Ауа райы
Астана 29 °С
Алматы 35 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

27 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі

2020 жылдың 27 маусым 2020 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырман назарына 2020 жылғы 27 маусымға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Бүкіләлемдік балық аулау кәсібі күні

1984 жылдың шілде айынан бастап Балық аулауды бақылау және дамыту жөніндегі халықаралық конференцияның шешімі бойынша жыл сайын атап өтіледі.

Ұсақ, шағын және орта кәсіпорындар күні

Бұл күнді 2017 жылдың сәуірінде БҰҰ Бас Ассамблеясы ресми түрде бекітті. Ондағы мақсат – ұсақ, шағын және орта кәсіпорындардың кез келген елдің экономикасын дамытуға, сондай-ақ тұрақты даму саласындағы мақсаттарға жетуге қосатын маңызды үлесін атап көрсету.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

2005 жылы Дүниежүзілік кеден ұйымының Кеден ынтымақтастығы кеңесінің 105-ші және 106-шы сессиясында Қазақстан Дүниежүзілік кеден ұйымы Саяси комиссиясының мүшесі болып сайланды.

Дүниежүзілік кеден ұйымы Саяси комиссиясы 1978 жылы құрылған. Оның құрамына Дүниежүзілік кеден ұйымына мүше аса белсенді 17 мемлекет аймақтық негізде екіжылдық мерзімге сайланады. Бұл ұйым бүкіләлемдік кеден жүйесінің қызметі мен даму мәселелерін қарастырады: халықаралық конвенцияларды жаңарту және енгізу, кеден ісі саласындағы басқа да құқықтық амалдарды әзірлейді.

2006 жылы Алматыда Қазақстан мен Ресей Президенттерінің бастамасымен құрылған Еуразия даму банкі өз жұмысын бастады.
2011 жылы Қазақстан Республикасының Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етуіне арналған номиналдық құны 1000 теңгелік ескерткіш банкнота шықты.

2011 жылы Елордадағы Президенттік мәдениет орталығының көрмелер залында Ислам тарихы, өнері және мәдениеті зерттеу орталығының ұйымдастыруымен каллиграфия шеберлерінің көрмесі ашылды. Көрмеге қойылған 30-дан астам каллиграфиялық жұмыстың арасында түріктің белгілі каллиграфистері – Ахмед Қарахисари, Махмуд Джалалуддин, Мехмед Әзиз, Мехмед Назиф, т.б. Осман империясы тұсында жазған жазбалары бар. оларда Құран сүрелері, хадистер көрініс тапқан.

2012 жылы Нью-Йоркте БҰҰ Бас хатшысының экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ша Цзункан Қазақстан Республикасының делегациясына «For the Second Best Experience on E-Participation Worldwide» жазуы қашалған награданы табыс етті.

«Е-қатысу» (Е-participation) индексі бойынша бірінші орынды Оңтүстік Корея мен Нидерланд, үшінші орынды АҚШ пен Ұлыбритания алды. Қазақстан мен Сингапур екінші орынды бөлісті. Бұл индекс азаматтардың үкіметпен онлайн-байланысының (блог, әлеуметтік желілер, интернет-конференциялар арқылы) мүмкіндіктерін саралау арқылы анықталады.

2013 жылы Алматы облысында Қытайдан келген екі оралман ҚР Президентінің туған күні құрметіне елдегі ең үлкен киізден басылған кілем-сырмақ тоқыды.

2013 жылы Қарғалы аудандық ауруханасының хирургы Әлия Қанкелдінің аты «Үздік адамдар» энциклопедиясының «Тұлғалар» айдарына жазылды. «Үздік адамдар» халықаралық энциклопедиясы Қазақстан, Беларусь, Ресей, Украина елдерінің еңбегі сіңген, құрметті тұлғалары, өз кәсібінің табысқа жеткен шеберлері туралы жазады.

2015 жылы Бейжіңде «Цзиньтай» музейінде «Абай оқулары» өтті және ұлы ақын, ойшыл Абайдың 170 жылдығына орай «Белгісіз Қазақстан» фотокөрмесі ашылды.

2016 жылы ультрамарафон-адам Дин Карназес Қазақстан Республикасы мен АҚШ арасындағы достық қарым-қатынастың 25 жылдығына орай Жібек жолының бойымен 525 шақырым жүгіріп өтті. Дин Карназес ұзақ қашықтыққа жүгіретін әлемдегі ең танымал спортшылардың қатарында.

2016 жылы Елордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебі (халықаралық бакалавриат) Халықаралық мектептер кеңесінің (CIS) аккредиттеу жөніндегі куәлігіне ие болды.

2018 жылы Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі Жібек жолындағы бейнелеу өнерлері музейлерінің Халықаралық альянсына кірді. Альянс «Бір белдеу, бір жол» елдері арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтудың маңызды тұғыры болды.

Альянс Қытай астанасында құрылды. Оның ашылу рәсіміне 18 елдің музейлерінің қызметкерлері қатысты.

2018 жылы Қазақстанда жолбарыстар санын арттыруға арналған Іле-Балқаш резерваты ресми түрде құрылды. Резерват 415 мың гектар ауданды алып жатыр. Ол Қазақстанның алтыншы қорығы болды.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай