Ауа райы
Астана 10 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

29 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі

2020 жылдың 29 қыркүйек 2020 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2020 жылғы 29 қыркүйекке арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік жүрек күні

Жыл сайын атап өтілетін мереке, алғаш рет 1999 жылы Дүниежүзілік жүрек федерациясының бастамасымен ұйымдастырылды. Бұл акцияны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, ЮНЕСКО және басқа да маңызды ұйымдар қолдаған. Бастапқыда қыркүйектің соңғы жексенбісінде өткізілсе, 2011 жылдан бері тіркелген күні - 29 қыркүйек болды. Жаңа датаны енгізудің мақсаты - қоғамда әлемдегі жүрек-қантамыр ауруларының эпидемиясына байланысты туындаған қауіптіліктің бар екенін ұғындыру. Дүниежүзілік жүрек күні «Өмірге арналған жүрек» ұранымен өткізілуде.

Халықаралық Азық-түлік ысыраптары мен тағам қалдықтары туралы ақпарат тарату күні

Жыл сайын атап өтілетін мереке. БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының бастамасымен бекітілген, БҰҰ халықаралық күндері жүйесіне кіреді. БҰҰ Бас Ассамблеясының 2019 жылғы желтоқсан айындағы қарарында жарияланып, алғаш рет 2020 жылы атап өтіледі.

Бұл күннің басты міндеті – азық-түлік ысыраптары мен тағам қалдықтарын қысқарту үшін бүкіл әлемдегі адамдар, ұйымдар және үкіметтерді біріктіру.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы Алматы қаласында Дүниежүзі қазақтары құрылтайының алғашқы салтанатты мәжілісі өтті. Құрылтайға алыс және жақын шет мемлекеттерден, соның ішінде Түркия, Алмания, Франция, Норвегия, Моңғолия, Қытай, Аустрия және басқа 33 елдерден 800-ден астам өкіл қатысқан. Құрылтайдың күн тәртібінде Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығын құру, оның жарғысын қабылдау, басшы органдарын сайлау мәселелері талқыланды. Үш күнге жалғасқан құрылтайда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы етіп сайлау туралы ұсыныс бірауыздан қабылданды. Түркиядан Дәлелхан Жаналтай, Қазақстаннан Мырзатай Жолдасбек қатарлы қайраткерлер Төралқа мүшелері ретінде бекітілген.

1994 жылы Польшада су астында бағдарлаудан халықаралық сайыста Қазақстан құрамасы ел тарихында алғаш рет жалпыкомандалық есепте жеңімпаз атанды.

2000 жылы Семейде «Абай күні» атты І Халықаралық поэзия фестивалі өтті. Оған Қазақстан, Ресей, Түркия және Жапониядан танымал жазушылар мен ақындар қатысты.

2009 жылы Алматыда «Сталинизм және Қазақстандағы 1920-1940 жылдардағы репрессия» атты жаңа кітаптың тұсаукесері өтті. Кітап «Зерде» мен Фридрих Эберт (Германия) қорларының бірлескен жобасы аясында жарық көрген. Осы уақытқа дейін жабық мұрағат қорларында сақталып келген тергеу материалдарын негізге ала отырып қазақ байларын, ишан, имам, молдаларды, сондай-ақ ұлттық саяси басқарушы топты жою үдерісі жеке адамдардың қайғылы тағдыры арқылы көрсетілген. Кеңес Одағының құрамындағы қазақ қоғамы өткен ғасырдың 20-30-жылдары өз тарихында бұрын кездестірмеген зұлматты басынан кешіргені белгілі.

2011 жылы Қазақстанның мәдениетінде үлкен маңызға ие қазақ шеберлерінің орындауындағы үш дискілі опералық ариялар жинағы шығарылды.

2011 жылы Алматыдағы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Біріккен Ұлттар Ұйымының «Академиялық ықпал» бағдарламасына қабылданған Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны болды

«Академиялық ықпал» - бұл әлемдік деңгейде мойындалған міндеттерді белсенді қолдауға, адам құқығы, біліктілік, тұрақты даму, бейбітшілікті сақтау және қақтығыстарды шешу, мәдениетаралық далогта әлемнің 90 еліндегі 500-ден астам университетті біріктіретін БҰҰ-ның жаһандық бастамасы.

2015 жылы «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» АҚ өкілдері Германияның Штутгарт қаласында геодезия, геоинформатика және жерді пайдалану саласының Еуропадағы ең ірі «InterGeo-2015» халықаралық көрмесіне қатысты. Қазақстанның көрме стенді «KazEOSat-1» и «KazEOSat-2» ғарыш аппараттарын ұсынды. Оны мыңдаған адам көрді. Қазақстандық мамандары 30-дан астам елдің 50-ден астам ұйымының өкілдерімен келіссөздер жүргізді.

2016 жылы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында қазақ кино майталмандарына арналған жұлдыздар аллеясы жаңа есімдермен толықты. Жұлдыздар аллеясына инооператор, кинорежиссер, продюсер, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Тарлан-2001» тәуелсіз сыйлығының лауреаты, КСРО Кинематографистер одағының мүшесі Ораз Рымжанов, кинорежиссер, КСРО Кинематографистер одағының мүшесі Шәріп Бейсембаев, кинорежиссер, Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері Қанымбек Қасымбеков, актер, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО Кинематографистер одағының мүшесі Сағи Әшімовтің есімдері қосылды.


2017 жылы Румынияның Констанца қаласында Қазақстанның құрметті консулдығы ашылды. Консулдық Румынияның алты - Констанца, Яломица, Кэлэраши, Джурджу, Телеорман және Тулча өңірлерін қамтиды.

2018 жылы БҰҰ штаб-пәтерінде Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу тәртіп кодексіне қол қою рәсімі өтті. Аталған құжаттың пысықталуы 2015 жылдың қыркүйек айында БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясы шеңберінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көтерген бастама аясында жүзеге асырылды.

Кодекс алғаш рет қауіпсіздіктің, терроризммен күресудің және дамудың өзара тәуелділігін мойындайды және осылайша Тұрақты даму мақсаттарын алға ілгерілетуге ықпал етеді.

2018 жылы Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту бас жоспарының тұғырнамасы мақұлданды.

2018 жылы Ереван мемлекеттік университетінің жанындағы Қазақ тілі, тарихы және мәдениеті орталығының кітапханасына қазақ тіліндегі сирек кездесетін басылымдардың бірқатары сыйға тартылды.



Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай