Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

2 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі

2020 жылдың 2 маусым 2020 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарға 2020 жылғы 2 маусымға арналған күнтізбені ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Байқоңыр қаласының және ғарыш айлағының күні

Осыдан 64 жыл бұрын 1955 жылғы 2 маусымда СССР Қорғаныс министрлігі Бас штабының директивасымен «Байқоңыр» ғарыш айлағын ұйымдастыру-штаттық құрылымы бекітілген болатын. Міне, содан бері, 2 маусымда Байқоңыр қаласының туған күні және ғарыш айлағының күні тойланады.

Дұрыс тамақтану және артық астан бас тарту күні

Бұл мереке ресми емес америкалық Eat What You Want Day мерекесіне (тәулік бойы диетаны ұмытып не қаласа соның бәрін жеу күні) өзіндік жауап болды. Мерекенің негізгі міндеті - тамақтану мәдениетіне қалың жұртшылықтың назарын аудару.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1955 жылы СССР Қорғаныс министрлігінің ғылыми-зерттеу сынақ полигоны, қазіргі «Байқоңыр» ғарыш айлағының іргетасы қаланды. «Байқоңыр» ғарыш айлағы 6 млн 227 мың гектар аумақты қамтиды. Қызылорда облысының Қармақшы және Қазалы аудандарының жер көлемін және зымыран тасымалдағыштан бөлінген бөлшектердің түсу аймақтарын қоса есептегенде ғарыш айлағы 4 млн гектардан астам жерді алып жатыр. Бүгінде ғарыш айлағында 15 ұшыру қондырғысы, 9 бастама жинағы, 11 құрастыру-сынау тұрқы бар. Байқоңырдан ұшу трассасы Арал теңізінен Камчатка түбегіне дейін созылып жатыр. Байқоңыр ғарыш алаңы 1991 жылы Қазақстан Республикасының иелігіне өтіп, 1993 жылы Ресей Федерациясына 20 жылға жалға берілді. 2004 жылдан Қазақстанның ғарыш қызметіне қатысуының жаңа кезеңі басталды. Қазақстан мен Ресей президенттері қол қойған келісімде «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға беру мерзімін ұзартумен қатар Ресей ғарыш саласының қолдауымен Қазақстанның ғарыш жобаларын жүзеге асыру қарастырылған.

1988 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Мәдениет жөніндегі мемлекеттік комитет құрылды. Қазақстан Республикасы Президентінің 1992 жылғы ақпанның 7-сіндегі Жарлығымен аталған комитет Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі болып қайта құрылды.

1992 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің «Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасы туралы» қаулысы қабылданды.

1998 жылы Астанада Қазақ ұлттық музыка академиясы ашылды. Қазақ ұлттық музыка академиясының ректоры - Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор, әлем әртісі Айман Мұсақожаева. 2010 жылғы ақпан айынан Қазақ ұлттық музыка академиясы Қазақ ұлттық өнер университеті болып қайта құрылды.

1999 жылы Астанадағы көшелердің біріне алаш қайраткері, ғалым, драматург, жазушы, журналист Қошке Кемеңгерұлының (1896-1937) есімі берілді.

Кемеңгеров Қошмұхамбет (Қошке) Дүйсебайұлы (1896-1937) - алаш қайраткері, ғалым, жазушы, драматург, журналист. 1896 жылы 15 шілдеде сол кездегі территориялық бөлініс бойынша Ақмола облысы, Омбы уезінің Қаржас ауылында дүниеге келді. Омбы ауыл шаруашылығы училищесін бітірген. 1916-1918 жылдары «Балапан» қолжазба журналының редакторы болады. Ол 1915 жылдан бастап 1930 жылға дейін үзіліссіз ұлт әдебиетіне, драматургиясына, журналистикасына, ғылымына айрықша үлес қосты. Осы уақыт аралығында Қошке өз қатарластарымен бірге отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық күреске қатысты. Оның сан салалы ізденіске толы ұлтты дамыту жолындағы қызметін 30-жылдары басталған Кеңес өкіметінің қуғын-сүргін науқаны үзді. 1917 жылы сәуірде Омбыдағы Ақмола облыстық қазақ атқару комитетінің тапсырмасымен Д.Әділов екеуі Ақмолаға келеді, мұнда Сәкен Сейфуллинмен бірлесіп, «Қазақ» комитетін, «Жас қазақ» ұйымын құруға ат салысады. Қошке Кемеңгеров шығармашылығы «Айқап» журналында 1915 жылы жарияланған «Жазғытұры», «Бақ іздеген», «Солған гүл» өлеңдері мен «Пайғамбар», «Сәскелік көлдің жағасында» секілді аудармаларынан басталады. Прозадағы алғашқы туындыларының бірі - «Тұтқынның ойы» әңгімесі. Осы және «Отаршылдың ұсқындары», «Қанды толқын» әңгімелерінде қазақ қауымының күрделі әлеуметтік жай-күйі шебер суреттеледі. Қаламгер құрметіне Баянауылда мектеп, Астанада көше атауы берілді.

2006 жылы Мойнақ су электр стансасының құрылысы араға 14 жыл салып қайта қолға алынды. Құрылысы 1985 жылы басталып, Одақ тарағаннан кейін тоқтап қалған су электр стансасын іске қосу, жалпы қуаттылығы 300 МВт болатын Мойнақ СЭС-інің жұмыс істеуі еліміздегі электр энергиясына деген тапшылықтың орнын толтырмақ.

2013 жылы М.Қозыбаев атындағы тарихи және әлеуметтік-саяси ғылым орталығының жетекші маманы Мұхаметбек Асылбеков Тарбағатай тауларынан табылған жартастағы санскриттегі жазбаның мағынасын ашты. Бұл танымал будда мантрасы болып шықты: «Ом мани падме хум». Бұл сөз «Өзіне інжуді жасырған лотос гүлі» деп аударылады.

2014 жылы Иранның Тебриз қаласында 20-30 мамыр аралығында өткен шахматтан Азия халықтары кубогында Қазақстанның ерлер командасы тез ойналатын шахматтан алтын медаль жеңіп алды. Олар финалда қытайлық шахматшыларды 2,5:1,5 есебімен жеңді.

2014 жылы Қытайдағы қазақстандық студенттердің ІІІ құрылтайының қорытындысы бойынша Жастарды жан-жақты дамыту мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы меморандум және Қытайдағы қазақстандық студенттер қауымдастығының Жарғысы қабылданды.

2017 жылы британдық ВВС Қазақстандағы сауда хабы - «Қорғас» Шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы туралы бейнеролик түсірді.

2017 жылы Қазақстан Республикасы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Халықаралық көлік форумының толыққанды мүшесі атанды.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай