Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

300-ге жуық қазақстандық әскери Халықаралық армия ойындарына қатысады

2021 жылдың 16 мамыр 2021 13:44

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Қорғаныс министрінің кеңесшісі, генерал-майор Әділбек Алдабергенов биылғы Халықаралық армия ойындарының қалай өтетінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Халықаралық армия ойындарына қатысу өте маңызды. Біріншіден, бұл әскери ынтымақтастықты нығайтуға және дамытуға көмектеседі. Біздің әскери қызметшілеріміз жарыс алаңында және одан тыс кездеседі, басқа мемлекеттердің әскери қызметшілерімен танысады. Екіншісі – тәжірибе алмасу. Біздің әскерилер жарыстарға қатысып, жауынгерлік даярлық элементтерін үйренеді, өз тәжірибесін жетілдіреді. Үшіншіден, бұл біздің Қарулы күштеріміз бен мемлекетіміздің беделін арттырады. Біздің әскерилер Армия ойындарында әрдайым алдыңғы орындарды алады және бізге құрметпен, тіпті кейбірі қорқынышпен қарайды», - деді Ә. Алдабергенов Қорғаныс министрлігі ұйымдастырған онлайн брифингте.




Биылғы Армия ойындары 22 тамыз бен 4 қыркүйек аралығында 12 мемлекет аумағында өтеді.

«Армия ойындарын онлайн өткізу мүмкін емес. Биыл 34 конкурс бойынша 12 мемлекетте армия ойындарын өткізу жоспарланған. Ресейде 16 конкурс, Қытайда, Иранда, Беларусьте – үш конкурстан, Вьетнамда, Қазақстанда және Өзбекстанда - екі конкурстан, Алжирде, Арменияда, Катарда, Монғолияда және Сербияда – бір конкурстан өтеді», - дейді Әділбек Алдабергенов.

Биыл Армия ойындарына Қазақстан Қарулы Күштерінің 300-ге жуық әскери қызметшісі қатысады.

«Біз 11 байқауға қатысамыз: «Танк биатлоны» – танк экипаждарының сайысы, «Десант взводы» – десантшылар жарысы, «Эльбрус сақинасы» – альпинистер жарысы, «Адал дос» – кинологтар сайысы, «Мәдениет армиясы» – шығармашылық ұжымдар сайысы, «Теңіз кубогы» – кеме экипаждарының жарысы, «Тактикалық атқыш» – жылдам практикалық атыс мамандарының сайысы, «Ат марафоны» – ат бөлімшелерінің жарысы, «Артиллериялық атыс шеберлері» – миномет топтарының сайысы, «Сұңқармен аңшылық» – пилотсыз ұшу аппараттары топтарының сайысы және «Бейбітшілік жауынгері» – кәсіпқой сержанттар сайысы», - деп түсіндірді спикер.

Сондай-ақ, биыл Қазақстан аумағында екі конкурс – «Артиллериялық атыс шеберлері» және «Сұңқармен аңшылық» өтеді.

«Әскери ойындарды ұйымдастыруда эпидемиологиялық талаптар ескеріледі. Әскери қызметшілердің қарым-қатынасы шектеуледі және оқшауланады, тамақтану бөлек ұйымдастырылады. Вакциналау жүргізілді, әзірге оның бірінші кезеңінен біздің командалар 100% өтті. Қазір «Танк биатлоны», «Эльбрус сақинасы» және «Десант взводы» командаларын вакциналаудың екінші кезеңі басталды, вакцинаның екінші дозасы алынды. Қалған командалар шілде айының ортасына дейін вакцинаның екінші компонентін алады», - деді спикер.

Сондай-ақ, Қорғаныс министрі кеңесшісінің айтуынша, командаларды іріктеу қаңтар-наурыз айларында бригадалар мен аймақтық командаларда жүргізілген.

12 сәуірден бастап дайындықтың бірінші кезеңі басталды, 28 маусымға дейін қосымша іріктеу өткізу жоспарланған.

Құрама командалар дайындықты 14 маусымнан 6 тамызға дейін жалғастырады. 6 тамыздан бастап қатысушылар жарыс өтетін жерлерге барады.


Жоғары қарай