Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 405.69
EUR 455.51
RUB 5.72
CNY 57.42

30 мамыр. ҚазАқпарат күнтізбесі

2020 жылдың 30 мамыр 2020 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарға 2020 жылғы 30 мамырға арналған күнтізбені ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1953 жылы «Дудар-ай» операсы алғаш рет Қазақ академиялық опера және балет театрында қойылды. Либреттоны А.Хангелдин, музыкасын Е.Брусиловский жазған, режиссері - Қ.Байсейітов. Орыс қызы Мариям мен қазақ жігіті арасындағы нәзік махаббат сезімі «Дудар-ай» әні арқылы беріледі. Композитор қазақ, орыс ән-күйлерінің ырғақтары мен интонацияларын кеңінен пайдалана отырып, екі халыққа түсінікті, ортақ музыкалық тілді табуға талпыныс жасаған. Лейтмотив ретінде қолданған «Дудар-ай», «О, сен кең дала», «Эх ты доля» әндерінің төңірегінде өрбіген әуез, саздар шығарманың өн бойына көрік береді. Операның премьерасында Думан партиясын Ә.Үмбетбаев, Мария партиясын Э.Епонешникова орындаған.

1995 жылы тараздық хореограф, биші Ғаби Исмаиловтың «Модерн-Балеті» құрылды. Ғ.Исмаиловтың шеберханасында әртүрлі жастағы тәрбиеленушілер - балалар да, ересектер де балет өнеріне үйренеді.

2000 жылы Алматыда Республика сарайында «Дәстүрлер сыйлығы» фестивалі аясында Арал теңізі проблемасына арналған «Тақыр» алғашқы қазақ рок-опера-балетінің премьерасы өтті.

2003 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Санкт-Петербург қаласында қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың ескерткішін ашты. Бұл ескерткіш - Қазақстан халқының Петербургтің 300 жылдығына жасаған сыйы.

2006 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Мұрағатында «Хасен Өзденбаев: азамат, аудармашы, журналист. Естеліктер жинағы» кітабының тұсаукесер рәсімі болып өтті. Белгілі аудармашы, журналист Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Хасен Өзденбаев 1937-1938 жылдардағы сталиндік зобалаңды басынан өткерген. Естеліктер жинағына мұрағатқа қабылданған қолжазба мен қазақтың аяулы ұлдары С.Мәуленовтің, Ғ.Қайырбековтің әр жылдары баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары мен замандас інілері - белгілі абайтанушы ғалым Ж.Ысмағұлов пен С. Әсіпұлының естеліктері енгізілген.

Х.Өзденбаев ұзақ жылдар бойы журналистика саласында қызмет етті. 1938 жылы репрессияға ұшыраған. 1955 жылдан бастап ҚазТАГ (қазіргі «ҚазАқпарат» ХАА) агенттігінде ұзақ жылдар бойы қызмет етті.

2009 жылы Алматыдағы Республика алаңында қымыздың 6000 жылдық тарихына арналған алғашқы «Қымызмұрындық» фестивалі өтті.

2011 жылы жергілікті уақыт бойынша сағат 16:35-те «Байқоңыр» ғарыш айлағына Мәскеуден «KazSat-2» ғарыш аппаратын жеткізген «Руслан» атты АН-124 ұшағы «Юбилейный» аэродромына келіп қонды.

2012 жылы танымал қазақстандық байкер, Гиннестің рекордтар кітабына енген Дмитрий Петрухин ҚР Тұңғыш Президенті мұражайына әлемнің 80 еліне саяхат жасаған мотоциклін сыйға тартты.

2012 жылы әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезі өтті. Оның қорытындысы бойынша, съезге қатысушылардың халықаралық қоғамдастыққа үндеуі қабылданды.

2013 жылы Құрманғазы шығармашылығына арналған халықаралық музыка фестивалінің қатысушылары Гиннес рекордтар кітабының қазақстандық аналогына енгізілді. «Мұнайшы» стадионында өткен концертке Қазақстанның түкпір-түкпірінен және көршілес Ресейден 1008 музыкант қатысты.

2013 жылы Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы Ақсай қаласының тумасы, белгілі ақын және қөлөнер шебері Дәмелі Құсайынқызының есімі халықаралық «Белгілі адамдар» энциклопедиясына енді. Дәмелі Құсайынқызының қолынан шыққан киіз үйлер, ұлттық киімдер және тұрмыстық заттар тек Қазақстанда ғана емес, шетелде өткен көптеген көрмелерде жұртшылық назарына ұсынылды. Ерекше ұлттық нақыштағы киіз үйді қолөнер шебері Қазақстан Республикасының Президентіне арнады.

2015 жылы Түркияның Мерсин қаласында Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды. Құрметті консул болып белгілі түрік кәсіпкері Ахмет Будан тағайындалды.

2017 жылы Бангкокте Халықаралық ауыр атлетика федерациясы Сайлау конгресінің алғашқы күні аяқталды. Қазақстан федерациясының президенті Жанат Түсіпбеков сайлауда жеңіске жетіп, ХААФ вице-президенттерінің бірі болды.

2018 жылы «Димаштың отаны» туристік маршруты басталды. Бұл «Димаш Тур» жобасы аясында жасалды. Оның аясында туристер Қазақстанның үш қаласын - Алматы, Ақтөбе, Астана қалаларын аралайды.

2019 жылы ҚР Парламенті Сенатында Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Құрметті Сенатор» төсбелгісі мен куәлігі табысталды.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасының демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде конституциялық-құқықтық негіздерін қалыптастырудағы, сондай-ақ отандық парламентаризмді орнықтырудағы және дамытудағы сіңірген тарихи еңбегін, Конституцияны, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, қоғамның бірлігін қамтамасыз етуге, елдің стратегиялық даму бағдарын айқындауға қосқан аса зор үлесін мойындай отырып, ҚР Парламенті Сенаты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Құрметті Сенатор» мәртебесін беру туралы шешімді қабылдады.



Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай