Ауа райы
Астана -23 °С
Алматы -10 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

28 қазан. Туған күн иелері

2020 жылдың 28 қазан 2020 08:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, 28 қазан күні айтулы тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР




127 жыл бұрын (1893-1920) ақын, ағартушы Сұлтанмахмұт ТОРАЙҒЫРОВ дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданында туған. 3 жасында шешесі қайтыс болып, 6 жасына дейін әжесінің тәрбиесінде болған. Кейін әкесі екі ұлымен Баянауылға көшіп, Торайғыр кентіне таяу жерге қоныстанған. Алғаш әкесінен ескіше хат танып, 13 жасынан Мұқан, Әбдірахман, Тортай деген молдалардан дәріс алды. Өлеңге үйір, шығыстық сюжеттер негізінде жырлар туындатқан Мұқан молда тәлімінің Торайғыровтың ақын ретінде қалыптасуына игі әсері болғанымен, 1908 жылы баянауылдық Әбдірахман молданың қаталдығы, өлең шығарғаны үшін жас қаламгерді жазалауы оның дін мен молдалар жайлы теріс көзқарасының қалыптасуына негіз болған. 1911 жылы жаңаша оқыған Нұралы ұстазының көмегімен қазақ, татар тілдеріндегі әдеби кітаптармен, газет-журналдармен танысады. 1912 жылы Троицкідегі Ахун Рахманқұли медресесіне түседі, бірақ мұнда бір жылдай оқыған ол өкпе ауруының зардабынан оқудан шығып қалады. Торайғыров енді медреседе оқуды қойып, орысша оқу іздейді, қала маңындағы елде жаз бойы бала оқытады. Осы кезден ақыңдыққа ден қойып, «Оқып жүрген жастарға», «Тәліптерге» («Шәкірттерге»), «Ендігі беталыс», «Оқудағы мақсат не?», «Анау-мынау», «Мағынасыз мешіт», «Жарлау», «Досыма хат», «Шығамын тірі болсам адам болып», «Түсімде», «Жазғы қайғы», «Қымыз», «Кешегі түс пен бүгінгі іс», т.б. өлеңдерін, «Зарландым» атты ұзақ очеркін жазды. Осы тұста «Қамар сұлу» романын жазуды бастады. 1913 жылдың күзінде Троицкіге қайтқан Торайғыров «Айқап» журналына жауапты хатшы болып жұмысқа орналасып, «Өлең һәм айтушылар», «Ауырмай есімнен жаңылғаным», «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан», «Қазақ ішіңде оқу, оқыту жолы қалай?», т.б. әңгіме, мақалаларын осы журналда жариялайды. Журналда аз ғана уақыт қызмет еткен ақын 1914 жылы жазда туған елі Баянауылға оралады. Ел ішінде мәдени-ағарту жұмысын жүргізетін «Шоң серіктігі» деген ұйым ашпақ болғанымен, ісі жүзеге аспайды. Осы жылы орысша оқу іздеп Семейге барған Торайғыров діттеген оқуына түсе алмай, біраз дағдарысқа ұшырайды. Осындай көңіл-күй әсерімен «Ләпет бұлты шатырлап», «Алтыаяқ» сияқты өлеңдер жазған. «Ендігі беталыс», «Тұрмысқа», «Бір адамға», «Туған еліме», «Сымбатты сұлуға», «Қыз сүю», «Гүләйім», «Өмірімнің уәдесі», «Жан қалқам», «Гүл», т.б. өлеңдерін, 1915 жылы «Кім жазықты?» атты өлеңмен жазылған романын дүниеге әкелді. Шығыс Қазақстанда жалданып бала оқытқан ол 1916 жылдың күзіне дейін әуелі Қатонқарағайда, кейін Зайсанда болады, орыс тілін үйренеді. 1916-1917 жылдардың қысында Томскіде орысша оқиды. Өмірден көп қағажу көріп қажыған ақын арманына жетіп көңілі көтеріледі. «Шәкірт ойы» өлеңінде «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуды», «Мұздаған елдің жүрегін жылытуды» армандайды. Осы тұста әлем әдебиетінің классикалық үлгілерімен, саяси кітаптармен танысты. 1917 жылғы ақпан айындағы төңкерістен кейін Семейде жаңа құрылған Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің жұмыстарына қатысып, «Алаш ұранын» жариялады. Бірақ ауруы асқынып кеткендіктен оқуды да, жұмысты да тастап, 1918 жылы сәуірде еліне біржола оралады. Онда Колчак үстемдігінен кейін қайта жанданған совдеп жұмысына араласып, ел шаруаларының дау-шарларын әділ шешуге қатынасты. Осы тұста саяси-философиялық әдебиеттерді көп оқып, «Шал мен қызға», «А, дүние», «Жас жүрек», «Сарыарқаның жаңбыры», «Адасқан өмір», «Кедей», «Айтыс», т.б. өлеңдерін жазды. Көптеген әңгіме, очерктер, әдеби-сын мақалалар жазды, екі роман («Қамар сұлу», «Кім жазықты?»), төрт поэмасын («Таныстыру», «Адасқан өмір», «Кедей», «Айтыс») жариялады.




86 жыл бұрын (1934-2015) жазушы, аудармашы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Герольд БЕЛЬГЕР дүниеге келді.

Ресейдің Саратов облысында туған. Абай атындағы Қазақ педагогика институтын және аспирантурасын бітірген. Шығармаларын неміс, орыс, қазақ тілдерінде жазды. 1958-1960 жылдары - Жамбыл облысы Байқадам кеңшарының орта мектепте мұғалім болды. 1963-1964 жылдары - «Жұлдыз» журналының әдеби қызметкері. 1964 жылдан шығармашылық жұмыспен айналысқан. 1992 жылдан неміс тілінде шығатын «Феникс» альманахы бас редакторының орынбасары болды. «Ауыл шетіндегі үй», «Даладағы шағалалар», «Алты асу», «Тас өткел», «Бауырластықтың жанды бейнесі», «Созвучие», «Уақытпен бетпе-бет», «Мотивы трех струн», «Гете и Абай», «Родство», «Земные избранники» зерттеу еңбектерінің, жекелеген әңгіме, мақалалары енген 25-ке жуық жинақтың авторы. Б.Майлин, Х.Есенжанов, Ә.Нұрпейісов, Ә.Кекілбаев, Д.Досжанов тағы басқа қазақ жазушыларының бірқатар шығармаларын қазақшадан орыс тіліне, А.Раймген, Э.Кончак, Н.Ваккер, тағы басқа неміс ақын, жазушыларының жекелеген туындыларын неміс тілінен орысшаға аударды. Қазақстан Жазушылар одағының Б.Майлин атындағы сыйлығының иегері, Президенттің бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығының иегері, Қазақстан ПЕН-клуб сыйлығының иегері. «Парасат» орденімен марапатталған.




63 жыл бұрын (1957) қазақ эстрада әншісі (сопрано), педагог, профессор, Қазақ КСР халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қырғызстан мен Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі Роза Қуанышқызы РЫМБАЕВА дүниеге келді.

Бұрынғы Семей облысында туған. Т.Жүргенов атындағы Алматы театр-көркемөнер институтын бітірген, мамандығы - музыкалық комедия актері. 1976 жылдан - «Гүлдер» республикалық эстрадалық-жастар ансамблінің мүшесі. 1979 жылдан осы кезге дейін - Қазақ мемлекеттік «Қазақконцерт» концерт бірлестігінің әншісі. «Парасат» орденімен маратталған. «Эстрада жұлдызы» аталымында «Жыл адамы» (2000) атанған. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының, «Өмірді әнмен өрнектеп» телевизиялық конкурсының, Бүкілодақтық жас орындаушылар конкурсының лауреаты. «Алтын Орфей», «Сопот-77», «Алтын микрофон» фестивальдарының Гран-при иегері.




55 жыл бұрын (1965) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Азия және Африка департаментінің директоры Ержан Серікұлы МҰҚАШ дүниеге келді.

Бұрынғы Талдықорған (қазіргі Алматы) облысында дүниеге келген. 1992 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін қазақ тілі мен әдебиеті, араб тілі мамандығы бойынша тәмамдаған. 2005 жылы Қазақстан Республикасы Дипломатиялық академиясы құрылымдық бөлімшелер басшылары мен елшілер үшін біліктілігін арттыру курсын бітірген.

Еңбек жолы: 1992-1993 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігі консулдық басқарма референті, 1993-1995 жылдары Египеттегі ҚР Елшілігінің атташесі (консулы), 1996-1999 жылдары ҚР СІМ бөлім бастығының м.а., үшінші, екінші хатшысы болған. 1999-2003 жылдары Түркиядағы ҚР Елшілігінің екінші, бірінші хатшысы (консул бөлімінің меңгерушісі), 2004-2005 жылдары ҚР СІМ Орталық Азия, Тая Шығыс және Африка басқармасының бастығы, 2005-2007 жылдары Әзербайжандағы ҚР Елшілігінің кеңесшісі, 2007-2009 жылдары Ливиядағы ҚР істері уәкілетті өкілі, 2009-2011 жылдары ҚР Президент Әкімшілігі Сыртқы саясат орталығының сектор меңгерушісі, 2011-2014 жылдары ҚР СІМ Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ және Түркия департаментінің директоры болған. 2014-2019 жылдары – Оман Сұлтандығындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі.

Қазіргі қызметінде - 2019 жылдың маусымынан.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай