Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы -11 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

30 қараша. ҚазАқпарат күнтізбесі

2020 жылдың 30 қараша 2020 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2020 жылғы 30 қарашаға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік үй жануарлары күні

Идея 1931 жылы Флоренцияда (Италия) өткен табиғатты қорғау қозғалысын жақтайтындардың Халықаралық конгресінде алғаш рет айтылды. Көптеген экологиялық ұйымдар, табиғатты қорғау қоғамдары хайуанаттарды, соның ішінде үй жануарларын аялауға шақыратын жаппай шара ұйымдастыруға дайын екенін білдірді.

Химиялық қару құрбандарын еске алу күні

Бұрын Химиялық қару құрбандарын еске алу күні 29 сәуірде тойланатын. Өйткені 1997 жылғы сәуірдің 29-ында Химиялық қаруды әзірлеу, өндіру, жинау және қолдануға тыйым салу және оны жою туралы конвенция күшіне енген болатын. Химиялық қаруға тыйым салатын конвенцияға әлемдегі барша ел қосылды деуге болады.

2015 жылы Химиялық қаруға тыйым салу ұйымының кезекті сессиясында 29 сәуірді ХҚТҰ құрылған күн ретінде тойлап, Химиялық қару құрбандарын еске алу күнін 30 қарашаға көшіру туралы шешім қабылданды.

Халықаралық ақпаратты қорғау күні (Копьютерлік қауіпсіздік күні)

Бұл мерекені алғаш рет 1988 жылы Американың Компьютерлік жабдықтар қауымдастығы жариялаған. Бұл жылы құрушысы Морристің атауын алған «вирустың» бірінші жаппай эпидемиясы тіркелген.

Компьютерлік қауіпсіздік күнінің мақсаты - пайдаланушыларға өз компьютерлері мен онда сақтаулы ақпаратты қорғау қажеттілігі туралы еске салу. Міндеті - компьютерлік қауіпсіздік мәселелеріне қатысты ақпаратты тарату.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1970 жылы Екібастұзда (Павлодар облысы) «Богатырь» разрез кешені пайдалануға берілді. Әлемдегі ең ірі деп танылған «Богатырь көмір» компаниясының разрезі энергетикалық шикізаттың сенімді жеткізушісі. Оның көмірімен Қазақстанның - 11, Ресейдің - 6 электр стансасы жұмыс істейді.

1970 жылы «Атаманның ақыры» кинокартинкасы прокатқа шықты. Фильм 1920 жылдары Қазақстанда болған шынайы тарихи оқиға желісімен түсірілген. «Атаманның ақыры» - аты аңызға айналған режиссер Шәкен Аймановтың туындысы. 1972 жылы фильмнің сценарий авторы Андрей Михалков-Кончаловский, Эдуард Тропин және актер Асанәлі Әшімов ҚазКСР мемлекеттік сыйлығына ие болды.

2004 жылы Қостанай облысының Арқа стансасында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Хромтау - Алтынсарин» жаңа темір жол желісі бойынша қозғалыс басталуының салтанатты рәсімі болып өтті.

Бұл жол еліміздің солтүстігінен батысына көлік қатынауы қашықтығын 2 мың шақырымға дейін қысқартып, тасымалданатын жүктердің бағасындағы көліктік қосымшаларды азайтады, астық, мұнай, металл және Ақтау теңіз айлағы арқылы өтетін халықаралық қатынастағы басқа да жүктерді экспорттық тасымалдаудағы жол ұзақтығын шектейді, тиісінше, сол жерден жан-жаққа қиыстырылған көліктік дәлізбен Азияға, Кавказ елдеріне, Шығыс және Орталық Еуропаға жол ашылады.

Жолдың жалпы ұзындығы - 403,9 шақырым. «Хромтау-Алтынсарин» жобасының құны шамамен 30 миллиард теңгеге бағаланған. Бұл соманың 25,5 миллиард теңгесін - республикалық бюджет, ал қалған 4 миллиард теңгеден астамын - «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы салды.

2011 жылы Алматы ресми түрде 2017 жылғы 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада астанасы болып жарияланды.

2012 жылы Қазақстан елордасы – Астана түркі әлемінің мәдени астанасы эстафетасын түріктің Эскишехир қаласына табыстады.

2014 жылы даңқты балуан, 1980 жылғы грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров «Әлемнің үздік балуаны» атағына ие болды. Бұл марапатты әйгілі спортшыға «Бірлескен күрес әлемі» деп аталатын халықаралық күрес федерациясы табыстады.

2014 жылы Astana Opera театрының солисі Салтанат Ахметова П. Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясының Үлкен залында өткен «Үлкен опера» жобасының финалында бірінші орынды жеңіп алды.

2015 жылы Сербия Республикасы Белград қаласында жыл сайынғы «Карич қоры» сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Қазақстан мен Сербия халықтары арасындағы бейбітшілікті, ынтымақтастықты, достықты нығайтуға қосқан үлесі үшін ҚР Президенті жоғары наградаға лайық деп танылды.

2015 жылы Астанада 1992 жылы шығарылған Қазақстанның почта маркаларының көрмесі өтті.

2015 жылы Қазақстан Ұлттық банкі номиналы 20 000 теңгелік банкнотты айналымға шығарды. Жаңа банкнот қазақстандық теңгенің ең қорғалған ақша белгісі, әлемдегі ең қорғалған банкноттардың бірі.

2016 жылы Астанада Қазақстанның арбитраждық палатасы құрылды.

2017 жылы Алматыдағы Фурманов көшесіне жаңа атау берілді. Көше ендігіде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атындағы даңғыл деп аталады.

2017 жылы танымал қазақ әншісі Димаш Құдайбергенге Fashion night gala марапаттау салтанатында «Инновация заманының лидері» сыйлығы берілді.

Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай