Ауа райы
Астана 19 °С
Алматы 24 °С
валюта бағамы
USD 405.66
EUR 454.70
RUB 5.71
CNY 57.43

17 ақпан. Туған күн иелері

2020 жылдың 17 ақпан 2020 08:08

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 17 ақпан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

89 жыл бұрын (1931-1992) тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығының лауреаты Рамазан Бимашұлы СҮЛЕЙМЕНОВ дүниеге келді.

Астана қаласында туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Тарих, археология және этнография институтының аспирантуарсын бітірген.

1959-1988 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Тарих, археология жәнее этнография институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі, директорының орынбасары, директоры. 1986-1992 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің академик-хатшысы. 1992 жылы Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Ұйғыртану институты жанындағы Шығыстану орталығының жетекшісі қызметтерін атқарған.

Бірнеше кітаптың авторы, 240-тан астам ғылыми еңбектері жарияланған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, медальмен марапатталған.

61 жыл бұрын (1959) Қазақстан Республикасының Түрікменбашы қаласындағы консулы Мұхит Советұлы ОРАЗАЕВ дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Ленинград кеңес сауда институтын, тауартанушы (1980), Мәскеу мемлекеттік әлеуметтік институтын, заңгер (2000) тәмамдады.

Еңбек жолын Қазақстан тұтынушылар одағының шаруа тауарлары басқармасының тауартанушысы, Қазақстан тұтынушылар одағының өнеркәсіп тауарларын сату басқармасының аға тауартанушысы, жетекші тауартанушы болып бастады (1980-1985). 1985-1990 жылдары – Қазақстан тұтынушылар одағы сыртқы сауда басқармасындағы экспорт бөлімінің бастығы (Алматы қаласы). «Казкооппромснаб» әмбебап сауда базасы директорының орынбасары (1990-1991); Қазақстан тұтынушылар одағы «Казкоопвнешторг» бас директорының орынбасары, бас маман (1991-1992), «СКАР» сауда-өнеркәсіп концернінің бас директоры (1992-1993), 1993-1996 жылдары - «Дакка» фирмасының бас директоры (Алматы қаласы), 1996-1997 жылдары – Медеу ауданы әкімінің орынбасары, ҚР Премьер-министрі кеңсесінде мемлекеттік қызмет, кадрлар және қадағалау бөлімінде сектор меңгерушісі, ұйымдастыру және қадағалау бөлімінде сектор меңгерушісі, ұйымдастыру, қадағалау және қауіпсіздік секторының меңгерушісі (1997-1999), ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мемлекеттік қызмет жүйесінде кадрлармен жұмыс департаментінде бөлім бастығы, ҚР СІМ-де жауапты қызметтер атқарған (1999-2000), ҚР Түрікменстандағы Елшілігінің кеңесшісі (2000-2002), ҚР СІМ аппараты кадрлар басқармасының бастығы, ҚР Тәжікстан Республикасындағы Елшілігінің кеңесшісі (2000 жылдан бастап), ҚР-ның Астрахань қаласындағы (РФ) консулдығының консулы (2006-2009), ҚР-ның Ливия Ұлы Соцалистік Халықтық Араб Жамахириясындағы уақытша сенімді өкілі (2009 жылдан бастап), ҚР Елшілігінің Қырғыз Республикасындағы кеңесші-елшісі болып қызмет атқарған.

Қазіргі қызметінде – 2014 жылдың қараша айынан бастап.




48 жыл бұрын (1972) Қазақстан Республикасының бокстан еңбек сіңірген спорт шебері Нұржан Дініқұлұлы СМАНОВ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Абай ауылында туған. 2008 жылы Шымкент әлеуметтік-педогогикалық университетінде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша бітіріп, дене шынықтыру және спорт біліктілігі және бакалавр академиялық дәрежесі берілген. 1998 жылы Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Құқықтану» мамандығын бітіріп, заңгер біліктілігін алған. 1989 жылы Қазақ химия-технологиялық институтына оқуға түскен, 1994 жылы инженер-экономист мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1994 жылы Қазақстан Республикасының туризм және спорт министрлігінде спорттан нұсқаушы болып бастаған. 1997 жылдан бастап 2000 жылдар арасында «Динамо» сауықтыру спорт кешенінде спорттан инспектор болып істеген. Оңтүстік Қазақстан облысының Ішкі Істер бас басқарма полициясының аға лейтенанты, сондай-ақ ОҚО кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінің жаттықтырушы-оқытушы болып қызмет атқарған. 2000 жылдың 18 қаңтарынан бастап 2008 жылдың 15 сәуіріне дейін ШФ «Казкоммерцбанк» АҚ-ның қауіпсіздік бөлімінің инкассация қызметінің бастығы болып істеген. 2008 жылдың сәуірінен бастап Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы болып қызмет атқарды.

1987 жылы 15 жаста бокстан Кеңес Одағының Чемпионы және КСРО спорт шеберін алған.

18 жасында Еуропа Чемпионы, Еуропаның «Үздік боксері» атанған. 1988 жылы Халықаралық дәрежедегі КСРО спорт шебері, 1995 жылы «Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген спорт шебері» атағын алған. Халықаралық аренада спорттан елеулі жетістіктерге жетіп, ел намысын қорғап, талай-талай Қазақстан Республикасының ән ұранын шырқатып, туын желбіреткен. Қазақстанның 6 дүркін чемпионы, КСРО-ның 4 дүркін чемпионы, Азия және Азия ойындарының 2 дүркін чемпионы, Еуропа чемпионы, Әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері. Алтын белбеу иегері. 1996 жылы Атлантада (США) өткен Олимпиада ойындарының қатысушысы (5-орын). Қазақстан құрама командасын басқарып, 5 жыл ұлттық құрама командасының капитаны болған. Спорт мансабында 52 медаль ұтып алған. Оның ішінде: 35 алтын, 9 күміс, 8 қола медальдарының иегері.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай