Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

22 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі

2021 жылдың 22 маусым 2021 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2021 жылғы 22 маусымға арналған күнтізбесін ұсынады.


ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Австралия Одағы арасында дипломатиялық қатынастың орнауы туралы нота алмасты.

1999 жылы Петропавл қаласының театр алаңында Қарасай мен Ағынтай батырлардың ескерткіші ашылды.

2011 жылы Алматыдағы 28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағында мемориалды тақта ашылып, Ржев қаласында қаза тапқан 100-ші, 101-ші жеке атқыштар бригадасын еске алу мақсатында «Бауырластар зиратынан» әкелінген капсула жерге көмілді.

2012 жылы Астана қаласының әкімдігі «Қазақтың 1000 күйі» жинағын шығарды. «Ел» продюсерлік орталығы шығарған жинақта қазақ күйлері туралы ақпарат жан жақты қамтылған. Жинақтан Құрманғазы, Дәулеткерей, Байжігіт, Тәттімбет, Қазанғап, Сүгір, Тоқа, Абыл секілді ұлы күйшілердің өмірлері туралы да ақпарат табуға болады.

2012 жылы Өскемендегі конденсатор зауыты ТМД-ның өзге елдерінде жоқ жаңа өнімдер шығара бастады.

2013 жылы Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде тарихи кейіпкер - Ақан серінің ғашығы Ақтоқтының өмірде болғаны расталды. Бұл факті «Адал жар, ардақты Ана - Ақтоқты бейнесінің тарихи шындығы» іс-шарасының басты мақсаты болды.

2014 жылы Ұлы Жібек жолы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасы нысанына айналды. Қазақстан, Қытай және Қырғызстан мемлекеттерінің Жібек жолын Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізу туралы бірлескен өтініші Дохада (Катар) өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы комитетінің білім, ғылым және мәдениет мәселелері бойынша 38-інші сессиясында мақұлданды. Өтінішке Жібек жолында орналасқан 33 тарихи ескерткіш енгізілді, соның 22-сі Қытайда, 8-і Қазақстанда және үшеуі Қырғызстанда орналасқан.

2015 жылы Женевадағы Жұмыс тобының соңғы отырысында Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі бойынша келіссөздердің аяқталғандығы ресми түрде жарияланды. Қазақстан ДСҰ-ының 162-інші мүшесі атанды.

2015 жылы Өскеменде Үлбі жағалауында татар ақыны және жауынгер Мұса Жәлилге ескерткіш орнатылды. Мұса Жәлил Совет одағының батыры, 1942 жылы ауыр жарақат алып, концлагерьге қамалған. Ол тұтқынға түскен советтік әскерилердің қашуын ұйымдастырған. Жасырын ұйым құрғаны үшін Плетцензей әскери түрмесінде өлтірілді.

2016 жылы шымкенттік Батырхан Дәулет Оңтүстік Кореяда Ульсан ұлттық ғылым және техника университетінің (UNIST) «Жыл студенті - 2016» атанды.

2018 жылы алғаш рет Қазақстанда құрамында танымал қазақстандық альпинист, екі рет Эвересті бағындырған Мақсұт Жұмабаев бар халықаралық экспедиция Таулы Алтайдың ең биік нүктесіне - Мұзтау тауына шықты.

2018 жылы ақтөбелік қолөнерші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Ерқосай Әбілов Әбілқайыр ханның күміс мөрін қайта жасап шығарды. Шебер Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің тапсырысы бойынша мөрі бар жүзік, қанжар мен күміс төс белгінің көшірмесін жасап шықты. Бадам тәрізді мөрі бар жүзікте араб тілінде Әбілқайыр ханның есімі жазылған. «Мен Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің тапсырысы бойынша күміс жүзікті Әбілқайыр ханның мөрінің суретіне қарап отырып жасадым. Сондай-ақ, тапсырыс бойынша қанжар мен күміс төс белгіні де әзірледім. Төс белгіде Кіші жүз қазақтарының бірлігі - «үш Арыс» белгісі бар, оның айналасында 25 рулық тайпа бейнеленген. Белгінің жоғарғы жағында араб тілінде Әбілқайыр ханның аты мен атағы - «Әбілқайыр баһадүр хан хазіретті ибн сұлтан» ойылып жазылған», - дейді шебер.

2019 жылы Алматыда белгілі қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенге мүсін орнатылды. Ескерткіш спортшы қаза тапқан жерге тұрғызылды.

Денис Теннің мүсіні қоладан, тұғыры граниттен жасалған. Биіктігі - 2,4 метр. Мүсін Денистің қола медаль жеңіп алған Сочи Олимпиадасының финалдық бағдарламасын орындап тұрған сәтін өрнектеп тұр. Құрманғазы және Байсейітова көшелерінің қиылысына орнатылған ескерткіш - Санк-Петербург мүсіншісі Матвей Макушкиннің туындысы.

2019 жылы «Қазақтың Моцарты», жас композитор Рахат-Би Әбдісағин Италиядағы Санта Чечилия академиясының докторантурасын тәмамдап, оқу орнының тарихындағы ең жас түлек атанды.

Академияны бітіру сынағында Рахат-Би өзінің 11 орындаушыға арнап жазылған «Ombre del Vuoto» («Үмітсіздік көлеңкесі») атты туындысын ұсынды. «Үмітсіздік көлеңкесі» - симфониялық оркестрдің барлық тобы қамтылған симфонияның бір түрі. Рахат-Би Әбдісағин - композитор және пианист, өнертану ғылымының магистрі, жүзден астам классикалық шығарманың авторы. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты және «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы.

2020 жылы Түркістан қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанынан Халықаралық туризм және меймандостық университеті құрылды. Қазақстандағы халықаралық деңгейдегі тұңғыш университет туризм саласындағы әлемдік деңгейдегі мамандар дайындайды.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай