Ауа райы
Астана 18 °С
Алматы 16 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

25 мамыр. ҚазАқпарат күнтізбесі

2020 жылдың 25 мамыр 2020 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 2020 жылғы 25 мамырға арналған күнтізбені ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік қалқанша без күні

2009 жылы Еуропалық тиреоидологиялық қауымдастық (European Thyroid Association, ETA) бастамасымен құрылды. ETA - қалқанша безіне байланысты мәселелерді зерттеумен айналысатын ұйым.

Медициналық статистикаға сәйкес, қалқанша безінің жұмысындағы әртүрлі ақауларға ғаламшар тұрғындарының үштен бір бөлігіне жуығы шалдыққан. Безде түйіндердің пайда болуы ересек адамдардың 30 пайызында, зоб (йодтың жетіспеушілігінен бездің ұлғаюы) 10-30 пайызында анықталады.

Халықаралық із-түзсіз жоғалған балалар күні

1979 жылы бұл күні мектептен үйіне қайтар жолда Эвиан Пейтс есімді алты жасар оқушы жоғалған. Оған халықаралық іздеу жарияланса да, нәтиже шықпаған. Осы оқиғадан төрт жыл өткен соң АҚШ президенті Рональд Рейган 25 мамырды «Халықаралық із-түзсіз жоғалған балалар күні» деп жариялады. Бір жылдан соң жоғалған және жұмысқа мәжбүрлі пайдаланылған балаларды іздеудің ұлттық орталығы құрылды. Аталған бастаманы бірқатар Еуропа елдері қолдады. 1997 жылы жоғалған және мәжбүрленген балаларды іздеудің халықаралық орталығы (ICMEC) құрылды.

Алматыда фонтандар мерекесі

2005 жылдан бастап жыл сайын атап өтіледі. Алматы қаласы әкімінің қаулысымен бекітілген.

Филологтар күні

Бұл мереке филологиялық білімі бар тіл мен әдебиет саласындағы оқытушылар, кітапханашы, аудармашы-филологтарды біріктіреді. Филология деген атаудың түп төркіні гректің «фило» - «сүйіспеншілік», «логос» - «сөз» деген сөздерінен шыққан. Сонда «сөзге сүйіспеншілік» деген мағына береді. Ал біз қолданып жүрген арабтың «əдебиет» деген сөзі «асыл сөз» деген мағына берсе, латынша «литература» жазу - сызу деген мағына береді екен. Филология - адам баласының рухани мəдениетінің мəні мен тарихын жазба мəтіндерді тілдік жəне стилистикалық тұрғыдан талдау арқылы танып білуге негізделетін лингвистика, əдебиеттану, тарих, т.с.с. гуманитарлық пəндердің бірлестігі, жиынтығы.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1931 жылы Алматы округінің аумағында Балқаш ауданы құрылды. Аудан орталығы Қараөзек ауылы болып белгіленді.

1992 жылы Мәскеуде Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара көмек көрсету, достық туралы келісімге, сондай-ақ Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара сызығын белгілеу уағдаластығына қол жеткізілді.

2006 жылы Атасу-Алашаңқай мұнай құбырын толтыру аяқталды. Оның құрылысы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы арасында 2004 жылғы мамырдың 17-сінде жасалған Атасу-Алашаңқай мұнай құбырын салудың негізгі ұстанымдары туралы Келісімге сәйкес жүзеге асырылды. Құбырды толтыруға қажет технологиялық мұнайдың көлемі 400 мыңнан астам тоннаны құрады. Мұнай құбырын толтыру салтанаты 2005 жылғы желтоқсанның 15-інде басталған болатын. Оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамының Астанадағы орталық диспетчерлік басқару ғимаратынан мұнай құбырларын автоматты бақылау және басқару жүйесі көмегімен іске қосты. Атасу-Алашаңқай мұнай құбырының ұзындығы - 962,2 шақырым, құбыр диаметрі 813 миллиметр. Оның жобалық өткізу қабілеттілігі - жылына 20 млн.тонна, соның ішінде алғашқы кезеңінде жылына 10 млн. тонна мұнай өткізе алады. Мұнай құбыры Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарын басып өтіп, ҚХР аумағындағы Алашаңқайға жетеді.

2010 жылы Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Түркі академиясы ашылды. Бірегей ғылыми-зерттеу орталықтың тұсаукесеріне ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Абдуллаһ Гүл, сонымен қатар, Қазақстан, Түркия, АҚШ, Ресей (Татарстан, Башқұртстан, Чуваш, Якутия), Өзбекстан, Қырғызстан, Украина мемлекеттерінің көрнекті түрколог ғалымдары қатысты.

2009 жылдың 3 қазанында Әзербайжанның Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев түркі дүниесін зерттейтін халықаралық ғылыми орталық құру туралы ұсыныс жасаған еді. Академияны құрудағы мақсат - көне дәуірден бүгінге дейінгі түркі әлемі тарихын, тілі мен әдебиетін және мәдениетін зерттеу. Түркі мемлекеттерінің әлемдік өркениеттегі орны мен ерекше үлесін төлтума деректер негізінде аша отырып жалпы түркі әлеміне қатысты ғылыми зерттеулерді үйлестіретін бірегей орталыққа айналу. Түркі халықтарының ғылыми қауымдастығының ғылым мен білімінің дамуы, сондай-ақ басқа да түркітілдес мемлекеттер қайраткерлерінің бастамаларына жағдай жасау және олардың басын бір арнаға тоғыстыру.

Түркі академиясы 2014 жылдың 28 тамызынан бастап халықаралық мәртебеге ие болды. Қазіргі таңда Халықаралық Түркі академиясының (TWESCO) президенті – Дархан Қыдырәлі.

Сонымен бірге осы күні ТҮРКСОЙ ұйымы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Абдуллаһ Гүлді «Түркі әлемін дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін» орденімен марапаттады.

2015 жылы Түркияның Адана қаласында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атындағы даңғыл салтанатты түрде ашылды. Ол қаланың орталық бөлігінде, Адана қаласының ең көне колледжінің қасында орналасқан. Қаланың ең ірі орталық даңғылдарының біріне Н.Назарбаев есімін беру туралы шешім Адана облыстық мәслихатының отырысында қабылданған.

2016 жылы Ақмола облысында көрнекті мемлекеттік және әскери қайраткер, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовке ескерткіш орнатылды.

2017 жылы Астанада Бейбітшілік және келісім сарайында Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) Түркі жазуы күніне орай Түркология музейінің ашылу салтанатын өткізді. Онда қуғын-сүргінге ұшыраған түркологтардың мұрасы қойылған. Түркітану саласында алғаш рет ұйымдастырылған экспозицияда әйгілі түркітанушы ғалымдар Әбдуәли Қайдар, Әбжан Құрышжанов, Әмір Нәжіп, Рабиға Сыздықова мен Осман Фикри Серткаяның және басқа да ғалымдардың жеке тұтынған дүниелері, бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған күнделіктері мен қолжазбалары ұсынылған.

2017 жылы Павлодарда Ертіс өзенінің жағасынан 18 ғасырдағы белгілі әскери әрі мемлекет қайраткері Сұлтанмұхамед Бахадүр сұлтанның резиденциясы табылды. Павлодарлық Тимур Смағұлов бастаған «Марғұлан-орталығының» археологтары үш ғасыр бұрын Ертіс маңы билеушісінің ордасы болған жерді тапты. Сұлтанмұхамед Бахадүр Абылай ханның туысы болған. Дипломатиялық бағытта жазылған жазбалар оның көреген әрі өте сұңғыла саясаткер болғанын айғақтайды.

2018 жылы Ақмола облысының Целиноград ауданындағы «АЛЖИР» музей-мемориалдық кешені аумағында 1938-1953 жылдары тұтқында жазасын өтеген еврей ұлты əйелдерінің құрметіне мемориалды тақта қойылды. Мемориалдық тақта өткен ғасырдың 30-50 жылдарындағы қайғылы күндерді еске алуға арналған. Əр жылдары «Отанын опасыздық жасағандардың» əйелдеріне арналған Ақмола лагері аталатын «№26 лагпункте» 855 еврей әйелі болды, олар тұтқындардың 16 пайызын құрады. Жалпы, мұражай мұрағаттарында АЛЖИР-де тұтқында болған 62 ұлттың əйелдерінің есімдері жазылған.

2019 жылы Қазақстанда БҰҰ бітімгерлерінің Халықаралық күнін алғаш рет атап өтті. БҰҰ Бас Ассамблеясы бұл күнді 2009 жылдың 29 мамырында жариялаған.

2019 жылы Токиода пауэрлифтингтен Халықыралық біріншілікте Қараман Әбдулкәрім екі мәрте әлем чемпионы атанып, жаңа әлемдік рекорд орнатты (175, 5 келі). Қараман Әбдулкәрім – облыстық кешенді спорт мектебінің түлегі, енді ол Қарағанды облысы жоғарғы спорт шеберлігі мектебінің тәрбиеленушісі. Жарыстарға өзі ғана қатысып қоймай, туған кенті Ағадірде балаларды да жаттықтырады.




Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай