Ауа райы
Астана 29 °С
Алматы 31 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

4 шілде. ҚазАқпарат күнтізбесі

2020 жылдың 4 шілде 2020 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2020 жылғы 4 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.

4 шілде, СЕНБІ

Халықаралық кооперативтер күні

Жыл сайын шілденің бірінші сенбісінде аталып өтеді. Бұл күн БҰҰ Бас Ассамблеясының 1992 жылғы 16 желтоқсанындағы № 47/90 резолюциясымен бекітілген. Халықаралық кооперативтер күнінің мақсаты - әлемдік қоғамдастықтың назарын кооперативтерге аудару.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1932 жылы бір топ қазақ зиялылары - Ғ.Мүсірепов, М. Ғатаулин, Е. Алтынбеков, М. Дәулетқалиев, Қ. Қуанышев БК (б) П Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Ф. Голощкинге хат (бесеудің хаты) жолдады. Бастапқыда хат И. Сталинге арнап жазылған болатын. «Бесеудің хаты» республикадағы мал шаруашылығының күйрегендігі салдарынан елді алапат ашаршылық жайлағандығын айтып сақтандырған алғашқы дабылдардың бірі болды. Хатта қазақ ауылындағы социалистік қайта құрулар бүкілхалықтық қасіретке айналып, барлық әлеуметтік топтарды - байларды, орта шаруаларды, кедейлерді қамтығаны, күштеп ұжымдастыру мен отырықшыландыру, алым-салық жинаудағы қиянаттар жұрттың жаппай аштық пен індетке, ауа көшуіне әкеліп соққандығы шыншылдықпен баяндалды.

1969 жылы Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында кездейсоқ жағдайда «Ақбақай» алтын кен орны ашылды. Танымал қазақстандық геолог, Мойынқұм тумасы Дүйсенәлиев туған жерінде жүріп, сарышұнақтың інінен сары түсті тасты байқап қалды. Сарапшылардың болжамынша, жамбылдық алтынның жалпы қоры 300-350 тоннаға бағаланған, бұл сан облыстың аз зерттелген аудандары есебінен айтарлықтай өсуі мүмкін.

1992 жылы Алматы эстрада-цирк училищесіне Жүсіпбек Елебековтің есімі берілді. Жүсіпбек Елебеков (1904-1977) – әнші, Қазақстанның халық әртісі. Ж.Елебеков репертуары негізінен халықтың және халық композиторларының әндерінен «Ардақ», «Ағаш аяқ», «Айтбай», «Жамбас сипар», «Жиырма бес», «Қанатталды», «Құлагер», «Сегіз аяқ», «Сұржекей» тұрады.

1996 жылы Қытай Халық Республикасының бұрынғы Төрағасы Цзян Цзэминь тұңғыш ресми сапармен Қазақстанға келіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. Кездесу барысында екі ел арасындағы бірлескен декларацияға қол қойылды.

2000 жылы Атырау қаласында қазақ халқының ұлы күйшісі, композитор, дүлдүл домбырашы, қазақтың аспаптық музыкасының классигі Құрманғазы ескерткіші ашылды. Ол 1823 жылы қазіргі Құрманғазы ауданының Жиделі елді мекенінде дүниеге келіп, 1896 жылы Астрахан облысының Алтынжар ауылында қайтыс болған.

2000 жылы Шығыс Қашағанда мұнайдың орасан мол мұнай қорының ашылу салтанаты болды. Онда әлемдегі ең үлкен баржа құрастырылып, жеті мемлекеттен мамандар тартылған. Шығыс Қашағандағы «қара алтын» қоры 7 миллиард тоннаны құрайды. Осы Каспий табанындағы «қара алтын» елімізге 1 триллион доллардан астам табыс әкеледі. Сарапшылар жаңа кеніштен жылына 100 миллион тонна мұнай өндіруге болатындығын айтты.

2012 жылы Астанада қазақ халқының ұлы күйшісі Құрманғазының ескерткіші ашылды. Ұлы композитор, дәулескер күйші Құрманғазы ескерткіші елордадағы Тұран даңғылының бойындағы «Думан» конақүй кешенінің аумағында орнатылды. Ескерткіштің жалпы биіктігі 10 метрді құрайды: 5,5 м тұғыры және 4,5 м - ескерткіштің биіктігі. Авторы - мүсінші Асан Молдабаев. Күй өнерінің классигі Құрманғазы Сағырбайұлы - қазақ музыка тарихында ерекше орны бар аса ұлы тұлға. Әрі күйші-сазгер, әрі дүлдүл домбырашы. Күйшілік өнерді ерекше сатыға көтерген ол ұлттық аспаптық музыканы әлемдік классикалық туындылармен тайталаса алатын дәрежеге жеткізе білген. XIX ғасырда өмір сүрген ұлы күйші-композитор, Құрманғазының «Сарыарқа», «Балбырауын», «Алатау», «Кішкентай», «Қайран, шешем», «Адай», тағы да басқа көптеген күйлері әлемдік музыка қорына қосылған алтын қазына деуге болады. Қазақ даласының әсемдігін суреттейтін «Сарыарқа» күйі композитор шығармашылығының шыңы болып саналады. Қазіргі уақытта Құрманғазының 60 күйі сақталған.

2015 жылы Алматыда жаппай Абай шыңына көтерілу бойынша альпиниада өтті. Спорттық шара қазақтың ұлы ақыны, философы Абайдың туғанына 170 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Абай шыңы Іле Алатауының Кіші Алматы аңғарында орналасқан. Биіктігі - 4010 метр. Ең алғаш рет Абай шыңын Кеңес Одағының альпинистері 1932 жылы бағындырған. Осыдан 20 жыл бұрын аталған шыңға ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шыққан.

2018 жылы Қазақстанда «7-20-25» бағдарламасын іске асыру басталды. Ұлттық банк бекіткен бағдарлама бойынша ипотекалық қарыздар 7% жылдық мөлшерлемемен 25 жылға беріледі. Келесі шарттарының бірі - алғашқы салым 20% болмақ. Жаңа ипотекалық займдарды ҚР кез-келген азамат ала алады. Ол үшін ең басты шарт - адамның басында жылжымайтын мүлкі болмауы керек. Бағдарлама бойынша Қазақстанның кез-келген өңірінен Алматы, Астана, Атырау қалаларынан ең максималды 25 млн теңгеге, қалған өңірлерде 15 млн теңгеге баспана сатып алуға болады.

2019 жылы қазақстандық Ержан Есімханов Ла-Манш бұғазын Англиядан Францияға дейін жүзіп өтіп, француз жағалауында Қазақстан туын көкке көтерді.Жүзіп өту уақыты – 14 сағат 21 минут, қашықтығы - 34 шақырым. Ержан Есімханов – Ла-Манш бұғазын жалғыз жүзіп өткен алғашқы Қазақстан өкілі. Басым бөлігін түнгі уақытта жүзген.

2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық музейде «Еуразия астаналарының қаламгерлері» I халықаралық форумы өтті. Бұл маңызды шараға 20 мемлекеттен танымал ақын-жазушылар келді. Олардың арасында Испания, Үндістан, Египет, Әзербайжан, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей секілді елдердің қаламгерлері бар. Жазушылар қазіргі әдебиеттің өзекті проблемаларын, зияткерлік ресурстарды пайдалану перспективаларын, халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай