Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

26 қаңтар. ҚазАқпарат күнтізбесі

2022 жылдың 26 қаңтар 2022 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат оқырмандарына 2022 жылғы 26 қаңтарға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік экологиялық білім беру күні

Қазіргі таңда әлемде экологиялық білім беру мәселесінің өзекті болып отырғаны соншалық, Дүниежүзілік экологиялық білім беру күні жылына бірнеше рет аталып өтеді. Экологиялық білім беру жөніндегі Дүниежүзілік конгресс бұл күнді 14 қазанға ұсынса, көптеген басқа экологиялық ұйымдар оны 26 қаңтарда атап өтеді. Экологиялық білім беруді дамытудың басты қозғалтқыш күші – БҰҰ-ның қоршаған орта проблемаларына арналған конференциясы кезінде қабылданған Стокгольм декларациясы.

Халықаралық кеденшілер күні

1983 жылдан бастап атап өтіледі. Бұл мерекені атап өтетіндер саны бүкіл әлемде 800 мыңнан асады. 1950 жылғы желтоқсанның 15-інде Кедендік ынтымақтастық кеңесін құру туралы конвенцияның негізінде Бүкіләлемдік кеден ұйымы (WCO) құрылды. Бүгінде ұйымға 162 мемлекет мүше.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1981 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының жаңа ғимаратының ашылу салтанаты өтті. Сәулетшілері – О. Баймырзаев, А. Қайнарбаев, М. Жақсылықов. Жоба авторлары 1982 жылы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығына ие болған.

1992 жылы Мәскеуде Қазақстан Республикасы мен Жапония арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы хат алмасу рәсімі өтті.

1996 жылы Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру туралы ресми өтінім жасады. Сол жылдың ақпан айында Қазақстан ДСҰ-ның бақылаушы елі деген мәртебесіне ие болды.

2010 жылы жамбылдық оқушы Богдан Загрибельный Сауд Арабиясында өткен Дүниежүзілік балалар форумында әлем Елшісі атанды. Богдан Загрибельный шақыруды Индонезия, Сингапур, Малайзия, Америка Құрама Штаттары және басқа елдердің балалары сияқты Сауд Арабиясының королі Абдалла ибн Әбдел Әзизден алды. Бұған дейін тараздық оқушы Корольдікте ұйымдастырылған Дүниежүзілік өнер олимпиадасының жеңімпазы болды. Богдан 11-14 жас аралығындағы қатысушылардың өнер саласындағы білім проблемаларын талқылайтын беделді балалар форумында Қазақстан Республикасының жалғыз өкілі болған.

2013 жылы Германияның Бохум қаласында «Белгісіз Қазақстан» – Азия жүрегінің археологиясы» атты тақырыптық арнайы көрме ұсынылды.

2014 жылы Алматыда еліміздің 8 жетекші жоғары оқу орны ректорлар консорциумын құрды. Оның ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Қазақ-Британ техникалық университеті, Халықаралық бизнес академиясы мен КИМЭП, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Гуманитарлық Заң университеті мен Қазақ ұлттық аграрлық университеті бар. Консорциум негізінен жоғары оқу орындарындағы болондық жүйенің іске асуын қамтып, оқу барысына инновациялық әдістердің енгізілуін қадағалайды. Әрі студенттерге ғылымға бет бұрып, түрлі тренингтерге қатысуға мүмкіндік береді.

2015 жылы Талдау орталықтарының 2014 жылғы Дүниежүзілік индекс-рейтингісіне сәйкес, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер инстутиты Кавказ, Орталық және Оңтүстік Азияның жетекші «ақылды» орталықтарының үштігіне кірді.

2015 жылы «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» мерекелік медалі бекітілді. Бұл медальмен Қазақстан халқының бірлігі мен елімізде тұрақтылықты қамтамасыз етуге, еліміздегі қоғамдық келісімнің нығаюына айтарлықтай үлес қосып келе жатқан Қазақстан Республикасының жәәне шет мемлекеттердің азаматтары марапатталады.

2016 жылы Түркияның Ыстанбұл қаласындағы Республикалық көркемөнер галереясының тарихи ғимаратында қазақстандық жетекші суретшілердің «Қазақстанның қазіргі заманғы өнері» атты картиналар көрмесінің ашылу салтанаты болып өтті.

2018 жылы Шымкентте Литва Республикасының Құрметті консулдығы ашылды. Литваның Шымкент қаласындағы құрметті консулы болып Мамадияр Қадырбеков тағайындалды. Дипломатиялық өкілдікті ашу мақсаты – екіжақты іскерлік байланыстарды жақсарту, экономикалық және мәдени ынтымақтастықты дамыту.

2018 жылы Н. Крупская атындағы Астрахан облыстық ғылыми кітапханасында қазақтың ұлы ақыны Абай шығармаларының аудармалар жинағы таныстырылды. Кітаптың авторы Юрий Щербаков қазақ ақындарының әдеби аудармасымен бұрыннан айналысып жүр. Ол халықаралық «Ақ Тырна» атты түркітілдес поэзия байқауының, көптеген басқа халықаралық және бүкілресейлік байқаулар мен әдеби жүлделердің лауреаты.

2020 жылы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі қорынан көрме ашылды. Көрмеге Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мұражай-қорығының қорынан 40-тан астам бірегей экспонат қойылды. Олардың арасында ақынның фотосуреттері, тұрмыстық заттары, сондай-ақ абайтану жөніндегі ғылыми-публицистикалық еңбектері бар.

Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай