Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

2021 жылғы Президенттік кадр резерві: Іріктеу қалай жүргізіледі

2020 жылдың 18 қыркүйек 2020 15:05

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова 2021 жылғы Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу қалай жүргізілетінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы жүктеген тағы бір маңызды міндеттің бірі – 2021 жылы Президенттік жастар кадрлық резервін өткізу. Қазіргі уақытта біз оның механизмі бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл жолы шағын ғана менеджерлер мен кәсіби мамандарды іріктеп алу жоспарланып отыр», - деді Анар Жайылғанова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Агенттік басшысы алғаш рет Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу жұмысы 2019 жылы өткізілгенін еске салды.

«Президенттің жастар кадр резервіне іріктеудің нәтижесінде мықты деген 300 үміткер таңдап алынды. Бүгінге дейін оның 153-і жұмысқа орналасқан. Олардың ішінде оны - саяси қызметке, «А» корпусына екеуі, қалғаны жеке және квазимемлекеттік сектордағы жұмысқа орналасты. 2021 жылғы іріктеудің 2019 жылғы іріктеуден басты айырмашылығы – нақтылыққа негізделеді. Яғни, іріктеу мемлекеттік органдардың шынайы қажеттілігіне байланысты өткізіледі», - деді ол.

Анар Жайылғанова одан бөлек тапсырманы сапалы орындау үшін іріктеу жұмысына қажеттілігі бар мемлекеттік органдардың өзі тартылатынын жеткізді.

«Қазіргі уақытта мемлекеттік органдарға қажеттілігі жөнінде ұсыныстарды жіберу бойынша хаттар жолданды. Үміткерлерді іріктеу келесі кезеңдерден тұрады: біріншісі – қатысушылардың құжаттарын қабылдау. Бұл жұмыс автоматтандырылған онлайн-форматта жүргізіледі. Сондай-ақ қашықтан алынатын тестілеу үміткерлердің күрделі ақпараттармен жұмыс жүргізу қабілетін айқындап, олардың аналитикалық және сыни пайымдауына анықтауға мүмкіндік береді. Үміткерлер бұл жерде өз мүмкіндіктері мен қабілетін дәлелдеуі тиіс. Келесі кезең – кейстік міндеттерді орындау. Бұл кезеңде үміткерлер жазбаша және коммуникациялық дағдыларын, сондай-ақ нақты бір саладағы білім деңгейін, сыни ойлай білу деңгейін көрсетеді. Олардың жұмысын нақты саладағы сарапшылар бағалайды», - деді ол.


Жоғары қарай