Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

3,6 мың жамбылдық маман «Дипломмен ауылға» барған

2020 жылдың 27 мамыр 2020 14:57

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында жамбылдық 3,6 мың жас жұмыспен қамтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Өңір әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде жас мамандарды жұмысқа орналастыру мәселелері жан-жақты сараланды.

Өткен жылдан бастап облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы аталған бағдарламаның үйлестірушісі болып табылады. Басқарма басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, 2010 - 2019 жылдар аралығында 3603 жамбылдық бағдарлама қатысушысы атанған. Олар жалпы сомасы 564,4 млн теңгенің көтерме жәрдемақысын алды. Оның ішінде 1814 маманға 5,2 млрд теңгеге жеңілдетілген несие берілді. Мамандардың басым бөлігі білім беру саласында жұмысқа орналасқан, олардың саны – 1027, денсаулық сақтауда – 347, ауыл шаруашылығында – 119, мәдениетте – 51, спортта – 40, әлеуметтік қамсыздандыру саласында – 6 маман жұмыспен қамтылған.

Сондай-ақ, ағымдағы жылы 101 маманға 27,7 млн теңге мөлшерінде көтерме жәрдемақы, 10 маманға 38,4 млн теңгеге тұрғын үй несиесі берілген. Жалпы биыл «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын іске асыру үшін 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп отыр.

Бердібек Сапарбаев аудан әкімдіктеріне жоғары оқу орындарымен тығыз байланыста жұмыс жасауды және өңірдегі мамандар жағдайына талдау жасауды тапсырды.

«Жергілікті жерде талдау жасап, қай салаға, қандай мамандар қажет екенін анықтаңыздар. Жыл сайын сұраныстағы мамандықтар бойынша университеттерді қанша студент бітіретінін бақылап отыру керек. Биылғы оқу жылы да аяқталып қалды, ал аудан әкімдерінде ондай мәліметтер жоқ. Бәрін аз уақытта орындау керек, созылып жүретін уақыт жоқ. Мен әрдайым барлық салаға жас мамандардың қажет екенін айтып жүремін. Алдағы уақытта олардың бастамашыл қасиеттері көптеген мәселелерді шешуге ықпал ететін болады. «Дипломмен – ауылға« бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, оларды тиісті қажеттіліктермен қамтамасыз ете аламыз», - деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, ол аудан әкімдеріне жас мамандармен кездесулер өткізіп, олардың мәселелері мен өтініштерін тыңдап, оны шешу үшін жастармен бірлесе жұмыс жасауды тапсырды.

«Біз тек жұмыспен қамту мәселесін ғана қарастырмауымыз керек. Егер жастарды ауылда ұстап қалғымыз келсе, олар үшін мәдени демалыстар ұйымдастырып, спорттық ғимараттармен қамтуға тиіспіз», - деді Бердібек Сапарбаев.


Жоғары қарай