Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

23 мамыр. ҚазАқпарат күнтізбесі

2020 жылдың 23 мамыр 2020 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат өз оқырмандарына 2020 жылғы 23 мамырға арналған күнтізбені ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1936 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ өнері мен әдебиеті онкүндігінің қорытынды концертінде Құрманғазы атындағы Қазақ халық аспаптары оркестрі «Адай», «Серпер», «Көбік шашқан», «Қос алқа», «Қызыл бидай» күйлерін, ал Жамал Омарова «Қараторғай», «Ертіс» әндерін нақышына келтіре орындады.

1992 жылы Лиссабонда Қазақстан, Ресей, Беларусь, Украина және АҚШ елдері өкілдері 4 елдің жерінде орналасқан стратегиялық ядролық күштерге қатысты бесжақты стратегиялық шабуылдаушы қару-жарақты қысқарту және шектеу туралы Келісімге қол қойды. Келісімде, сондай-ақ, Қазақстан, Беларусь және Украина елдері ядролық қаруды таратпау туралы келісімге ядролық қаруы жоқ елдер ретінде қатысу міндеттері белгіленді.

1996 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Л.Гумилев атындағы Еуразия университеті туралы» Жарлығы шықты. Жарлыққа сәйкес, қаладағы екі жоғары оқу орны біріктіріліп, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университеті құрылды.

1996 жылы ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Қаулысымен «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сәйкестігін қалыптастыру тұжырымдамасы» мақұлданды.

2005 жылы алаштың біртуар азаматы, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынұлының жетекшілік етуімен 1913 жылдан бастап Орынбор қаласында шығып келген «Қазақ» газетінің электронды нұсқасы жасалды. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған жоба Орталық Азия аумағындағы алғашқы цифрлық құжат болып есептеледі. Онда зерттеушілер мен ғалымдар электрондық жүйе арқылы төл газетіміздің 247 нөмірімен таныса алады.

2012 жылы Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркия Республикасының Премьер-министрі Реджеп Ердоғанмен кездесуінің аясында тараптар екі ел арасындағы бірлескен экономикалық бағдарламасы - «Жаңа синергияға» қол қойды.

Құжат мемлекеттердің сауда-экономикалық және инвестициялық салаларындағы ынтымақтастығын аталмыш өзара әрекеттестікке жаңа бағдарламалық мәртебе беру есебінен жаңа деңгейге шығаруды көздейді.

2012 жылы Алматы метрополитені көлік индустриясының «Алтын дөңгелек» халықаралық қоғамдық марапатының лауреаты атанды. Метрополитен «Қазақстан Республикасының көліктік индустриясының жобасы» номинациясында жеңіске жетті.

2014 жылы Талдықорғанда 22 жастағы мүгедек Елдос Баялышбаев мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған фитнес-клуб ашты.

Бірнеше жыл бұрын жол апаты салдарынан ол төсек тартып жатып қалған. Алайда, массаждың арқасында Елдос өзі отыруға қабілетті болды. Елдостың әкесі мен ағасы қолайлы жаттығу жабдықтарын жасап, үш жыл бойы ауыр жаттығу жалғасты. Нәтиже үмітті ақтап, Елдос аяққа тұрды. Балдақтың көмегімен ол өздігінен қозғалатын дәрежеге жетті.

Елдос өз жетістігін басқалармен бөлісуге бел байлап, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша үш миллион теңге грант ұтып алды. Баланың ата-анасы мен достары жаттығу құралдарын жасап, Талдықорған әкімдігі қолайлы ғимарат берді. Ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мүгедектерге арналған фитнес-клуб келушілерге өз есігін ашты.

2016 жылы Atameken businesschannel алғашқы қазақстандық бизнес жаңалықтар мультимедия арнасы жұмысын бастады. abctv.kz телеарнасы - LiveStream режимінде жұмыс істейтін интернеттегі алғашқы ТВ-арна. Ақпаратпен қамту аймағы - Қазақстан, ЕАЭО, ТМД және әлем. Талдау бағдарламалары, нарықтағы ахуал, мамандар пікірлері, сараптамалық бағалау және т.б. ұсынылады.

2017 жылы АҚШ-тың Сент-Питерсберг қаласында өткен Халықаралық бокс федерациясының (International Boxing Federation - IBF) 34-ші жыл сайынғы конвенциясы кезінде IBF / WBA / WBC / IBO орта салмақ дәрежесінде әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкинге спортта жеткен жетістіктері үшін Джерси Джо Уолкотт атындағы арнайы сыйлық берілді.

2018 жылы Астана қаласында жаңартылатын энергия көздері жобаларының алғашқы аукционы өтті. Бірінші аукцион жалпы қуаты 20 МВт болатын жел электр станцияларын таңдауға арналып, Солтүстік аймақ (Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары) үшін өткізілді.

2019 жылы Башқұртстан астанасы Уфа қаласында II ашық жауынгерлік өнердің Еуразиялық ойындары өтті, онда Армияның орталық спорт клубының спортшылары үш алтын және екі күміс медаль жеңіп алды.

Жарысқа Ресейдің 40 өңірінен және Армения, Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Латвия, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінен 3 мыңға жуық спортшы қатысты.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай