Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

32 мыңға жуық қазақстандықтың мүгедектік мерзімі автоматты түрде ұзартылды

2020 жылдың 21 шілде 2020 16:59

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығына сәйкес 31,9 мың азаматтың мүгедектік мерзімі автоматты түрде 3 айға ұзартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, бұрын белгіленген мүгедектік тобы үшін мемлекеттік жәрдемақы төлеу 17 шілдеде жүзеге асырылды.

«9 мыңнан астам қазақстандық eGov.kz порталы арқылы онлайн режимде мүгедектікті рәсімдеді немесе ұзартты. Бұл мүмкіндік автоматты түрде ұзартумен қатар, мемлекеттік мекемелерде адамдардың көп жиналуын болдырмау және коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупін азайту мақсатында мүгедектігі бар адамдарға берілді. СOVID-19 таралуына байланысты шектеу шараларының қолданылуының барлық кезеңі бойы азаматтар мүгедектікті белгілеу және куәландырудан қайта өту үшін электрондық форматта өтініш бере алады», делінген хабарламада.

Өтініш беру үшін eGov.kz порталында авторлану қажет және электрондық цифрлық қолтаңба болуы тиіс.

Порталға кіргеннен кейін жоғарғы оң жақ бұрышында ашылмалы тізім бар батырманы басып, «Электрондық өтініштер» және «Қызметке онлайн тапсырыс беру» дегенді таңдау қажет.

Содан кейін өтініш беруші өзінің жеке кабинетіне кіреді, ол жерде «Құру» түймесін басу керек. Содан кейін жолдарды толтыру керек («өңір», «нақты тұратын мекенжайы», «ұялы телефон» және т.б.). «Алушы» жолында «Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің аумақтық департаменті» тармағын таңдаңыз. Бұдан басқа, құжаттардың фотоға түсірілген немесе сканерленген көшірмелерін қоса беру қажет. Тізімді «Қажетті құжаттар тізімі» сілтемесіне өту арқылы көруге болады.

Соңғы әрекет – ЭЦҚ кілттің көмегімен өтінімге қол қою. Ол үшін «Сертификатты таңдау» батырмасын басу және атауы «RSA...» - дан басталатын файлды таңдау қажет, содан кейін жүйе ашық парольді енгізуді талап етеді.

Өтініш беру нәтижесінде өтінімге жеке кабинетте статус беріледі.

EGov.kz порталы арқылы мүгедектікті белгілеуге өтініш беру мүмкіндігі қазақстандықтар үшін төтенше жағдайды енгізу кезінде алғаш рет пайда болды. Наурыз айынан шілде айына дейін осы тәсілмен 9 699 азаматқа мүгедектік белгіленген.


Жоғары қарай