Ауа райы
Астана 2 °С
Алматы 14 °С
валюта бағамы
USD 445.84
EUR 490.47
RUB 5.73
CNY 62.87

3 қараша. Туған күн иелері

2019 жылдың 3 қараша 2019 08:08

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат 3 қарашаға арналған «Туған күн иелері» күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР




184 жыл бұрын (1835-1865) қазақтың тұңғыш ғалымы, ағартушы, тарихшы, этнограф, саяхатшы әрі дипломат Шоқан (Мұхамедханафия) Шыңғысұлы УӘЛИХАНОВ дүниеге келген (туған күні нақты белгісіз, көбінесе «қараша айы» деп қана жазылады).

Ол Қостанай облысы, қазіргі Әулиекөл ауданындағы, Құсмұрын бекетінде Абылайханның немересі Шыңғыстың отбасында дүниеге келді. Төрт жасында хат танып, Құсмұрындағы әкесі салған мектепте ортағасырлық қыпшақ-шағатай тілін меңгереді, парсыша, арабша тіл сындырады. Оған тәрбие беруде сұлтан әулетінен шыққан әжесі Айғанымның ықпалы күшті болды. Ол жас Шоқанға ежелгі қазақ аңыздарын, аңыз-әңгімелерін, мақал-мәтелдері мен даналық сөздерін жиі айтып отыратын. Шоқан 12 жасына дейін Құсмұрындағы мектепте оқып, мұсылман діні ілімімен танысты. Шоқан ауылдық бастауыш мектепте оқып жүріп-ақ араб, парсы, шағатай тілдерінің негізін үйреніп алды.

1847 жылы 12 жасар Шоқанды әкесі сол кездегі ең таңдаулы оқу орны болып есептелген Сібір кадеті корпусына оқуға орналастырады. Шоқанның бүкіл келешегі мен ғылым, өнер жолындағы талантын ашуда бұл оқу орнының маңызы ерекше болды. Мұнда жабық әскери оқу орны болғанымен, көптеген пәндер әскери сабақтарға қоса орыс, батыс әдебиеті, географиясы мен тарихы, философия, физика, математика негіздері, шетел тілдері оқытылып, орыстың озық ойлы интеллигенттерінің өкілдері сабақ берген.

Сібір кадеті корпусында оқудың соңғы жылдарында-ақ, Шоқан саналы, терең ойлы, жан-жақты білімді, өзіндік қөзқарасы қалыптасқан, туған халқының қажет-мұқтаждарын пайымдап, түсіне алатын, оған барынша пайдалы қызмет етуге әзір екендігін танытты. Ол, әсіресе, жазғы демалыс кездерінде ел ішіндегі халық жырлары мен дастандарын жазып алып, аңыз-әңгімелерді жинауға қызықты. Мысалы, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу жыры Шоқанның алғашқы жазған шығармаларының бірі болды. Шоқан жинаған қазақтың ауыз әдебиеті үлгілері нұсқаларын, »Қозы Көрпеш-Баян сұлу« жырын көрнекті шығыс зерттеушісі, Петербург университетінің профессоры И.И.Березин бұл зерттеулерге назар аударып, жазып алған. Шоқанның зерттеушілік қабілетін байқаған ғалым оны өз тарапынан ескі жазу ескерткіштерін зерттеу ісіне тартқан.

Кадет корпусын 1853 жылы он жеті жасында бітірген Шоқан Батыс Сібір генерал губернаторының кеңсесінде қызметке қалдырылады. Бір жылдан кейін Батыс Сібір мен Қазақстанның солтүстік шығыс аудандарын басқаратын генерал губернатор Гасфорттың адьютанты болып тағайындалады. Осы қызметті атқара жүріп, ол Орта Азия халықтарының тарихын, этнографиясы мен жағрафиясын зерттеуге белсене араласады. 1854 жылы кадет корпусындағы ұстазы Костылецкийдің өтініші бойынша көрнекті шығыстанушы, Қазан университетінің профессоры Н.И.Березиннің тапсырмаларын орындайды.

1855 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторымен бірге Семей, Аягөз, Қапал арқылы Алматыға дейін келіп қайтады. Осы сапарында қазақ, қырғыз, ауыз әдебиетінің үлгілерін, тарихы мен этнографиясының материалдарын жинай жүреді. Бұл материалдар негізінде кейін ол «Тәңірі (құдай)», «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» деген еңбектер жазады. Сол сапардан кейін оның әскери лауазымы бір сатыға жоғарылап, поручик шенін алады.

1856 жылы полковник М.М. Хоментовский басқарған әскери-ғылыми Ыстықкөл экспедициясына қатысып, қырғыз елін жете зерттейді. Қырғыздар мен Ұлы жүз қазақтарының тарихы, этнографиясы жайлы мәліметтер жинайды, ауыз әдебиетінің нұсқаларын жазып алады. Әлем ғалымдары арасында тұңғыш рет «Манас» эпосының ең шұрайлы бөлігі «Көкетай ханның ертегісі» жырын жазып алады.

Ш. Уәлиханов 1856 жылы аса көрнекті ғалым, белгілі географ П.С. Семенов-Тян-Шанскиймен танысты. 1857 жылы П.С. Семенов-Тян-Шанскийдің ұсынуымен Ш. Уәлиханов Орыс географиялық қоғамының толық мүшелігіне қабылданды. 1858-1859 жылдары Шоқан атақты Қашғария сапарына барып қайтты.

1860 жылы Санкт-Петербургте ол орденмен марапатталып, әскери шені де жоғарылатылды. Оны орыс патшасы II Александрдің өзі қабылдады. Осы кездесу кезінде Шоқан патшаға орыс шенеуніктерінің қазақ халқына жақсы қарауы жайлы өз өтінішін батыл жеткізді.

Петербургте болған кезінде (1859—1861 жылдары) Шоқан Уәлиханов әр түрлі әскери және ғылыми мекемелерде жұмыс істеді.

Денсаулығының нашарлауына байланысты Отанына оралуға мәжбүр болды. Ол Омбыға барып, даладағы жергілікті баскару ісін қайта ұйымдастыру жөніндегі шараларға қатысты. Оның негізгі ойлары «Қырдағы мұсылманшылық туралы», «Қырғыздардың көші-қоны туралы», «Сот реформасы туралы жазбаларда» баяндалады.

1864 жылы Шоқан генерал Черняевтың Оңтүстік Қазақстанға жасаған әскери экспедициясына қатысады. Бірақ әскери қызметі ұзаққа созылмады, генералдың жергілікті халыққа шектен тыс қатыгездік жасауы салдарынан әскер қатарынан өз еркімен кетті.

Шоқан 1865 жылдың сәуірінде қайтыс болады. Оның сүйегі Алтынемел тауының баурайындағы Көшентоған деген жерге қойылады.




61 жыл бұрын (1958) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері жоғарғы қолбасшылығының өкілі Болат Қаскенұлы СЕМБИНОВ дүниеге келген.

Ол Шымкент (қазіргі Түркістан) облысында туған. Киев жоғары әскери-теңіз саяси училищесін (1980), Мәскеудегі Әскери-саяси академияны (1988) бітірген.

Еңбек жолы: Каспий флотилиясының күзет кемелерінде лауазымды қызметтерде болды (1980-1988); Тынық мұхит флотының күзет кемелері бригадасының әскери-саяси бөлімінің бастығының орынбасары; Алма-Аты жоғары жалпы әскери командалық училищесінің оқытушысы, аға оқытушысы, бастығының көмекшісі (1988-1994); Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің келісім және сыртқы байланыстарды басқару мәселелері жөніндегі бөлімінің бастығы (1994-1996); ҚР Қорғаныс министрлігінің іс басқармасының бастығы – әскери коллегияның хатшысы (1996-1997); Қорғаныс министрінің көмекшісі, министр аппаратының бастығы (1997-2003); ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары болды (2003-2010).

ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен (1998), ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен (2006); «Жауынгерлік еңбектері үшін», «Астана», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне 10 жыл» медальдарымен және басқа мемлекеттік және шетелдік наградалармен наградталды.




49 жыл бұрын (1970) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – бас штаб бастығы Марат Ыбырайұлы ЖАНАЕВ дүниеге келген.

Челябі қаласында туған. А.С. Попов атындағы Жоғары радиоэлектроника әскери-теңіз училищесін (1992); Н.Г. Кузнецов атындағы Әскери-теңіз академиясын бітірген (2011).

Қарулы Күштердегі әскери қызметі және еңбек жолы: А.С. Попов атындағы Жоғары радиоэлектроника әскери-теңіз училищесінің курсанты (1987-1992); ҚР ӘӘК автоматтандырылған басқару жеке батальонының автоматтандырылған басқару узелінің деректер алмасу тобының инженері (1992-1993); ҚР ҚК ӘӘК жеке байланыс полкінің батальонының АБЖ орталығының автоматтандыру тобының бастығы (1993-1998); 10952 ә/б барлау-ақпараттық орталығының автоматты басқару жүйелері бөлімінің инженері (1998-2000); 10952 ә/б барлау-ақпараттық орталығының автоматты басқару жүйелері бөлімінің бастығы (2000-2002); 70822 ә/б барлау-ақпараттық орталығының автоматты басқару жүйелері бөлімінің бастығы (2002-2003); Радиоэлектроника және байланыс жоғары инженерлік институтының арнаулы пәндер кафедрасының оқытушысы (2003-2004); Радиоэлектроника және байланыс жоғары инженерлік институтының арнаулы пәндер кафедрасының аға оқытушысы (2004-2006); «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери-теіңз әскерлері қолбасшылығы басқармасының радиотехника қызметінің ту ұстар маманы (2006-2008); ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері бас қолбасшылығы басқармасының Әскери-теңіз күштерін дамыту бөлімінің аға офицері (2008-2009); ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері бас қолбасшылығы басқармасының бас штабының Әскери-теңіз күштерін дамыту бөлімінің бастығы (04.2009-08.2009); Санкт-Петербург қаласындағы Н.Г. Кузнецов атындағы Әскери-теңіз академиясының тыңдаушысы (2009-2011); ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері Гидрографиялық қамтамасыз ету қызметінің теңізде жүзу қауіпсіздігі инспекциясының бастығы – гидрография қызметі бастығының орынбасары (06.2011-11.2011); ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері бас қолбасшылығы басқармасының бас штабының ту ұстар маманы (2011-2014); ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері бас қолбасшылығы басқармасының бас штабының бастығының орынбасары – жедел бөлімнің бастығы (2014-2017).

Қазіргі лауазымын 2017 жылдың маусымынан бері атқарып келеді.




43 жыл бұрын (1976) Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Жаңбыршыұлы НҰРКЕНОВ дүниеге келген.

С. Сейфуллин атындағы Ақмола аграрлық университетін, есепші-экономист (1999), ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мемлекеттік саясат ұлттық мектебін, әлеуметтік ғылымдар магистрі (2011); Қазтұтыну одағы Қарағанды экономикалық университетін (заң бакалавры 2012) бітірген.

Еңбек жолы: Ақмола қаласындағы «Шамшырақ» ХЖҚ менеджер (1995); Астана қаласының әкімдігі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыстар бөлімінің бас маманы, өндіріс саласы бөлімінің меңгерушісі (2003-2006); ҚР Президентінің Іс басқармасының күрделі құрылыс және техникалық қадағалау, ресми іс-шаралар және сыртқы байланыстар, ведомствоға қарасты ұйымдарды басқару бөлімдерінің меңгерушісі және орынбасары (2006-2010); Астанадағы «Мөлдір су» ЖШС басшысы (2010-2013); Бурабай ауданының әкімі (2013-2014); Ақмола облысы әкімінің өндіріс саласы мәселелері жөніндегі орынбасары (2014-2017); Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы (2017-2019); Астана қаласы әкімінің орынбасары (02.2019-03.2019).

Қазіргі лауазымын атқаруға 2019 жылдың наурызында кірісті.

«Астананың 10 жылдығы», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.

Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай