Ауа райы
Астана 26 °С
Алматы 30 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

3 баланы өрттен құтқарған полицей: Ондай кезде ойланатын уақыт болмайды

2020 жылдың 23 маусым 2020 15:33

РИДДЕР. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында жалын шарпыған жер үйден қаршадай 3 бала шыға алмай қалған. Тағдырдың жазуынан болса керек, дәл осы кезде сол маңайда жүрген полиция қызметкері Иван Назаров лезде көмекке ұмтылады. Сын сағатта батыл қимылдаған тәртіп сақшысы бүлдіршіндерді көрпеге орап, сыртқа шығарған. Осылайша, ұстараның ұшында қалған 3 балғын анасымен қайта қауышты. ҚазАқпарат тілшісі Қазақстан полициясы күніне орай бейбіт күннің батыры Иван Назаровпен сұхбаттасқан болатын.

- Әңгімеміздің әлқиссасын осы салаға қалай келгеніңізден бастасақ.

- Мен 1984 жылы Глубокое ауданында дүние есігін аштым. Бала күнімнен полиция қызметкері болуды армандайтынмын. 2003 жылы мектеп қабырғасынан түлеп ұшқаннан кейін әскери борышымды Шымкент қаласында өтедім. Содан бері осы салада тер төгіп келемін десе де болады. 2012 жылы «Заңгер» мамандығы бойынша жоғарғы оқу орнын сырттай бітірдім. Қазір Риддер қалалық полиция бөлімінде жедел уәкіл болып қызмет етудемін. Әскери шенім – капитан.

- Төтенше жағдай кезінде, яғни 20 сәуір күні үш баланы өрттен құтқарып қалдыңыз. Сол оқиғаның егжей-тегжейін баяндап берсеңіз.

- Сол күні кезекшілікте болып, көшелерді патрульдеп жүрген едім. Таңғы сағат 05.00 шамасында Интернациональный көшесіндегі жер үйлердің бірінде от шыққанын байқап қалып, бірден сонда аттандым. Келсем шаруашылық қора-жайда тұтанған қызыл жалын үйге жайылып кетіпті. Сыртта әйел адам тұр. Есеңгіреген ол не болғанын да түсіндіре алмады. Бір уақытта «Үйде балалар қалып қойды» деді. Ести сала кідірместен жүгіре жөнелдім. Өртенген үйдің іші түтінге толып, көру мүмкіндігі нашарлап кеткен. Әйтеуір төргі бөлмеге жетсем қаршадай 3 бала отыр екен. Оның екеуін көрпеге орап көтеріп алдым да жасы үлкендеу көрінген үшіншісіне «Соңымнан еріп отыр» дедім. Сөйтіп, төртеуміз аман-есен сыртқа шықтық. Бәрі қас-қағым сәтте болды. Бүлдіршіндерді қызметтік көлігіме отырғызып, қайта келсем, үйге кіру мүмкін емес. Лаулаған тілсіз жау одан сайын күшейе түскен.

- Сонда сәл кешіксеңіз балаларды құтқара алмай қалар ма едіңіз?

- Иә. Бәлкім бірнеше минутқа кешіксек бәрі кеш болар ма еді... Шынымды айтсам, өрттің қаншалықты қауіпті екенін осы кезде көрдім. Менің орнымда болған кез келген адам осылай істер еді деп ойлаймын. Сәлден соң оқиға орнына өрт сөндірушілер келіп жетті.

- Осы ерлігіңіз үшін сізге қандай да бір марапат берілді ме?

- Өскемен қаласына шақырылып, Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің басшысы Сағат Мәдиевтің қолынан мадақтама қағазын алдым. Сонымен қатар Қазақстан полициясы күніне орай ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтан «Ерлігі үшін» медалі берілді. Алайда мен сол бір сын сағатта көзге түсіп, марапат алу үшін емес, балалардың өмірі үшін әрекет еттім. Ондай кезде ойланатын уақыт болмайды екен. Қандай да бір қиындыққа тап болған адамдарға көмектесу ол полиция қызметкерінің борышы.

- Сіздің ойыңызша, құқық қорғау органы қызметкерінің бойында қандай қасиеттер болуы керек?

- Бірінші кезекте батылдық қажет. Өзіне сенімді болып, қандай жағдай болмасын ақыл таразысына салып, дұрыс шешім қабылдай алғаны жөн. Тұрғындардың сұрақтарына жіті жауап беру үшін заңды бүге-шүгесіне дейін білу міндет. Халықтың бізге артқан сенімін түсініп, мойнымызға жүктелген жауапкершілікті сезініп жемқорлық деген бәледен аулақ болу керек. Міне сонда ғана шенді абыроймен таға аламыз. Әр тәртіп сақшысы елінің нағыз патриоты болып, халықтың қамы үшін тер төгуі қажет деп есептеймін.

- Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз.

- Әйелім екеуіміз 3 бала тәрбиелеп отырмыз. Екі қызым мен бір ұлым бар. Кенже ұлым биыл 2-ге толады. Күндіз-түні жұмыста болғандықтан отбасымды сирек көретінім рас. Әрине, сағынасың. Зайыбым қызметіме түсіністікпен қарайды. Үйге келгенде ылғи дастархан жайып, жылы шыраймен қарсы алады. Құдайға шүкір, мамандық таңдағанда да, жар таңдағанда да қателеспеппін.

- Коронавирус пандемиясына байланысты өңірімізде карантин жарияланғаны белгілі. Қазіргі уақытта қалай жұмыс істеп жатырсыздар?

- Жұқпалы дерттің жайылуына жол бермес үшін тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Той-томалақ, мерекелік шаралар өткізуге әлі ерте. Себебі адам көп жиналатын жерлерде вирус одан сайын өрши түсуі мүмкін. Маска киіп, жеке бас гигиена шараларын қатаң сақтау керек. Бұл әрқайсымызға қатысты. Өзіміздің, отбасымыздың денсаулығына жауапты екенімізді сезінейік.


Жоғары қарай