Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

2021 жылы БҚО-да 95 ауылда ұялы байланыс орнатылады

2021 жылдың 25 мамыр 2021 19:12

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев өңірдегі интернетпен қамтамасыз ету шараларын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әкімнің айтуынша, Президент тапсырмасы аясында өңірде 250-ден астам тұрғыны бар 68 ауылда мобильді интернет жүргізілген.

«Бүгінгі таңда облыс халқының 96%-ы мобильді байланыспен қамтамасыз етілген. Дегенмен, ұялы байланыс пен интернеттің сапасы мәселесі әлі де бар. 2021 жылы ұялы байланысы жоқ халқы аз 95 ауылды ұялы байланыспен қамтамасыз ету мәселесін шешуді жоспарлап отырмыз», - деді Ғали Есқалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, 86 ауылда мобильді интернеттің жылдамдығы мен сапасын арттыру жоспарланған.

«Өткен жылы мемлекеттік қызметтердің 95% электронды түрде көрсетілген. Өңірлік IT-Hub көмегімен «109», «112» жобалары, stopcovid.kz сайты жүзеге асты, олар пандемия кезінде көп көмектесті. Қазір «Smart Aqsai» жобасы әзірленуде, онда заманауи бейнекамералар, жарықтандыру аспаптарын орнату, деректер базасын интеграциялау және т.б. жоспарлануда. Полиция департаментінің жедел басқару орталығы мен облыс мектептеріндегі бейнебақылау жүйесін орталықтандыруды жоспарлап отырмыз», - деді БҚО әкімі.


Жоғары қарай