Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

2025 жылға дейін мемлекеттің қатысы бар автобус парктері жекешелендіріледі

2021 жылдың 6 мамыр 2021 13:06

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2025 жылға дейін бәсекелестікті дамыту жөніндегі ұлттық жобада мемлекеттің қатысы бар барлық автобус парктері жекешелендіріледі. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мұнда қолжетімді болу жағдайы өте маңызды. Конкурс өткізу кезінде жолаушылар мен жүкті автомобиль көлігімен тасымалдау ережелері туралы балдық бағалау шкаласы бар – бұл мемлекеттік автопарктерге артықшылық беретін конкурстық ұсыныс. Мерзімі неғұрлым төмен болса, соғұрлым көп ұпай беріледі. Әрине, жаңартуды ескерсек, мемлекеттік автопарктердің артықшылығы бар», - деді С. Жұманғарин «Kazinform» алаңында «Қоғамдық көлікпен жолаушылар тасымалдаудағы бәсекелестік» атты жиында.

Өндірістік, техникалық базаның болуы жөнінде спикер жолаушыларды тасымалдау жағдайын жақсартатын қосымша жағдайлардың өте маңызды екенін жеткізді.

«Отандық өндірістен шыққан микроавтобустар болса – әрбір данасы үшін 5 балл, жеке меншіктегі микроавтобустар болса – әрқайсысына 5 балл. Лизинг үшін – әр данасына 1 балл. Бұл келісім кем дегенде үш жылға жасалады. Парк жаңартылған жағдайда 10 жылға дейін ұзартылады. Жағдайдың түзеліп келе жатқаны түсінікті. Мемлекеттің тасымалдау экономикасына қатысуы жылдан-жылға артып келеді», - деді Агенттік төрағасы.

Оның айтуынша, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Open Space» және «Кедергі бойынша кеңестер» атты ашық алаңдар құрған. Кедергілер жөніндегі кеңестерде бұл мәселелерге ерекше назар аударылады.

«Тасымалдау маршрутына қызмет көрсету құқығына конкурс өткізу мерзімдері регламенттелмеген. Егер біреу маршруттан бас тартса, кетіп қалса, әрине, конкурс өткізу мерзімдерін белгілеу қажет. Конкурс көбінесе тиімді және тиімсіз маршруттар қосылған бірнеше маршруттардан тұратын бір лотқа өткізіледі. Ережеге сәйкес, тиімді маршрут тиімсізбен біріксе де, олар әлеуметтік маңызды болуы керек. Тағы бір мәселе – бірқатар өңірлерде субсидиялардың болмауы. Бұған дейін айтқанымдай, не бюджеттік өтінімдерді сапалы дайындау керек немесе тасымалдауға әділетті болатын тариф беру қажет. Бекітілген тарифке байланысты бизнес шығынға ұшырап отыр. Көптеген адамдар кейбір қашықтықта жолаушылар ағыны төмендегенін, сол үшін ҚҚС алып тастауды, автобус сатып алу кезіндегі утилизация ақысын алып тастау керегін айтып жүр. Инфрақұрылымның болмауы: жанармай құю, газ, электрлік қуаттау, автобус тұрағы, автобустың кіруіне арналған арнайы орындардың болмауы да – маңызды мәселе. Ең бастысы – мемлекет қатысатын автобустардың үлесі жоғары болып отыр. Біз осы бағытта жұмыс жүргіземіз және 2025 жылға дейін бәсекелестікті дамыту жөніндегі ұлттық жобада мемлекет қатысатын барлық автобус парктері жекешелендіріледі деп жоспарлап отырмыз. Тиісінше, мемлекеттік және квазимемлекеттік парктерге арналған қызмет түрі болмайды. Әрине, бұл бәсекелестікті дамыту дәрежесін ескере отырып жасалады. Бәсекелестік әлі дамымаған аудандық немесе ауылдық деңгейде әлі жүргізілмеуі мүмкін», - дейді С. Жұманғарин.


Жоғары қарай