Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

28 мамыр. ҚазАқпарат күнтізбесі

2020 жылдың 28 мамыр 2020 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 2020 жылғы 28 мамырға арналған күнтізбені ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық әйелдер денсаулығы үшін іс-әрекет күні

1987 жылдан бері жыл сайын тойланады. Мақсаты - әлем елдерінің үкіметтеріне кез келген ұлттың болашағы үшін әйел денсаулығының маңызы зор екенін еске салу.

Әзербайжанда Республика күні

Ұлттық мереке 1918 жылы Әзербайжан Демократиялық Республикасы (ӘДР) тәуелсіз мемлекет деп жариялануына орай бекітілді. ӘДР тәуелсіздігін 1918 жылдың 28 мамырында Закавказье мұсылмандарының ұлттық уақытша кеңесі жариялады. Сол күні Тбилисидегі Кавказ губернаторының бұрынғы сарайының залында Тәуелсіздік туралы Декларацияға қол қойылды. Әзербайжандағы Республика күні 1992 жылы бекітілді.

Арменияда Республика күні

Мереке 1918 жылы Закавказье Республикасының ыдырауынан кейін Армения Республикасының жариялануына байланысты бекітілді. Арменияның барлық аумағында демалыс күні. Аталған күннің екінші атауы - Егемендікті қалпына келтіру күні. 1918 жылдың 28 мамырында алты ғасырдан астам уақыт бойы шетелдік басқыншылардың қол астында болған Арменияның тәуелсіздігі қалпына келтірілді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1993 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ордабасы ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорығын құру туралы» Қаулысы шықты.

1998 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен LG Electronics бірлестігінің басшысы Джон Ку салтанатты жағдайда «LG Electronics Almaty Kazakhstan» зауытын ашты.

2005 жылы Алматыда Жеңістің 60 жылдығына орай «Рақымжан Қошқарбаев. Рейхстагқа шабуыл» деректі фильмінің таныстырылымы болды. Режиссері - Әділ Медетбаев. 40 минуттық фильм Халықаралық мәдени құндылықтарды сақтайтын және қолдау көрсететін қордың көмегімен «Amanat studio» студиясында түсірілген.

2009 жылы Румынияның Ясы уезіндегі Струнга коммунасының Братулешть ауылында 1944 жылы Екінші дүниежүзілік соғыста қаза болған қазақстандық жауынгер Шернияз Аяғановқа арналған ескерткіштің ашылу рәсімі өтті. Қатардағы жауынгер Шернияз Аяғанов Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында дүниеге келген, соғысқа Семей облысының Аягөз әскери комиссариатынан шақырылған. Мотоатқыштар батальонының 56-шы бригадасының 23-ші танк корпусының құрамында болды. Бұл шара Қазақстан Республикасының дипломатиялық миссиясы мен Румынияның батырларды еске алу ұлттық агенттігінің және «Ромпетрол» серіктестік тобының бірлескен көмегімен ұйымдастырылды.

2017 жылы ҚХР-да шығатын «Іле» газетінде Жарқын Нұрәбілдәұлының мақаласы жарияланды. Мақалада ұшақ сатып алып, оны соғыс жылдарында қазақтарға көмектесуге жіберген белгілі қазақ байы Басбайдың құрметіне ашылған мұражай кешені туралы айтылған.

2018 жылы Зеренді ауданындағы (Уәли хан кесенесінің солтүстік-батыс бөлігінен 10 км қашықтықта орналасқан) егістік алқабынан араб жазулары бар екі ескерткіш гранит тастары табылды. Қазбалар XVIII ғасырдың басы мен ХІХ ғасырдың аяғына тиесілі болуы ықтимал. Сондай-ақ, құлпытастардың бірі - қажыныкі, екіншісі - Абылай хан нөкерлерінің бірінің құлпытасы болуы мүмкін деген жорамал бар.

2018 жылы вьетнамдық Хошимин қаласында өткен таэквондодан Азия чемпионатында Дүйсебай Смайыл 87 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алды. Қазақстандық спортшының бұл жеңісі 2006 жылдан бері Қазақстан қоржынына түскен Азия чемпионаттарындағы бірінші алтын болды.

2019 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданы аумағына орын тепкен көне Қышқала шаһарында зерттеушілер жаңа деректерге қол жеткізді. Бұл қала Алпамыс батырдың жары - Гүлбаршын өмір сүрген Баршынкент болуы әбден мүмкін. Археологтардың айтуынша, аталмыш қалашықты зерттеу Сыр бойындағы орта ғасырлық қалаларды зерттеу мен тарихын анықтауда өз септігін тигізетін болады. Қышқаланың шын атауы әлі күнге дейін белгісіз. Ел арасында оны Баршынкент дейтін болжамдар айтылады.

2019 жылы Алғаш рет Қазақстанда «Болжам. Қорғаныс. Алдын алу (Predict, Protect, Prevent)» тақырыбында ҚР Қорғаныс министрлігі Біріккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығымен бірлесе ұйымдастырылған бітімгершілік технологиялардағы серіктестік бойынша БҰҰ-ның бесінші симпозиумы өтті.

Іс-шара БҰҰ-ның бітімгершілік қызметін одан әрі жетілдіру аясында өзекті мәселелерді қарастыру үшін тиімді алаң болды. Бұл тұрғыда Қазақстан Республикасы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету аясында анағұрлым қауіпсіз және тиімді қызметке ықпал ететін технологиялық тетіктер мен тың жаңалықтар бойынша бірқатар ұсыныстар енгізді.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай