Олардың қатарында Абайдың көзін көріп, өзі тұтынған заттар да кездеседі. Сондай-ақ, мұнда 13 мың кітап қоры бар кітапхана жұмыс істейді.

1972 жылы О. Жәутіков атындағы Республикалық дарынды балаларға арналған мамандандырылған физика-математика орта мектеп-интернаты ашылды. Бұл республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар сайысынан көптеген жүлделі орындарға ие болып, ең жоғары көрсеткіштерге жеткен Қазақстан мектептерінің бірі. Аталған оқу орнында 9-11 сынып оқушылары білім алады.

1991 жылы Қазақ КСР-інің Президентін сайлау туралы Заң қабылданды. Осы Заңға сәйкес ел көшбасшысын таңдау жолындағы бүкілхалықтық бірінші сайлау өтті.

2006 жылы Мәскеуде ресейлік оқырмандар мен әдебиеттанушылар тобына 1890 жылы Ф. Павленков негізін қалаған «Тамаша адамдардың өмірі» топтамасына кірген «Мұхтар Әуезов» кітабы таныстырылды. Оның авторы – Николай Афанасьев.

2007 жылы Қазақстан, Иран және Әзербайжан темір жол тармағының құрылысы туралы келісімге қол жеткізілді. Тегеранда Каспий маңындағы мемлекет басшылары саммиті шеңберінде, Нұрсұлтан Назарбаев, Ильхам Әлиев, Махмуд Ахмадинежад келісімге қолдарын қойды. Бұл жоба темір жол құрылысын Қазақстаннан Иранға Түрікменістан арқылы Өзен-Қызылқия-Берекет-Этрек-Горган бағытында қарастырылған.

2015 жылы ҚР Ұлттық банкі «Шығыс күнтізбесі» сериясының «Мешін жылы» алтын және күміс ескерткіш монеталарын, «Қазақстанның флорасы мен фаунасы» сериясының «Шыбыншы торғай» күміс ескерткіш монетасын айналымға шығарды. Монеталардың номиналы – 500 теңге.

2016 жылы қазақстандық режиссер Елзат Ескендірдің «Өліара» (Off-season, 2016) фильмі Оңтүстік Кореяда өткен Пусан халықаралық кинофестивалінің (BIFF, Busan International Film Festival) марапатына ие болды. Азия «Оскарын» алған фильм Оралхан Бөкейдің «Өліара» повесінің желісімен түсірілген болатын.

2017 жылы Алматыда шахматтан President Almaty Union chessplayers Cup-2 халықаралық турнирі өтті. Онда ерлер арасындағы халықаралық шебер және әйелдер арасындағы гроссмейстер атағына ие Жансая Әбдімәлік жеңімпаз атанды. Додаға 9 елдің 54 шахматшысы (9 халықаралық гроссмейтер, 9 халықаралық шебер) қатысты.

Жансая 9 турдың қорытындысы бойынша 7,5 ұпай жинап, 1-орынды иеленді. Дарынды қыздың рейтинг перформансы 2679 болды. Турнир қорытындысы бойынша Жансаяның халықаралық рейтингі 80 ұпайға жоғарылады.

2019 жылы Еуропа Кеңесінде Қазақстанның сыбайлас жемқорлықпен күресетін мемлекеттер тобына (СЖКМТ) қосылу келісіміне қол қою рәсімі өтті. СЖКМТ-на қосылу сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы Конвенцияны ратификациялауға мүмкіндік береді. Бұл келешекте құқықтық көмек көрсету, қылмыскерлерді экстрадициялау және олар заңсыз иемденген мүлікті қайтару мәселелері бойынша Еуропа елдерімен ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді және халықаралық тергеу тапсырмалары бойынша жүргізілетін Еуропа мемлекеттерінің территориясындағы жедел іздестіру шараларына Қазақстанның құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысуына негіз болады.

2019 жылы Өскемен қаласында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) өкілдерінің қатысуымен Ұйымның Қазақстандағы Төменбайытылған уран банкіне төмен байытылған уранның алғашқы партиясын жеткізу рәсімі өтті.

МАГАТЭ төмен байытылған уран банкінде атом электр станцияларында стандартты жеңіл су реакторында отын өндіруге жарамды 90 метрикалық тонна уран гексафториді сақталады. ТБУ-дың бұл қоры радиоактивті қалдық емес, халыққа және қоршаған ортаға қауіп төндірмейді және МАГАТЭ-ге мүше мемлекеттер саяси себептермен дәстүрлі отын жеткізілімінің тоқтатылуына ұшыраған жағдайлар үшін қарастырылған.

2020 жылы елімізге 1941-1945 жылдардағы Екінші Дүниежүзілік Соғысқа қатысқан қазақстандықтар туралы бірегей мұрағат материалдары Қазақстанға берілді. Онда соғысқа қатысқан барлық полктердің, бөлімшелер мен бөлімдердің қалай және қайда шайқасқаны туралы тізімдер мен материалдар бар. Сонымен қатар Бас штаб бастықтары мен Жоғары Бас Қолбасшы және Ставка жетекшісінің сол кездері қабылдаған шешімдерінің түпнұсқа құжаттары жинақталған. Онымен қоса, панфиловшылардың Мәскеудің түбінде өткізген алғашқы шайқастары туралы жазылған материалдар жарияланған газеттің 1941-1942 жылдардағы нөмірлерінің түнұсқасы берілді.

2020 жылы алғаш рет «Әл-Фараби» энциклопедиясы қазақ тілінде жарық көрді. Онда тарихи деректер, мәліметтер, географиялық нысандар, биографиялық деректер, ойышылдың өмірлік жолы мен ғылыми мұрасы (трактаттар мен оларға берілген түсіндірмелер), түсініктер мен терминдер, араб-мұсылман ренессансы кезеңіндегі белгілі ғылымдардың еңбектері жинақталған.

Қазақ тіліндегі бірегей эниклопедия ізгілікті қоғам құру үшін гуманизм қағидаттарына құрылған Әл-Фарабидің барлық мұрасын түсіндіреді.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай