Ауа райы
Астана 3 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

25 жасында бес баланы бауырына басқан жамбылдық Алтынай туралы білесіз бе

2020 жылдың 9 тамыз 2020 09:00

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы Талас ауданының тұрғыны Алтынай Тапелова бүгінде бес баланы бауырына басқан көпбалалы ана. Ол небары 25 жасында осындай игі қадамға барып, өз өмірінде маңызды өзгеріс жасаған батыл жан, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алтынай Тапелова биыл отыз жасқа аяқ басты. Ол асырап алған бес перзенті барда өзін ешқашан жалғыз сезінбейтінін айтады.

Сарысу ауданы Жайылма ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген ол үйдің үлкені. Ізінен ерген төрт інісіне әпкелік мейірімін аямайтын Алтынайдың әкесі де, анасы да өмірлерін ұстаздық жолға, бала тәрбиесіне арнаған қарапайым жандар.

Тараз мемлекеттік педагогикалық университетін тәмамдағаннан кейін еңбек жолын Жуалы ауданы Қарабастау ауылындағы мектепте ұстаздық етуден бастаған кейіпкеріміз кейіннен Талас аудандық білім бөліміне ауысып, бала құқығын қорғау жөніндегі маман атанған. Осында жүргенде Алтынайдың өмірінде үлкен өзгеріс болады.

Ол туралы өзі былай әңгімелейді: «2016 жылы Меркі ауданынан бес баласынан бас тартқан ана туралы ақпарат жетіп, оларды Талас ауданындағы нағашылары бауырына басқанын естідім. Бірақ шамамен төрт ай өткенде нағашылары бізге хабарласып, балаларды асырау қиынға соғып жатқанын, сол себепті оларды балалар үйіне өткізуге ниетті екенін жеткізді. Құжаттары алдыма келгеннен кейін қазан айында аталған мекенжайға бардым. Таласта сол жылы қар ерте түсіп, ызғар бетті қаритындай болып тұрған. Барсам, бес бала бір бөлмеде бүрсең қағып отыр екен. Нағашыларының тұрмысы төмендігі соншалық, балаларға не күздік, не қыстық киім алып бере алмапты. Содан бесеуін де жетектеп үйге алып келдім. Ең кішісі Іңкәр ол кезде небәрі 3 жаста болатын. Балалар мойнымнан құшақтап, бойымнан аналық сезімді қалай оятқанын өзім де түсінбей қалдым»,-дейді Алтынай өткенге бір сәт ойша оралып.

Балаларды алғаш үйіне әкелгенде Алтынайдың әкесі мен анасы жылы қабылдап, көршілердің көмегімен қажетті киім-кешек алып беріпті. Алайда белгіленген талап бойынша үш күннен кейін балаларды Тараз қаласындағы балалар үйіне өткізуге алып баруға тура келген. Сол кезде небары 2-3 күн ішінде оянып үлгерген бір-бірлеріне деген сүйіспеншілік пен қимастық сезім олардың жолының бір арнада тоғысуына себеп болған.




«Шынымды айтайын, босағадан аттап, балалар үйіне кіре алмадым. Көлікте көтеріңкі көңілмен келе жатқан бесеуінің де балалар үйін көргенде түрлері бұзылып, үнсіз отырып қалды. Содан сол күні «құжаттары дұрыс болмай қалды» деген желеумен балаларды қайта үйге алып келдім. Содан бес баланы асырап алу туралы шешімге келдім. Қарсы болғандар да болды. Біреулер әлі жас екенімді айтса, енді бірі бұлай өз өмірімді құртатыным туралы кеңес берді. Бірақ ештеңеге қарамастан, 10 күн ішінде құжаттарды рәсімдеп, балаларды патронаттық тәрбиеге алу туралы рұқсатнама қағазға қол жеткіздім», - деді ол.

Балалардың үлкені Дильназ биыл мектеп бітіріп, Қаратау қаласындағы ТарМУ-дың колледжіне оқуға түсіпті. Одан кейінгі Досжан – 12 жаста. Ернат 11-де болса, Нұрдәулет 9 жасқа толып отыр. Ал, ең кеңжесі Іңкәр – 8 жаста. Барлығы Талас ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы мектепте біліп алуда.

Алтынайдың өзі бүгінде Талас аудандық ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі болып қызмет етеді. Бірақ, ол қызметтен бұрын балаларының бақытын алдыға қоятынын айтады. Қазіргі таңда бес перзенті өзін мама деп атайтынын айтқан ол, осы сөзді естігенде жүрегі езілетінін, тұрмыс құрмай-ақ, өзінің аналық сезімді кешіп отырғанын ағынан жарыла жеткізді. Ендігі арманы – балалардың бақытына куә болып, өмірден өз үлестерін алуына барынша жағдай жасау. Ол үшін бәріне дайынмын дейді ол.





Жоғары қарай