Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 405.69
EUR 455.51
RUB 5.72
CNY 57.42

26 мамыр. ҚазАқпарат күнтізбесі

2020 жылдың 26 мамыр 2020 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 2020 жылғы 26 мамырға арналған күнтізбені ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1856 жылы Шоқан Уәлиханов «Көкетай ханның ертегісін» алғаш рет қағаз бетіне түсірді. Бұл күн әйгілі «Манас» эпосының жазылуының басы ретінде тарихқа енді.

1993 жылы Түркияның Ыстанбұл, Бурса және Балакесер қалаларында қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың туғанына 100 жыл толуына орай поэзия күндері өтті.

1995 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ жеріндегі атом қаруының жойылғаны жөніндегі үндеуі баспасөз бетінде жарық көрді. Семей полигонының аумағында соңғы ядролық заряд жойылды. Ұзақ жылдар бойы көп қасірет шеккен Қазақстан халқы халықаралық атом зардабының бүкіл ауыртпалығын көтеріп келді. 45 жыл бойына дерлік Семей даласында 459 ядролық жарылыс, соның ішінде ауада 113 жарылыс жасалды. Радиоактивтік сәуле алған жарты миллионнан астам қазақстандықтардың денсаулығы ядролық жанталаса қаруланудың құрбандығына шалынды.

2005 жылы Астанада Түркия Премьер-министрі Режеп Ердоғанның ресми сапары барысында Түрік Республикасы Елшілігінің жаңа ғимараты құрылысының іргетасын қалау рәсімі өтті.

2015 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті ТМД елдері арасында тұңғыш рет беделді халықаралық COMSATS үкіметаралық ұйымының (Оңтүстікте тұрақты даму мақсаттарындағы ғылым және технологиялар комиссиясы) мүшесі болды. Қазақстандық жоғары оқу орнын ұйымға қабылдау туралы шешім Шри-Ланка астанасы Коломбо қаласында өткен үйлестіру кеңесінің отырысында қабылданды.

2016 жылы Жапонияның Fuji Television телекомпаниясының «Mystery All the world» (Бүкіл әлемнің құпиясы) бағдарламасы Қазақстанның Торғай даласындағы геоглифтер туралы түсірілімді бастады. Күншығыс елінде танымал бағдарламаның көрермендер саны 7 миллион адамды құрайды.

2017 жылы Астанада Халықаралық Түркі Академиясының (TWESCO) басшысы Дархан Қыдырәлі мен Моңғолия Ұлттық музейінің директоры Дагваадоржийн Сухбаатар Ғылыми археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу туралы келісімге қол қойды.

Екі ұйым арасындағы ынтымақтастық меморандумына негізделген келісім Моңғолияның Хэнтэй аймағынан табылған көне түркі кешеніне археологиялық экспедиция ұйымдастыруға мүмкіндік берді.

2017 жылы Париждегі Халықаралық эпизоотиялық бюроға қатысушы елдер Ассамблеясының 85-ші жалпы отырысында Қазақстан Республикасы аусылдан азат аймақ деп танылды. Парсы шығанағы, Иран және Израиль елдері аталған мәртебені негізге ала отырып, Қазақстанның бүкіл аумағына мал шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығаруға рұқсат беру туралы келісімдерін берді.

2018 жылы «Тоғызқұмалақ» зияткерлік ойынының мобильді қосымшасын ойлап тапқан Ернар Шамбаев зияткерлік ойынды дамытуға қосқан үлесі үшін марапатталды.

Бағдарламашы Ернар Шамбаев Android және Windows операциялық жүйелеріне арналған қосымшаны әзірледі. Мобильді қосымша зияткерлік ойындардың әуесқойлары арасында танымал қызығушылық тудырып, Чехияда (2013), Францияда (2014), Қырғызстанда (2015) және Қазақстанда (2017) өткен компьютерлік бағдарламалар арасындағы әлем чемпионаттарында 4 рет бірінші орынды иеленді.


Басты сөздер: Оқиға, Қоғам,
Жоғары қарай