Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

2020 жылы елорда бюджетіне 696 млрд теңге кіріс түскен

2021 жылдың 15 сәуір 2021 12:55

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Былтыр Нұр-Сұлтан қаласының бюджетіне 696 млрд 940 млн теңге кіріс түскен. Яғни, жоспар 35 млрд 899 млн теңгеге асыра орындалып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Әліби Жұмаев қоғамдық кеңес отырысында осындай мәлімет берді

«Өткен жылы Нұр-Сұлтан бюджетіне 696 млрд 940 млн теңге түсті. Жоспар 35 млрд 899 млн теңгеге асыра орындалды. Меншікті кірістердің жиынтық көлемі 361 млрд 717 млн теңгені құрады немесе 11% артық орындалды. Салықтық түсімдер бойынша 332 млрд 479 млн теңге түсті. Ол 110,6%-ды құрады немесе 31 млрд 751 млн теңгеге асыра орындалды. Салықтық емес түсімдер бойынша 11 млрд 796 млн теңге немесе 116%-ға өсті», - деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, бюджет бөлігінде негізгі кірісті асыра орындау салық түсімдері есебінен қамтамасыз етілген.

«Бұл ретте 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы жергілікті бюджетке түсетінін атап өткен жөн. Осыған байланысты асыра орындаудың негізгі сомасының бірі корпоративтік табыс салығының түсімдері болды. Бұл сома 13 млрд 604 млн теңгені құрады. Жеке табыс салығы бойынша 122 млрд 404 млн теңге түсті. Әлеуметтік салық бойынша асыра орындау 7 млрд 827 млн теңгені құрап, 89 млрд 521 млн теңге болды. Жер салығы бойынша жоспар 26 млн теңгеге асыра орындалып, жалпы 1 млрд 593 млн теңге түсті. Көлік құралдарына салынатын салық бойынша жоспар 540 млн теңгеге асыра орындалып, 5 млрд 642 млн теңге түсті», - деп толықтырды экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы.

Сөзінің соңында Әліби Жұмаев есепті жылы Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 49 млрд 548 млн теңге, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 44 млрд 30 млн теңге болатын мемлекеттік бағалы қағаздар шығарылғанын мәлім етті.


Жоғары қарай