Ауа райы
Астана 30 °С
Алматы 30 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

2020 жылдан бастап АӘК тағайындау механизмі қалай өзгерді

2020 жылдың 10 қаңтар 2020 19:02

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында ашықтықты, әділеттікті және еңбекке ынталандыруды қамтамасыз ете отырып, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау тетігіне өзгеріс енгізуді тапсырған болатын. Осыған байланысты Үкімет әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа механизмдерін енгізді. Азаматтардың әл-ауқатын жақсарту және кірісін арттыру шаралары туралы Primeminister.kz-ке берген сұхбатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаменті директорының орынбасары Аяжан Жандарбекқызы Жанғабылова айтып берді.

— Халықты атаулы әлеуметтік көмекпен қамту бойынша 2019 жылғы нәтиже қандай? Қанша өтініш түсті, қанша отбасына атаулы әлеуметтік көмек төленді?

- 2019 жылдың қорытындысы бойынша 485 мыңнан астам отбасына немесе 2,5 млн астам адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Оның ішінде 190 мың көпбалалы отбасы тіркелген. Ал өткен жылдың аяғына қарай нақты көмек алушылардың саны 315 мың отбасы болды. Оның ішінде 1 млн астамы – 18 жасқа дейінгі балалар.

— Атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа механизмдері енгізілді, ондағы шаралар кешені 3 бағытты қамтиды. Бұл өзгерістерді халық қалай қабылдауда? Қандай нәтиже күтеміз?

- Президенттің тапсырмасы бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тиісті заңнамаларға өзгерістер енгізіп, атаулы әлеуметтік көмек көрсету тетіктерін қайта қарастырды. АӘК алушылардың дені көпбалалы отбасылар болғандықтан, олар бөлек санатқа шығарылып, республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақы тағайындалды. Жәрдемақы 4 және одан да көпбалалы отбасыларға арналған. Жәрдемақы көлемі 42 500 теңгеден басталады және бала санына қарай артып отырады.

Өздеріңізге белгілі, АӘК 2002 жылдан бері көмекке мұқтаж жандарға төленіп келе жатыр. Атаулы әлеуметтік көмек соңғы өзгерістерге дейін әр тоқсан сайын тағайындалып, тиісті көлемде берілетін. Біз осы жүйені қайта қолданысқа енгіздік. Ағымдағы жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек әр тоқсан сайын қайта тағайындалады.

Негізгі өзгерістердің бірі – кепілдендірілген әлеуметтік пакет. Бұл әлеуметтік топтама тек атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардағы 1 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған.

— Жаңартылған атаулы әлеуметтік көмек кімдерге және қалай тағайындалады? Шарттары қалай өзгерді?

- АӘК әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға төленеді. Ең аз күнкөріс деңгейінің 70%-ын тағайындаудың шекті өлшемі қалады. АӘК мөлшері отбасының әр мүшесі үшін орташа жан басына шаққандағы табыс пен отбасының әрбір мүшесінің ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ның арасындағы айырманы құрайды.

Тұрмысы төмен отбасыларға ақшалай төлемдер түрінде және өз ісін бастауға оқыту, жұмысқа орналасуға көмектесу арқылы оларды өмірлік қиын жағдайдан шығаруға ықпал етеміз. Еңбекке қабілетті азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасының барлық механизмдері пайдаланылатын болады. Жеке кәсіппен айналысуға ынталылар үшін жеңілдетілген микрокредиттер мен бизнес ашу үшін қайтарымсыз гранттар ұсынамыз. Бүгінгі күнгі еңбек нарығында сұраныс болмай отырған мамандық иелерін қайта оқытамыз, яғни кәсіби біліктілігін арттыруға жағдай жасаймыз.

Бұған дейін аналар 7 жасқа дейінгі бала күтімімен отыра алатын болса, осы жылдан бастап бұл норма Еңбек кодексіне сәйкес 3 жасқа дейін қысқартылды. Алайда, мұндай аналардың балаларының қараусыз қалмауы үшін барлық жағдай жасалған – қысқартылған жұмыс күнін таңдау немесе баласының жанында жұмыс істеуге мүмкіндігі бар.

Сонымен қатар уческелік комиссиялардың отбасының материалдық жағдайына тексеру жүргізу мерзімін 3 күннен 7 күнге дейін ұзарттық. Өздеріңізге белгілі, АӘК-ті заңсыз түрде алу үшін азаматтардың табысы мен бизнесін жасырғаны туралы жағымсыз фактілер де аз емес. Өткен жылы өзінің нақты табысын жасырған 73 мыңнан астам отбасына АӘК заңсыз тағайындалған. Осындай келеңсіздіктерге жол бермеу мақсатында учаскелік комиссиялардың құзыретіне жаңа критерийлер енгіздік. Сол критерийлер бойынша отбасылардың мұқтаждық деңгейі анықталатын болады.

— Атаулы әлеуметтік көмек көрсетуде отбасылық кіріс қалай есептеледі?

- Мүгедек балаларға арналған жәрдемақыны, студенттердің шәкіртақыларын, «Алтын алқа», «Күміс алқа» немесе бұрын «Батыр Ана» атақтарымен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақыларды, атаулы әлеуметтік көмекті, кепілдік берілген әлеуметтік пакетті қоспағанда, еңбек қызметінен түскен табыс пен жәрдемақының барлық түрлері ескерілетін болады. Сондай-ақ микронесие мен грант алған жағдайларда алғашқы 6 айдан кейінгі табысы кіріс ретінде ескеріледі. 2019 жылы Президенттің Жарлығы бойынша азаматтардың қарыз жүктемесі төмендетілді, бұл табыс ретінде есептелмейді. Осы және өзге де жайттардың барлығы тиісті заңға тәуелді актілерде көрсетілген. Олар ағымдағы жылдың 5 қаңтарынан бастап күшіне енді.

— Атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін қандай құжаттар тапсыру қажет? Құжаттарды онлайн тапсыруға бола ма?

- Атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін өтініш беруші өзінің тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына, болмаса ауылдық жерлерде әкімдіктерге жүгінулері тиіс. Жеке куәліктің болуы міндетті, тиісті өтініш толтырылады. Өтініште отбасы жайлы толық ақпарат көрсетіледі: отбасы құрамы, табысы туралы мәліметтер және т. б. Сондай-ақ өтініш беруші уәкілетті органның тексеріс жүргізуіне келісім береді.

Жұмыспен қамту орталығы e-halyk ақпараттық жүйесі арқылы азаматтардың табыс көзі туралы деректерді анықтайды. Бұл жүйе өзге 20-дан астам мемлекеттік ақпараттық жүйелерге қосылған және нақты әрі толыққанды ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Атаулы әлеуметтік көмек алуышлардың құжаттары мен өтініштері онлайн жүйеде қабылданбайды. Бірақ 2018 жылға дейін арнайы жәрдемақы алған көп балалы отбасылар автоматты түрде жаңа жәрдемақы алушылар тізіміне енгізілді, қайта есептеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда көп балалы отбасылардың саны – 367 мың. 2018 жылға дейінгі және одан кейінгі уақыттағы көп балалы отбасылардың барлығын ақпараттық жүйелер арқылы анықтап, жәрдемақы төлеуді бастадық.

— Кепілдендірілген әлеуметтік пакет табысы аз отбасылардағы балаларға көмек мақсатында енгізіліп отыр. Әлеуметтік пакет құрамына не кіреді? Берілу жиілігі қандай?

- Кепілдендірілген әлеуметтік пакеттің екі түрі бар, олар баланың жасына байланысты. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін азық-түлік тауарлары мен тұрмыстық химия тауарлары қарастырылған. Азық-түлік тауарлары түрлі жарма, пюре, шырын, сүт және т.б. қамтиды. Бұл азық-түлік өнімдерін темір мен басқа да дәрумендердің, минералдардың жетіспеушілігін ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігі ұсынды. Азық-түлік жиынтығын балалар ай сайын алатын болады. Тіс пастасы, балаға арналған щетка, кір жуатын ұнтақ, сабын сияқты тұрмыстық химия тауарлары тоқсанына бір рет ұсынылады. Әр балаға бір пакеттен беріледі.

6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін ыстық тамақ, мектеп киімдері мен оқу құралдарын сатып алу, жол жүру шығындарын өтеу, сондай-ақ тегін медициналық қызмет көрсету қарастырылған.

Мектеп жасындағы балаларға әлеуметтік топтама оқу жылының соңына дейін мектеп тарапынан беріледі. Ал азық-түлік жиынтығы мен химиялық тауарлар жергілікті атқарушы органдар арқылы үлестіріледі. Бүгінгі күні тауар сатып алынатын мекемелер Үкіметтің қаулысымен бекітілген.

— Мемлекеттік жәрдемақының көлемі, шарттары қандай?

- 2019 жылы атаулы әлеуметтік көмек тек отбасының табысына қарай, яғни тұрмысы төмен отбасыларға ғана төленді. Ал осы жылдан бастап сонымен қоса, көпбалалы отбасыларға төленетін арнайы мемлекеттік жәрдемақы бекітілді. Бұл жәрдемақы отбасылық кіріске қарамастан барлық көпбалалы, яғни 4 және одан да көп, кәмелеттік жасқа толмаған, орта арнаулы немесе жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жасы 23-ке толмаған балалары бар аналарға беріледі: төрт балаға – 42 496 теңге, бес балаға – 53 127 теңге, жеті және одан көп болса – 74 388 теңге. Отбасының табысы қаралмайды, отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтылуы шарт емес.

— Көпбалалы отбасылар жәрдемақымен қоса атаулы әлеуметтік көмек ала ала ма?

- Көпбалалы отбасының табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен болса, отбасы арнайы жәрдемақымен қоса, атаулы әлеуметтік көмекті алуға құқылы. Отбасының осы тоқсандағы алатын мемлекеттік жәрдемақысы кіріс ретінде қаралмайды. Себебі, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде өткен тоқсанның табысы есептеледі. Сондықтан келесі тоқсанда көпбалалы отбасының мемлекеттік жәрдемақысы кіріс ретінде ескеріледі.

— Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту, қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында қаңтар айында әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылады деп жоспарланған. Автоматтандырылған ақпараттық жүйе қандай проблемаларды шешеді, қандай функциялар қолжетімді болады?

- Қаңтар айынан бастап әлеуметтік қызмет көрсету порталын электронды түрде іске асыру көзделіп отыр. Елімізде 690 мыңнан астам мүгедек жан бар. Олар үшін жеке оңалту бағдарламасы әзірленеді. Сол бағдарламаға сәйкес, қажетті техникалық оңалту құралдары бүгінгі күні әлеуметтік қызметтер порталына енгізілуде. Осы уақытқа дейін аталған оңалту құралдарын сатып алу процесі 8 айға дейін созылған болса, портал арқылы техника 14 күннің ішінде жеткізіледі. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қажетті оңалту техникасын бағасына, басқа да критерийлеріне сай таңдап алуға мүмкіндік бар.

— Тәжірибе жүзінде әлеуметтік қызметтердің электрондық порталы пилоттық режимде Ақтөбе қаласында іске қосылды. Ілкі жоба қандай нәтиже көрсетті? Қорытындысы қандай?

- Әлеуметтік қызметтер порталы қаңтар айында іске қосылады. Осы уақытқа дейін ол Ақтөбе қаласында пилоттық жоба ретінде апробациядан өтті. Екі бизнес-процесс енгізілді: техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету және арнайы әлеуметтік қызметтер алу мекемелеріне жолдама беру. Портал арқылы Ақтөбе қаласында 10 азаматқа арнайы мекемелерге жолдама берілді және 1 техникалық құрал алынды. Бүгінгі күні портал жұмыс істеуге толық дайын.

— Сұхбатыңызға рахмет!


Жоғары қарай