Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

18 шілде. ҚазАқпарат күнтізбесі

2021 жылдың 18 шілде 2021 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат оқырмандарына 2021 жылғы 18 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Қазақстанда металлург күні

Қазақстан Республикасының Президентінің 2003 жылдың 15 қарашадағы Жарлығы бойынша шілденің үшінші жексенбісі металлургтер күні ретінде аталып өтіледі. Өнеркәсіп өндірісіндегі сан алуан жұмысшы мамандықтарының көптігі өмірге бүкілхалықтық салалық мерекелердің пайда болуына әсер етті. Соның бірі – Металлург күні. Металлургия – (грек сөзіне аударғанда – метал өңдеймін) ғылымның, техниканың, өнеркәсіптің кеннен немесе басқа да материалдардан металл алу процестерін, сонда-ақ металл қорытпаларға олардың химиялық құрамы мен құрылымын өзгерту арқылы қажетті қасиеттер беру процестерін қамтитын саласы. Металлургия – түсті және қара , галламды, өте жоғары температурада (2000-20000 К) өтетін плазмалы және лазермен өңделетін металлургия болып ажыратылады: орындалатын процестерге байланысты пирометаллургия және гидрометаллургияға бөлінеді. Қазақстанмен қатар, бұл мереке Армения, Беларусь, Украина және Ресейде атап өтіледі.

Дүниежүзілік тыңдау күні

Бұл күн тыңдау арқылы бейбітшілік пен табиғатты, мәдениет пен қоғамды түсінуге бағытталған Әлемдік тыңдау жобасының, коммерциялық емес ұйымның арқасында пайда болды.

Мереке күні канадалық композитор, музыка мұғалімі, жазушы, суретші, философ және қоршаған ортаны қорғаушы Рэймонд Мюррей Шейфердің туған күніне орай таңдалды. Ол ең алдымен «Әлемді бапта» кітабы мен World Soundscape Project жобасы арқылы танымал. Шейфер заманауи акустикалық экология ғылымының негізін қалаушы боп саналады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1907 жылы Шығыс Қазақстанда ерекше құрылыс – шегесіз, ағаштан жасалған мешіт салынды. Мұсылман жамағатының мешіті тарихы негізінен 1812 жылдан бастау алады. Дәл осы жылы Аққолтық ауылына татар ұлтының өкілдері келіп қоныстана бастаған. Кейіннен Сұлтанғали Нығматоллаұлы Фазылбековтың бастамасымен осы мешіт құрылысы 1905 жылы басталып, ол екі жылға созылды. Мешіт Қазан қаласындағы ағаш мешіттерге ұқсатып салынған.

2006 жылы Қазақстан Республикасының Дубайдағы Бас консулдығы Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясын араб тілінде жарыққа шығарды. Бұл басылым жетекші араб елдерінің ресми, ғылыми және іскер топтарын Елбасы Жолдауының негізгі бағыттарымен, атап айтқанда, сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның халықаралық деңгейдегі мәдениетаралық және конфессияаралық диалог орталықтарының бірі ретінде қызмет атқаруға әзір екенін қуаттаған сөзімен қеңінен таныстыруға септігін тигізді.

2013 жылы Галац қаласында (Румыния) Қазақстан Республикасының құрметті елшілігінің ресми ашылу салтанаты өтті.

2014 жылы Астанада Сот төрелігі сарайы жаңа ғимаратының ашылу салтанаты өтті. Сарайда 50 мәжіліс залы бар, ол жерге Астана қалалық соты, мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот, Есіл аудандық соты және Есіл ауданының № 2 соты орналасқан. Залдарда сот процестерін аудио- бейнетіркеу және бейнебақылау жүйелері орнатылған, бейнеконференция өткізуге арналған арнайы құрылғы бар. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін залда сот процестеріне қатысушыларға sms-тарату және электрондық пошта арқылы автоматты түрде хабарлама жіберу жүйесі қарастырылған.

2014 жылы Астанада Назарбаев Университеті базасында Технологиялық парк ашылды. Технопарктің жалпы аумағы 2 мың шаршы метрден асады.

2016 жылы оңтүстік қазақстандық Карина Нәжімеддинова Италияда өткен «Sun оf Italy» халықаралық конкурс-фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды.

2016 жылы «1941. Брест қамалы. Қазақстан» кітабында алғаш рет Брест қамалын қорғаған қазақстандықтардың тізімі жарияланды. Кітаптың авторы – тарих ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдағы медиа кафедрасының профессоры Ләйлә Ахметова.

2016 жылы Ыстанбұлда ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұра комитетінің отырысында Тянь-Шань (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан) Дүниежүзілік мұралар тізіміне кіргізілді.

2017 жылы Оңтүстік Кореяда Әскери теңіз академиясында білім алып жүрген Қазақстан курсанты Бақтияр Күйкен Кореяның Чинджу қаласында өткен әуесқой боксшылар арасындағы жарыста алтын медальға ие болды. Спортшы екі айқаста 3:0 есебімен жеңіске жетіп, біреуі техникалық нокаутпен аяқталды, ал енді бірінде қарсылас жекпе-жекке шығудан бас тартты.

2017 жылы Қызылорда шекара жасағының «Қызылқұм» шекара заставасына ерлігімен есімі елге танылған Жанқожа батырдың аты берілді.

2018 жылы қазақстандық суретші, АТОМ жобасының құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков Халықаралық «Ядросыз болашақ үшін» сыйлығының лауреаты атанды. Табыстау рәсімі қазан айында Зальцбургте өтті (Австрия).

2019 жылы Көкшетауда Қазақстандағы қызметтік міндетін атқару кезінде мерт болған жалғыз полицей-әйел, Ақмола облыстық ІІБ медицина қызметінің бастығы ішкі қызмет подполковнигі Ботагөз Бижановаға мемориалдық тақта ашылды.Ол қызметтік міндетін атқару кезінде мерт болған.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай